Білім

Алпамыстың құрдастары мектепке барады!..

Режиссер Абдолла Қарсақпаевтың «Алпамыс мектепке барады» атты керемет фильміндегі бар арманы мектепке бару болған кішкентай Алпамыстың бүгінгі құрдастары — алты жасар бүлдіршіндер бүгін мектеп табалдырығын аттады. Кешегі әжесінің етегінен жібермей, той-томалақта тәтті жеп жүрген 260 мыңнан астам қара домалақ қазір мектеп партасында отыр. Ал Ақтөбе облысы бойынша биыл 11500-ден астам бала бірінші сынып оқушысы атанды. Өздері де, тілдері де тәп-тәтті. Қараңыз:

Ақниет Дәулеткерей,

Ақтөбе қаласындағы №? мектебінің 1-сынып оқушысы:

— Мен алтыдамын. А,М,Т,Қ деген әріптерді, басқа да кө-өп әріптерді білемін. 69-ға дейін санай аламын. Менің Жансая деген апам бар, барлық әріптерді маған сол апам мен мамам үйретеді. Әріптерді ең көп үйрететін мамам, таңертең: «Жүр кеттік, үйретем», — деп айта береді. «Ең соңғы әріп Я деген әріп», — деп айтты папам, бірақ әлі оған дейін жете алмай жүрмін. Аяз ата және аяз ата емес туралы тақпақтар білемін. Биыл мен мектепке барамын, маған сабақ беретін апайдың атын білмеймін, бірақ түрін білемін. Өскенде милиция болғым келеді, өйткені ол көшедегі мәшинелердің бә-әрін тоқтатады ғой. Менің мамамды да кейде тоқтатады…

Әлия Рахат,

Қобда ауданы, Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептің 1-сынып оқушысы:

— Маған ақ мама айтты: «Сен енді оқушысың, сабақ оқисың, көп ойнама, тентек болма» деп. Оқушыларға көп ойнауға болмайды. Мектепке барғанда «явще» өтірік айтпау керек. Өтірік айтсаң, құдай көріп қалады, ренжиді. Барлық әріптерді білем. Тамақ ішкеннен кейін күнде 100-ге дейін санаймын, өйткені тамақ ішкеннен кейін бірден су ішуге болмайды.

Менің Бақтияр, Әлихан деген екі інім бар, олар А-ны, басқа да әріптерді де біледі. Еркеназ, Шұғыла, Мирас, Алдияр, Қуандық бәріміз мектепке барамыз. Мен мектепте Қуандықпен бірге отырамын. Маған қаладан ақ мама күшті киімдер әкеліп берді.

Мектепке мың рет барғаннан кейін мектеп бітіремін де, мұғалім боламын, сосын журналист болғым келеді.

Нұрдәулет Хамидоллаев,

Ақтөбе қаласындағы №2 мектептің 1-сынып оқушысы:

— Өзімнің атымды өзім жаза аламын, басқалардың атын жаза алмаймын. Әжем маған Нұр деп айтады. Биыл мен бірінші сыныпқа бардым. Жаңа киімдер алдым. Бір дәптер алдым, кітаптар әлі алған жоқпыз. Мені мектепке күнде әкем алып баратын болады. Мені апарып тастайды да, әрі қарай өзі жұмысқа кетеді. Екі апам бар, олар да мектепте оқиды, бір қарындасым бар, ол әлі нөлде.  Өскесін ол да мектепке барғанда оған әріптер үйрететін боламын. Балабақшада ағылшынша үйрендік, ағылшынша онға дейін санай аламын. Би билеймін. Балабақшада «Қара жорға» деген биді, сосын Аяна екеуміз вальс биледік.

Аружан Жанатқызы,

Ақтөбе қаласындағы №51 мектептің оқушысы:

— Мен әріптердің бүкілін білемін. Балабақшада жүргенде Роза апай бәрін үйретті. 100-ге дейін санауды да білемін. «Алтын күн аспанын» қазақша, орысша, ағылшынша айтуды үйретті бізге. Үйге келгенде мамаға ағылшынша үйретемін. Мама ағылшынша аңдарға «тұр», «отыр» деп айта алмайды, мен үйретемін. Менің Данияр деген інім бар, ол үште, менің тақпақтарымды ол да үйренеді. Достарым Алина, Жанель, Назерке, Дильназ да мектепке барады.

Сағыныш Егенберліқызы:

Әйтеке би ауданы, М.Жұмабаев атындағы орта мектептің 1-сынып оқушысы:

— Мен оқығанды қатты жақсы көремін. Өйткені барлық әріптер таныс маған. Есеп те шығара аламын. Баяғыда ағамнан сұрайтын едім әріптерді, қазір өзім оқи аламын. Әкем үйге көп журналдар әкеледі. Соны бірінші мен қарап шығамын.

Әкем маған: «Көптің көзінше тақылдап көп оқи берме, тек мектепте барғанда ғана солай оқы», — деп айтты. Сондықтан мектепке баруға қатты асығып жүрмін.

Ажар Жұманбетова,

Қандыағаш қаласындағы №2 қазақ орта мектебінің 1-сынып оқушысы:

— Мен оқитын мектеп біздің үйге жап-жақын. Әжем, папам, мамам маған барлық заттарды алып берді. Үлкен ақ бантик, қызыл сөмке бар, дәптерлер көп-ақ.  Әжем маған киім тігіп берем деді. Нөлінші класта Шамшырақ апай бізге бәрін үйретті. Әріптер жаздық, 100-ге дейін санауды үйретті. Сурет те саламын. 1-ші кластан бастап Салтанат апай маған ағылшын тілін үйретеді. Мамам айтты: «Жақсы оқысаң, өскенде ақылды да әдемі қыз боласың, Астанада оқисың», —  деп. Мектепке Арай деген досым екеуміз бірге барамыз.

Сауалнама:

1-сыныпқа  барған кезіңіз есіңізде ме?

Мәрзия Жақсығарина,

ҚР суретшілер Одағының мүшесі, мәдениеттану кандидаты, суретші, экслибрист:

— Әлі есімде, көшенің қақ ортасында құмның үстінде матадан тігіп, қолдан жасап алған қуыршағыммен ойнап отырғанмын. Қасыма бірге ойнап жүрген екі қыз келіп: «Ертең сен мектепке барасың», — деді. Ертеңіне анам үстіме әйәй көйлек кигізіп, мектепке алып барды. Бірінші сыныпта оқып жүргенде екі рет «екілік» алғаным есімде. Біріншісінде кластағы бір ұл менің жыныма тиіп, кітабына сия төгіп тастадым, мұғаліміміз сол үшін маған «екілік» қойып, сабақтан шығарып жіберді. Екіншісінде «Әліппедегі» кейбір сөздерді буынға бөліп оқығанда біртүрлі жаман, айтуға болмайтын боғауыз сөздер шығатын сияқты, соларды «оқымаймын» деп қиғылық салып, тағы «екі» алғаным бар…

 

Нағашыбай Ақатаев,

медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, жалпы хирургияның жоғары дәрежелі дәрігері:

— Біздің үй Ырғыз ауданы Нұра ауылына қарасты қойлы ауылдардың бірінде тұрды. Мен сияқты шопанның балаларының бәрі орталыққа барып оқитын. 1958 жылы жаңа оқу жылы басталарда әкем асай-мүсейімді арқалатып, «Пәленше деген ағаңның үйіне барасың», — деп, жолшыбай кетіп бара жатқан көлікке мінгестіріп, қоя берді. Содан орталықта тұратын Әділбек деген ағамның үйіне түстім. Ол кезде орталықтағы интернатқа тек 5-сыныптан бастап қабылдайды екен. Бірақ Әділбек ағамның үйі де интернаттан кем болған жоқ. Кішкентай қоржын үйдің екі бөлмесінде екі отбасы тұрады. Бір жағында ағамның бес-алты баласы, оның үстіне жан-жақтан келіп қосылған тағы 5-6 бала тұрамыз, екінші бөлмедегі жағдай да дәл осындай еді. 1 қыркүйек күні таңертең топылған баламен қол ұстасып, мектепке бардым. Сағынай Байманов деген ағайымыз болды, сол кісі тізім бойынша барлығымызды түгендеді.

Ол кезде жіптіктей жуас бала болдым деп айта алмаймын. Қауырсын қаламмен қыздарды түйреп-түйреп, жылатып қоятын едік. Сабақты жақсы оқығандықтан шығар, мұғалімдер тентектігімізді ылғи кешіретін…

Амангелді Айталы,

философия ғылымдарының докторы, профессор:

— 1946 жылдың күзінде Ресейдің Астрахань облысы Володар ауданы, Болдырев атындағы бастауыш мектептің бірінші сыныбына бардым. Ұлы Отан соғысынан кейінгі уақыттағы елдің жағдайы нашар, балаларға бастан-аяқ жаңа киім кигізуге жағдай жоқ. Барлығымыздың бір-ақ түйір костюм-шалбарымыз болды. Соның өзіне сия төгіп, бүлдіріп тастайтын едік. Соғысқа байланысты болар, менімен бірге бірінші сыныпқа барған қыздар мен ұлдардың көбі менен 2-3 жас үлкен болды. Кейін сол қыздардың кейбіреуі менің жеңгем болды…

Ол кезде оқулықты мектеп береді, жеткілікті-тұғын. Мен қазақ сыныбында оқығандықтан, кітаптарды Қазақстаннан алдыртып жататын. Оқуға қажетті басқа құралдар жоқтың қасы. Қарындаш, бор сияқты құралдар бірде бар, бірде жоқ. Мектептегі ырым-жырымы шыққан жалғыз картаны мұғаліміміз қамырмен желімдеп қойып, оны мектеп ашық қалғанда ешкі кіріп кетіп жеп қойғаны да есімізде…

Ғалымжан Нұрышев,

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, профессор:

— Ол кезде балабақша, дайындық бөлімі  деген жоқ, екі ағам мектепке кетіп бара жатқанда мен қашан барады екенмін деп қызығып қарап қалушы едім. Көшеде мектепке кетіп бара жатқан балалардың да соңынан қарап, қызығып тұратын едім. Әйтеуір мен мектепке баратын күн де келді-ау. Ағаларым үнемі әріптерді үйретіп, оқуға баулитын-ды. 1964 жылы Атырау облысының Махамбет орта мектебіне 1-сыныпқа барғаным әлі есімде. Мектепке барғанда әріптердің барлығын біліп, судыратып оқитын бала болдым. Бірінші сыныпты бітіргенде мақтау қағазын алдым, ол үйде әлі сақтаулы…

Дания Еспаева,

«БТА Банк» АҚ Ақтөбе филиалының директоры:

— 1968 жылдың күзінде Мәртөк ауданының Жайсаң ауылындағы мектепке бардым. Бірінші сыныпқа барғандағы менің ең қуанғаным — жаңа форма, жаңа фартук, жаңа ақ бантик таққаным. Баламыз ғой, білім аламыз, енді азамат болдық деген ой түсімізге де кіріп шыққан жоқ, жаңа киім кигенімізге ғана мәзбіз бәріміз…  Анам ерте қайтыс болды, мектепке барғанымды көрген жоқ, бірінші сыныпқа мені 68 жастағы әкем ертіп барды, қалған достарымның барлығы мамаларына еріп келді. Әкем күн сайын кешке менімен бірге сабақ оқитын, мектепке барғанда мен «Әліппедегі» барлық әріптерді, математика амалдарын біліп бардым.

Иманбай Жұбаев,

журналист, облыстық «Атырау» газеті бас редакторының бірінші орынбасары:

— Шалқар ауданының Шолақжиде деген ауылында тұрдық. Әкем мені мектепке 7 жастан бастап барады деп алаңсыз жүргенде алты жастағы бірге ойнап жүрген достарымның бәрі мектепке кетіп қалған. 1-қыркүйек күні таңертең ұйқыдан тұрып, әдеттегідей ойынға шықсам, достарымның бір де бірі көрінбейді. Бұлар қайда кетті деп әрі-бері қараймын, ешкім жоқ. Содан үйдің қасындағы мектепке барып, терезеден қарасам, Жұмабек те, басқа достарым да шыттай болып киініп алып отыр…

Содан достарымның бәрі сабақта, ойнайтын адам жоқ, әбден ішім пысты. Бір күні ақ көйлек киіп, дорбасын асынып келе жатқан Жұмабектің алдынан шығып: «Осы мен де мектепке барсам қайтеді?» — дедім. «Онда бізге сабақ беретін Майса Шойғарина апайдың үйіне барып қайтайық», — деді. Кешкілік, мал тарап жатқан уақыт, Майса апайдың үйіне бардық, Жұмабек: «Иманбай мектепке барғысы келеді», — деді. Содан апай сол жерде маған біраз сұрақтар қойып, таяқпен құмға әріптер мен сөздер жазғызды, сөйтіп, мектепке келуге рұқсат берді… Осылайша, бір айдан кейін қазан айының бірінде бірінші сыныпқа бардым.

Гүлбаршын Айдарханова,

облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің директоры:

— Әкем Хромтау ауданындағы Табантал ауылындағы мектепте мұғалім болып жұмыс жасады. Сол мектептің бірінші сыныбына өзі ертіп барды. Мен алдымен екі тілді мектептің қазақ сыныбына бардым. Он күннен кейін орыс тілінен сабақ беретін Полина Михайловна деген ұстазым ертіп алып кетіп, орыс сыныбына қосты. Кешке үйге келіп, әкеме: «Гүлбаршын орыс тілін өте жақсы біледі, өте пысық бала, ол орыс сыныбында оқығаны дұрыс», — дегенде әкем қарсы болған жоқ. Менен үлкендерінің барлығы қазақ класында оқыды, мен ғана орыс сыныбында оқыдым.  Үйдегі тоғыз баланың кішісі болғандықтан шығар, әкем ерке де тентек кенжесіне көп ұрыса бермейтін, «орыс класында оқи беремін» дегеніме қарсы болған жоқ.

P.S. Бүгінде «таудай» болып отырған жоғарыдағы сұхбаттастарымыз да бір кездері мектепке «тарыдай болып кірген» болатын. Бүгін мектеп табалдырығын аттаған 260 мыңнан астам Алпамыстың құрдастарының арасында да талай мықтылар — ғалымдар, профессорлар, докторлар, банкирлер, мұғалімдер, журналистер… бар шығар.

Ендеше, мықтыларымызға білім әлеміне қош келдіңіздер дейік!.

Мейрамгүл Рахатқызы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button