Спорт

Жанашыр бапкер, қайырымды шәкірт

Өңірде өмірін спортпен байланыстырған және осы саланың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жастар жетерлік. Солардың бірі — Ақтөбе қаласындағы №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Сайым Жүгінісов. Ол туралы жазуымызға ата-аналардың бірінен естіген мына бір жағдай себепші болды. Жаттықтырушыға хабарласып, мән-жайды өзінен сұрадық.

— Жақында Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында бокстан КСРО спорт шебері Еділ Ишекеновті еске алуға арналған 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен республикалық турнир өтті. Сол жарысқа бес бала алып бардым. 42 келі салмақта жұдырықтасқан Ислам Бақытгерей осы жарыста чемпион атанды және «Үздік техника» номинациясын жеңіп алды. Осындай екі жүлдесі үшін Исламға ақшалай сыйлық табысталды. Жарыстан соң жеңімпаз балам қолындағы екі конвертін маған ұсынып: «Ағай, мына 50 мың теңгені спорт залымыздың жөндеу жұмыстарына пайдаланыңызшы», — деп тұр. Мен Исламның бұл ісіне риза болдым. Алайда «алғашқы қомақты жүлдең ғой, ата-анаңа алып бар», —  дедім. Ата-анасы да баланың тауын қайтармай, алуымды өтінді. Осылайша жаттығу залының жөндеу жұмыстарына Ислам да үлес қосып отыр. Бұл жерде жас боксшының мақсаты айқын екені, ақшадан гөрі, өзінің жаны жақын бокс спортына жанашырлығы көрініп тұр, — дейді бапкер Сайым Жүгінісов.

Сондай-ақ ол қазір 50 шақты баланытәрбиелеп жүргенін, бірақ арнайы боксқа даярлайтын зал жоқ екенін, қазір Болашақ ауданындағы бір үйдің жертөлесін келісіп, жалға алғандарын айтты.

— Болашақ ауданында бокс үйірмесінің ашылғанына 3 жыл болды. Өзім қолға алған едім. Биыл жабылып қалып тұр. Себебі бізге Батыс-2 ауданындағы Жекпе жек сарайына барып жаттығуды ұсынды. Алайда Батыс-2 ауданына балалардың қатынауы қиын. Жас боксшылар үш жыл бойы жан-жақтан Болашақ ауданына қатынап жүрді, осы жерге әбден үйреніп қалды. Сондықтан біз Болашақ ауданынан басқа жерге кетпеуді ұйғардық.

Ең бастысы, жалға алған жертөледе жылу мен жарық бар. Соған қуандық. Қазір боксқа қызығып, осы жолды таңдаған балалар уақытша қиындықтарға шыдап, осы жерде жаттығып жүр. Жөндеу жұмыстарын өз күшімізбен жасап жатырмыз. Қандай да бір қолдау болып жатса, құба-құп. Жарыстарға басқа қалаларға барғанда ата-аналар қолдап жатады. Балалардың боксқа деген қызығушылығы, жаңағыдай әрекеттері мені жігерлендіреді. Мені басқа спорт мектептері жұмысқа шақырды. Бірақ, мен үш жыл бұрын қабылдаған осы балаларымды жарты жолдан тастап кеткім келмейді. Бір-бірімізге үйреніп қалдық, балғын боксшылардың аяқ алыстары да жаман емес. Қазір спорт шеберлігіне үміткер 8 бала бар. Олар — Ислам Бақытгерей, Алан Табынбаев, Асылжан Жамбылов, Даниал Аймақов, Бекнұр Темірбай, Жасұлан Баймұратов, Медет Қабылов, Алдияр Дәрібаев. Бұдан басқа да болашағынан зор үміт күттірер шәкірттерім бар, — дейді Сайым Жүгінісов.

Бапкер мен шәкірттері бірін-бірі айтқызбай түсінеді. Ең бастысы, мұнда тәртіп бар. Жертөлені жалға алғанға дейін де балғын боксшылар жауын-шашынға қарамастан, ашық алаңдарда да жаттықты. Бокс десе ішер асын жерге қоятын балалар өздерінің бастамасымен жертөледегі жөндеу жұмыстарына көмектескен. Үйлерінен шағын шелектерін ала барып, керек құмды және кірпішті сырттан тасып беріпті. Осылайша еңбекке баулудың өзі үлкен тәрбие емес пе?!

Одан әрі ол бізге бокс — жай ғана төбелес емес, үлкен өнер екенін әңгімеледі.

— Жұрттың көбі бокс десе, «мұрныңды сындырасың, миың шайқалады» деп жатады. Бірақ бокс — үлкен өнер. Мәселен, боксшыға ең әуелі ақыл керек,  сергек әрі шапшаң ойлау қажет. Сезімталдылық та боксшыға қажет қасиет. Ринг алаңында боскшы қарсыласының қай тұстан шабуылдайтынын сезіп тұрғаны жөн. Есепке жүйрік болғаның да жақсы. Соққының жетпей қалуы, дөп тиюі — бәрі есеп. Мінезі болғанымен, ақылы болмаса, ондай боксшы алаңда көп күшін сарқып қояды. Сондықтан мен боксты үлкен білімді, ақылды қажет ететін өнер деп есептеймін. Боксты мақсаты айқын, табанды адам ғана меңгере алады. Бапкерім Мұқтар Серікбаевтан бокстың әліппесінен бастап, қалай жұдырықтасуды, қай кезде соққы беруді, бокстағы басқа да түрлі тактикалар мен техникалардың бәрін үйрендім.Қазір ол Жылтыр ауылындағы спорт мектебінде балаларды боксқа тәрбиелеп жүр, — дейді бапкер Сайым.

Балаларды спортқа баулып, бокс өнерін үйретіп жүрген бапкер Шалқар ауданы Жылтыр ауылында туып-өскен. Бала кезден ағаларының соңына еріп, спортқа жақын боп өскен Сайым көшедегі төбелестен гөрі ауылдағы жалғыз үйірме — боксқа үйір болыпты.

— Мұқтар ағайдың әрбір сөзі, үйреткен тәлімі әркез жадымда тұрады. Мен де ұстазым секілді шәкірт жүрегіне жол тауып,олардың бокста ғана емес, өмірде де биік белестерді бағындырғанын қалаймын, — дейді өз ісіне берілген Сайым Жүгінісов.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button