МерекеТарих

Сарғайған беттердегі ұлттық мереке

1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат — «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Ресми мәліметтерде бұл құжаттың Қазақстанның нағыз тәуелсіздігіне апаратын құқықтық бастама болғаны жазылады. «Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, еліміздің еркіндік жолындағы аса маңызды жүйеленген саяси-құқықтық қадамы жасалды. 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Тәуелсіздігіміздің бастауында дәл осы Егемендік туралы декларация тұрғаны анық. 25 қазан еліміздің азаттыққа ұмтылыс жолында тағдыршешті нәтижеге алып келген күн ретінде қадірлі болып тұр. Сондықтан еліміздің Тәуелсіздігі осы күннен бастау алатынына күмән жоқ», — делінген ресми мәліметтерде.

Әлем елдерінің біразы республика күнін ерекше атап өтеді. Сонымен қатар бұл мереке мемлекетімізде 1992 жылдан бастап атаулы күндер қатарына енгізіліп, 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде тойланды. Ал 2009 жылдан бері Республика күні атаулы күндер қатарынан түсіп қалды.

«Мен Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсындым. Оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтердім. Бұл бастама халықтың кең қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Биылдан бастап Республика күні — ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні — халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Сондықтан осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ», — деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қазанда мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде.

Ұлттық мерекеміз қарсаңында облыста әр жылдары Республика күні қалай аталып, тойланғаны, әрі осы күнмен тұспа-тұс ашылған нысандар, жаңалықтар жайында мәліметтер ұсынғанды жөн көрдік. Сол үшін газетіміздің сарғайған тігінділерін ақтардық…

1990 жыл 26 қазан

«Ақтөбе» газетінің алғашқы бетінде «Декларация жобасына үн қосамыз» айдарымен берілген Ы.Алтынсарин атындағы сыйлықтың иегері Бисен Жақановтың «Декларациядан туған ой» атты мақаласы берілген. Мақала: «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация жобасы жөніндегі құжатты оқыдық. Бұл тұңғыш рет іс жүзінде Қазақстанның ешкімнің қабағы мен қасына қарамай, өзін-өзі билеудің нақты көрінісін танытады…» — деп басталады.

**

Газеттің осы санында «Егемендік — елдігіміздің белгісі» тақырыбында Байғанин ауданының бір топ коммунисі атынан мақала жарияланған. Онда: «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация жобасының жариялануын асыға күткен аудан коммунистері оның мән-мазмұнымен жете танысуда. Бұл жөнінде егемендіктің барлық жағы көрініс табуы керек деген көпшіліктің пікіріне толық қосыламыз…» — делінген.

1993 жыл 23 қазан

 Ақтөбе қаласында жаңа акционерлік қоғам — «Сервис-инвестициялық жекешелендіру қоры» құрылды. Бұл — Қазақстан Республикасында мемлекет иелігін алу және жекешелендірудің 1993-1995 жылдардағы (екінші кезең) ұлттық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында атқарылған шара.

1994 жыл 27 қазан

Облыс орталығының мекеме-ұйымдары, жалпы жұртшылық Республика күнін қарсы алуға тыңғылықты әзірленген. Қала әкімшілігінің ұйымдастыруымен  жаңа туған сәбилерді және жас жұбайларды салтанатты тіркеу, әскер қатарына шақырушылардың мерекесі өткен.

**

Мәңгілік алау жанында «Мен — Қазақстан Республикасының азаматымын» тақырыбында митинг ұйымдастырылды. Бұл жерде 16 жасқа толған азаматтарға төлқұжат тапсыру салтанаты болды.

**

Ақтөбенің спортшы қыздары, самбодан Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командасының мүшелері Гүлнара Көшербаева, Райса Байлиева, Айнұр Ысмайлова Югославияда өткен әлем чемпионатында үздік көрсеткіштерге жетіп, қола медальға ие болған.

1995 жыл 25 қазан

«Еңкеймесін егемендік дастаны, Ашық болсын еліміздің аспаны». «Ақтөбе» газетінің Республика күні шыққан санында басылымның алғашқы бетіне осындай өлең жолдары басылыпты. Газеттің осы санына Республика күнін мерекелеудің бес жылдығына байланысты Президенттің, облыс әкімінің Қазақстан азаматтарына, облыс тұрғындарына Үндеуі жарияланған. «Бұл мереке барлық қазақстандықтардың жүрегінен ерекше орын алады. Осыдан бес жыл бұрын біздің халқымыздың тәуелсіздік туралы ғасырларға созылған арманы шындыққа айналды: еліміз өзін жетектегендерден қол үзіп,  прогреске қарай өз жолымен ілгерілей бастады…» — делінген Президент Үндеуінде.

**

Облыстық драма театрда Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған еңбек ұжымдарының, оқу орындарының және жұртшылық өкілдері қатысты.

Театр үйінің фойесінде жергілікті тамақ және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары өндірген өнімдердің көрмесі ұйымдастырылды.

1996 жыл 25 қазан

Газеттің осы күнгі санында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қапаз Еламановтың «Тәуелсіз елдің мерекелік күндері» тақырыбындағы мақалада: «…25 қазан  — Қазақстан Республикасының күні болып Президенттің 1995 жылғы 18 қазанындағы Жарлығымен белгіленді. Бұл Жарлықтың басшылыққа алғаны — тарихы жағынан маңызы үлкен құжат «Қазақ Республикасының «Мемлекеттік егемендігі туралы декларация жөніндегі» Қазақ ССР Жоғарғы Советінің 1990 жылғы 25 қазандағы Қаулысы болды. Осы қаулыда республиканың егемендігі жарияланды, қазіргі шекарасында территориясы бөлінбейтіні және оған қол сұғылмайтыны, республиканың барлық ұлттары Қазақстан халқын құрайтыны, ол егемендіктің иесі ретінде үкімет билігінің негізі болып табылатыны айтылған. Сонымен бірге осы декларация республиканың Конституциясын, тағы басқа да статустық Заң актілерін қабылдауға негіз болды…» — делінген.

1997 жыл 25 қазан

Ақтөбе қаласының бас даңғылына Әбілқайыр ханның аты берілді.

**

Облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Менің республикам» атты тақырыптық кеш ұйымдастырылды. Оған болгар мәдениет орталығынан, еврейлердің «Шалом» мәдени орталығынан және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінен өкілдер қатысты.

**

Ақтөбе гуманитарлық колледжінде «Егеменді елім» тақырыбында факультетаралық «Көңілді тапқырлар» атты студенттер сайысы өтті.

**

Республика күні Ақтөбе қаласындағы Мәңгілік алау жанында Т.Бигелдинов атындағы Ақтөбе жоғары-әскери авиация училищесінің 1-курс курсанттары әскери ант қабылдады.

1998 жыл 27 қазан

«Юность» спорт кешенінде гір көтеруден біріншілік өтті. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер арасында каратэден қалалық біріншілік өтті. Мереке қарсаңында қазақша күрес бойынша палуандар ортаға шықты.

**

Ақтөбе қаласының орталық алаңдарында — «Қоныс» спорт сарайы, Оқушылар сарайы, стадион алаңдарында, оқу орындары мен көркемөнерпаздар үйірмелерінің шағын мерекелік концерттері ұсынылды. Осы аймақтарда сауда ұйымдастырылды.

«Екі езу» күлкі клубы ақтөбеліктерге өнер көрсетті.

**

Облыс әкімінің жүлдесі үшін облыстық, аудандық және қала әкімшілігі аппараты қызметкерлерінің қатысуымен Республика күніне арналған күзгі спартакиада ұйымдастырылды.

1999 жыл 22 қазан

Газеттің осы күнгі санында «Облыс екі мереке аралығында» тақырыбында мақала жарияланған. Бұл мақалада өткен жылғы Республика күнін мерекелегеннен бергі бір жыл ішінде ақтөбеліктер игілігіне берілген бірнеше әлеуметтік-тұрмыстық объектілер, шағын және орта бизнес  саласындағы ірілі-ұсақты кәсіпорындар туралы жазылған. Олар — Ақтөбе қаласындағы «Әлия» жабық базары, «Нұрдәулет» сауда орталығы, «RODEM» корей ұлттық-мәдени орталығы, қалааралық цифрмен жұмыс істейтін автоматты станса, «Ақтурбо» бу шығаратын тазартқыш қазан, сондай-ақ Дөң тау-кен байыту комбинатының «Центральная» шахтасы.

**

Бұл жылы ақтөбеліктер үшін Республика күні Орталық стадион, «Қоныс» спорт сарайы алаңында облыстық халық шығармашылығы үйінің, қалалық мәдениет бөлімі өнерпаздары, т.б. өнер ұжымдарының қатысуымен ұйымдастырылды.

**

Қарғалы өзені үстінен салынған көпір пайдалануға берілді. Салтанатты шараға жергілікті билік өкілдерімен қатар, Қарғалы, Ақжар ауылының тұрғындары қатысты.

2000 жыл  қазан

Облыста Республика күніне арналған іс-шаралардың барлығы «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 10 жыл толуымен байланыстырылды. Соның бірі — Ақтөбе қаласындағы Даңқ обелискісі алаңында жоғары әскери авиация училищесінің курсанттары ант қабылдады.

**

Мәртөк ауданының халқы Республика күнін Елек өзенінің жағасында атап өтті. Мерекелік салтанатта шаруалардың жаз бойы төккен тері мен еткен еңбегі қорытындыланды. Ауданның 95 мың гектар алқабынан 70 мың тонна бидай жиналған.

2001 жыл 28 қазан

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Республика күні қарсаңында ел тәуелсіздігінің он жылдығына  арналған «Ел ертеңі — бүгіннен» атты тақырыптық кеш өткізілді.

**

Әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің Студенттер сарайында шығармашылық кеші өтті.

**

«Ақтөбе» газетінің осы күні шыққан санында «Он жыл өзгерістері» тақырыбымен тәуелсіздік алған он жыл қоғамдық өмірімізде де, экономикада да елеулі өзгерістерге толы болғаны жазылады. «…1990-1991 оқу жылында облыста 511 мектеп болса, соның 255-і қазақ мектебі еді. 147 орыс, 109 аралас мектеп болды. 2001-2002 оқу жылында облыс бойынша 486 мектеп оқушыларға есігін айқара ашса, оның 291-і — қазақ, 58-і-орыс мектебі, аралас мектептер саны осы кезеңде онға азайған… » — делінген мақалада.

**

Шұбарқұдық поселкесінде «Таң шолпан» сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

2002 жыл қазан

Ақтөбе қаласындағы «Меценат» қайырымдылық қоры балаларды тәрбиелеу колониясында қайырымдылық концерт ұйымдастырды.

**

Республика күніне байланысты жастар үшін шоу-концерт және дискотека өткізілуіне орай 25 қазан таңғы сағат 8.00-ден 26 қазанда таңғы сағат 8.00-ге дейін Әбілқайыр хан және Ә.Молдағұлова даңғылдарында орналасқан барлық сауда, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарында, сондай-ақ көшпелі сауда жасайтындарға алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынды.

**

Алға қаласында жыл сайын Республика күнінде селолық округтер арасында көркемөнерпаздар байқауы ұйымдастырылады. Бұл жолы байқау жеңімпазы — Қарағаш селолық округі.

**

Қобда ауданының орталығында «Шұғыла» балабақшасы ашылды.

2003 жыл 23 қазан

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Республика күні қарсаңында Рәміздерге тағзым етіп, құрмет көрсетуге арналған іс-шара өтті.

**

Облыстық драма театрда «Әлия гүлі» халықтық ансамблінің және Металлургтер мәдениет үйінің «Гүлдерайым» би ансамбльдерінің концерті өтті.

**

Облыстық, қалалық және аудандардағы прокуратура қызметкерлері мерекеде бильярд пен үстел теннисінен шеберліктерін сынады.

2004 жыл қазан

«Қазхром» трансұлттық компаниясы» акцонерлік қоғамының филиалы — Ақтөбе ферроқорытпа зауытының рутил-циркон өнімін бөлудің бірегей тәжірибелік-өнеркәсіптік цехы іске қосылды.

**

Республика күніне орай мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада өтті. 23 команда волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ және үстел теннисі ойындарынан өзара бақ сынады.

2005 жыл 27 қазан

Республика күнін облыстық және Ақтөбе қалалық салық комитеттері мен Алға ауданындағы балалар үйінің ұжымы бірлесіп өткізді. Облыстық салық комитеті атынан балалар үйіне бағасы 100 мың теңге тұратын киім-кешек, оқу құралдары табыс етілді.

**

Ақтөбеде картингтен жарыс ұйымдастырылды.

2006 жыл 24 қазан

Ақтөбеде асфальт-бетон және бетонды-ерітінді зауыты пайдалануға берілді. Сағатына 50 тонна асфальт-бетон қоспасын және 35 тонна тауарлы бетон өндіретін зауытты «Асар-Трейд» ЖШС салды.

**

Облыс бойынша 186 ата-ананың қамқорлығынсыз қалған оқушы, студентке «Бөбек» қорының стипендиясы табысталды.

**

Композитор Ахмет Жұбановтың мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Париж қаласында өткен шараға Ақтөбеден делегат қатысты.

**

Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров Ақтөбедегі Әуе Қорғаныс күштері әскери институтының 21 түлегіне диплом тапсыру салтанатына қатысты.

2007 жыл 25 қазан

Ақтөбе қаласына қарасты Қызылжар ауылында қазақ мектебі ашылды.

**

Есет батыр атындағы облыстық әскери-полиция мектеп-интернатына 10 жыл толды.

**

Республика күні «Қазақстан студенттер альянсы» республикалық жастар қозғалысы еліміздің 20 қаласының орталық алаңдарында бір сәтте флэш-моб ұйымдастырды. Бұл күні ақтөбелік студенттер С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы алдындағы ашық алаңға жиналды.

**

Облыстық кітапхана базасында «Отан! Жастар! Болашақ!» атты қалалық жастар форумы өтті.

**

Қобда ауданында ақын, аудармашы, халықаралық «Пен-клубтың», Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист Амантай Өтегеновтің жыр кеші өтті.

2008 жыл қазан

Қазақстан поштасына — 15 жыл. «Қазпошта» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалының бас кеңсесінде мерейтойға байланысты мерекелік шара өтті.

**

Республика күнінде облыстағы 18 ұстазға «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» және Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы мен министрдің Алғыс хаты табысталды.

**

2022 жыл қазан

Ұлттық мереке — Республика күніне арналған «Бір Тудың астында» акциясы Ақтөбе қаласымен қатар облыстың барлық ауданында өтті. Патриоттық мәні жоғары салтанатты шарада бір мезетте 15 мыңнан астам ақтөбелік  мемлекеттік Гимнді шырқады. Шара барысында 25 автокөліктен тұратын автошеру өтті. Әрбір автокөлікте еліміздің көк байрағы желбіреді.

**

25 қазан — Республика күніне орай облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ауласына  жеміс ағаштары отырғызылды.

  Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button