Спорт

Даттар есе қайтарды

Еуропа чемпионаты-2024

Дания-Қазақстан — 3:1

Шекспирдің «Гамлет» трагедиясына ақын Есенғали Раушановтың жасаған еркін аудармасы «Ұшан теңіз ар жағы, Ұлы да таудың бер жағы — Дәнимәрк деген ел екен, Етек-жеңі кең екен. Дәнимәрк патшасы — Гамлет деген төре екен, Ең мықтымен тең екен» деген шумақтармен басталғаны белгілі. Іріктеу турнирінің жетінші кездесуін өткізуге жігіттеріміз сол елге келді.

Расы керек, болжам айтушылардың ешқайсысы да бұл ойында Қазақстан жеңіске жететіндігі жөнінде батыл болжам айта алмаған болатын. Әрі кеткенде, ойында әртүрлі жағдайлар болып қалатындығы туралы, сондай жағдайлар бола қалса, қазақстандықтар абайсызда жеңіп те кетуі мүмкін екендігі жөнінде екіұшты пікірлер айтып жатты, азшылықтың арасында тең есепті нұсқағандар да болды. Қайталап айтайық, Қазақстан үш ұпай иеленетіндігін сеніммен ешкім айта алған жоқ.

Оның үстіне сонау наурыз айында Астанада 2:0 есебімен ұтып жатып қазақстандықтардан 2:3 есебімен жеңіліп қалған даттардың өз алаңында «кек қайтармай» тынбайтындығы хақындағы әңгімелер желдей есті. Солай болды да.

Дегенмен ойын басында Дания футболшылары тарапынан шапшаң басымдылық байқала да қойған жоқ. Тіпті ойынның алғашқы минуттарында-ақ Максим Самородов пен Бақтияр Зайнутдинов қарсыластар қақпасына шүйіліп үлгерді, бірақ нәтижелі соққы жасалып жарытпады. Оның есесіне 8-минутта алаң иелері жасаған соққы біздің қорғаушыларымыздың арасынан зу етіп өте шықты, жүрегімізді де зу еткізгенімен, доп, әйтеуір, қақпа бағанасынан сыртқа сәл қиыс кетті. Ал 15-минутта қарсыластар қақпасына төнген Максим Самородов допты еркіне бағындыра алмады, әншейін ысырап етіп алды. 28-минутта жерлестеріміз үшін оңтайлы сәт туды. Даниялықтар қақпасының дәл қарсы алдынан, айып алаңына сынық сүйем жерден айып соққысы белгіленді. Әдетте мұндай қолайлы тұстан Асхат Тағыберген тепкен доп торда тулап жатушы еді, ал бұл жолы Бақтияр Зайнутдинов тепкен доп тым әуелеп кетті. 31-минутта алаң иелері орындаған бұрыштама сәтінде баспен соққы жасаған дат футболшысына ешкім кедергі бола алмай қалды, қақпашымыз да «адасып» қалды, әйтеуір, қуанышымызға қарай, доп тағы да қақпадан қиыс кетті.

Осылайша «қақпамызға доп та енгізбедік, азды-кемді шабуылдар да жасадық» деп марқайып отырған тоқ көңіліміз кенет су сепкендей басылды. Біздің Александр Марочкин ойын ережесін бұзған соң, 36-минутта алаңның ортасына таман тұстан Эриксон айып добын орындады да, айып алаңына әуелей жеткен допты дат футболшысы Андерсон баспен қабылдап, қасындағы Йонас Виннің алдына тастай салды, шалт қимылдаған Йонас бір соққымен допты қақпамызға сүңгітті де жіберді. Қорғаушыларымыз абдырап қалды, Игорь Шацкий ауа қармай құлады — 1:0.

Осы есеппен соңғы минуттарға да жеттік. Таймға қосылған бір минут барысында (45+1) тым ертерек жайбарақаттана бастаған жерлестеріміздің сәл босаңсыған сәтін пайдалана кеткен даниялықтар және бір гол соқты. Тіпті де күтпеген осы гол сенімімізді кәдімгідей селдіретіп кетті. Біздің айып алаңымыздың оң жақ қапталына екпіндей кірген Хейлунн аяқ астынан Марат Быстровты алдап өтті де, әріпестеріне көлденеңдете пас тастады. Роберт Сков бұл мүмкіндікті тамаша пайдаланып кетті — 2:0.

Жалпы бірінші таймда қарсыластар қақпасына қарай қазақстандықтар бірде-бір тікелей соққы жасай алмағандығын, бір рет те бұрыштама орындамағандығын, тайм уақытының 65 пайызында доп даниялықтардың аяғында жүргенін айтып өтуге болады.

Екінші таймды алаң иелері және бір голмен жалғастырды. 48-минутта даниялық футболшы алаңның өз бөлігінен әуелете тепкен допты қайтаруға біздің Марат Быстровтың шамасы келмей қалды да, оның ту сыртынан атып шыққан Роберт Сков допты іліп әкетіп, Марат Быстровты да, Игорь Щацкийді де бұйым құрлы көрмей және бір голды шегелей соқты — 3:0.

Арада он минуттай уақыт өткенде Қазақстан да жауап гол соқты-ау. Ішкі жақтан Асхат Тағыберген әуелете тастаған пасты Бағдат Қайыров қағып алды да, оң қанатпен ілгері зулай жөнелді. Сол бойы қақпа тұсына жақындай бере допты сол жаққа қарай көлденеңдете тепті. Осы жерден табыла кеткен Ян Вороговский сол аяқпен мүлтіксіз соққы жасады — 3:1.

Осыдан соң екі жақтың да қақпасына гол соғылмады. Әуелі Бағдат Қайыров, сосын Асхат Тағыберген тәп-тәуір соққы жасағандарымен, доп екі ретте де қиыс кетті.

Сөйтіп, бірінші ойында үш ұпай олжаласақ, мына екінші ойында үш ұпайға Дания құрамасы ие болды.

Статистика былай дейді: соққылар — 19:5; қақпаға бағытталған тіке соққылар — 5:1; бұрыштамалар — 5:1; сэйвтер — 0:2; допқа иелік ету — 61%:39%.

Дания-Қазақстан — 3:1

Гол авторлары: Йонас Винн, 36-минут (1:0); Роберт Сков, 45+1 минут (2:0); Роберт Сков, 48-минут (3:0); Ян Вороговский, 58-минут (3:1).

Қазақстан мынадай құрамда ойнады: Игорь Шацкий, қақпашы, Тимур Досмағамбетов (Ян Вороговский, 46-минут), Нұралы Әліп, Александр Марочкин, Марат Быстров, Бағдат Қайыров, Абзал Бейсебеков, капитан (Исламбек Қуат, 62-минут), Бақтияр Зайнутдинов (Аслан Дарабаев, 75-минут), Максим Самородов (Ислам Чесноков, 80-минут), Рамазан Оразов, Абат Айымбетов (Асхат Тағыберген, 46-минут).

Бас бапкер — Магомед Адиев.

14 қазан 2023 жыл. Копенгаген қаласы, «Паркен» стадионы.

*   *   *

Статистиканы бақылап отыратын Whoscored.com және Sofascore.com сайттары бұл ойынға өз бағаларын берді.

Қазақстан құрамасындағы ең үздік футболшы ретінде Ян Вороговский аталды. Гол соққан және голға айналдыруға боларлық пас тастаған, жалпы  екінші таймда құрамамыздың ойынына жан кіргізген қорғаушымызға мынадай бағалар берілді:

Sofascore.com — 7,5 балл, Whoscored.com — 7,3 балл.

Ал қақпашымыз Игорь Шацкий ең аз ұпай жинады: Sofascore.com — 5,9 балл, «Whoscored.com» — 5,5 балл.

*   *   *

Бұл күні «Н» тобында екі рет бірдей есеп қайталанды. Словения Финляндия құрамасын, ал Солтүстік Ирландия Сан-Марино футболшыларын 3:0 есебімен жеңді.

Сонымен, 7-тур ойындарынан соң алғашқы екі орынға 16 ұпаймен Словения мен Дания шықты.

Бір айта кетерлігі, осы іріктеу турнирі басында фавориттер есебінде спорт мамандары Дания мен Финляндия құрамаларын айтыңқырады да, Словения аса назарға алынбаған еді. Міне, сол Словенияңыз әзірге бірінші орынға шығып алды.

Үшінші, төртінші орындарда 12 ұпайдан жинаған Финляндия мен Қазақстан тұр.

Бесінші орындағы Солтүстік Ирландия 6 ұпай жинаса, тек ұтылумен келе жатқан Сан-Маринода еш ұпай жоқ.

*   *   *

Іріктеу турнирінің келесі ойындары 17 қазан күні өтеді.

Бұл күні Қазақстан сырт алаңда Финляндиямен сайысады. Солтүстік Ирландия Словения құрамасын қабылдаса, Сан-Мариноға Дания құрамасы барады.

2024 жылға финалға қазір жеті команда шығып тұр: Испания, Шотландия, Франция, Түркия, Бельгия, Португалия. Ал Германия чемпионат өтетін ел ретінде іріктеу турнирінен тыс қатысады.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button