Мәдениет

Жыр — ұлт қазынасы

Ақтөбе өңірі — ежелгі жырау, жыршылар мекені. Әріде Асан қайғы, беріде атағы дүйім елге мәлім болған Нұрпейіс Байғанин сынды жыраулардың шығармашылығы соған дәлел. Өлкемізде көне жыршылардың соңғы буыны ХХ ғасырдың 60-жылдарына дейін өмір сүрді.

Жыршылық өнерді қайта жаңғырту мақсатында 2021 жылы Ақтөбеде облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан «Ер Едіге» жыр мектебі ашылған еді. Осы мектептің жетекшісі әрі ұстазы Әділбек Сарин қосымша білім беру ұйымдарында да «Жыршылық өнер» бағдарламасы бойынша үйірмелер, кластар ашып, талапты оқушылар мен жастарды жыршылық өнерге баулуды үлкен ықыласпенқолға алды.

Қазір Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінде — 9, Шығармашылық академиясында — 8, қалалық №3 балалар музыка мектебінде бір шәкірт жыршылық өнердің әліппесін үйреніп жүр. Ал Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжінің «Дәстүрлі ән» класында оқитын 15 студент облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан ашылған осы «Ер Едіге» жыр мектебінен қосымша сабақ алуды жөн көрді.

«Ер Едіге» жыр мектебінің оқу бағдарламасына қазақтың қаһармандық эпостары, ғашықтық қисса-дастандары, тарихи жырлары енген. Шәкірттердің репертуарында халқымыздың сан ұрпағы сүйіне жырлаған, сүйсіне тыңдаған«Ер Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази». «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек», «Нарқыз», «Намыс», т.б. жыр-дастандар бар.

Көпшілік құлағдар болсын деп,бүгінде Әділбек Сариннің шәкірттерінің жеткен жетістіктерін де баяндай өткім келеді. Жас жыршыЖанерке Құттығайдан бастасам: ол2023 жылы Алматы қаласында өткен республикалық XV кіші олимпиада-байқауында 2-орын алды;2023 жылы Ақтөбеде ұйымдастырылған«Қобыланды деген ері бар» атты республикалық жыршылар сайысында «Жас жыршы» номинациясы бойынша үздік деп танылды; 2023 жылы ауыз әдебиетін жинаушы, ақын Мәшһүр Жүсіптің құрметіне Баянауылда өткен республикалық «Көне ғасыр күмбірі» атты жыршылар байқауында арнайы жүлдемен марапатталды; 2022 жылы Ақтөбеде ұйымдастырылған «Толғау да толғау сөздер бар…» атты республикалық термешілер сайысында бас жүлдені жеңіп алды; сондай-ақбиылАлматы қаласында өткен «Жас екпін» республикалық дәстүрлі әншілер мен термешілер байқауында да бас жүлдені иеленді.

«Ер Едіге» жыр мектебінен» сабақ алып жүрген шәкірттің бірі — Сымбат Жомартованың жетістіктері де аз емес:2021 жылы Ақтөбе қаласында жыршы Наурызбек Нұржаубайұлының шығармашылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Жыр жауһары» облыстық термешілер байқауында 2-орынға ие болды; 2022 жылы Ақтан Керейұлының шығармашылығына арналыпХромтау қаласындаөткен «Қалағандарың сөз болса…» атты термешілер сайысында бас жүлдені жеңіп алды. 2023 жылы Ақтөбеде өткен «Қобыланды деген ері бар» атты республикалық байқауда 1-орын алса, сондай-ақ Жезқазған қаласында ұйымдастырылған республикалық XXXI дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалінде дипломант атанды.

«Ер Едіге» жыр мектебінде тәлім алған талантты жастың бірі — СамалМедеубаева. Ол — талантты ғана емес, талабы да зор, өте ізденімпаз шәкірт. Бұл сөзімізге оның жетістіктері нақты дәлел бола алады: 2021 жылы «Ер Едіге» атты облыстық жыршылар байқауында бас жүлде алды;сонымен қатар осы жылы Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған «Ер Едіге» республикалық байқауында 3-орынды иеленді; 2022 жылы Ақтөбеде өткен «Жан серігім — домбыра» атты республикалық сайыста да 3-орын алды.2023 жылы Ақтөбеде ұйымдастырылған«Қобыланды деген ері бар» атты республикалық жыршылар сайысында 3-орын иегері атанды. Сондай-ақ ол — 2023 жылы өткеноблыстық жыршылар байқауының бас жүлде иегері. 2023 жылы облыстық колледждер арасындағы кіші олимпиадада — 1-орын, ал былтырӘйтеке би ауданының орталығы —Темірбек Жүргенов ауылындаөткен Балқы Базар атындағы байқауда 2-орын алды. 2022 жылы Шалқар қаласында Әлима Қабылқызының шығармашылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауға да қатысып, бас жүлдені иеленді.

Ділнәз Қуаныш есімді жас жыршының аяқ алысынан да көп үміт күтеміз. Ол Ақтөбе қаласында өткен жыршылар байқауында 2-орынды иеленді.

Бақыт Арыстанғалиева да — болашағынан үлкен үміт күттіретін шәкірттердің бірі. Ол 2021 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Текті сөздің төресі — терме» атты облыстық сайыста III дәрежелі дипломды иеленді. 2021 жылы Ақтөбе қаласында Ақтан Керейұлының шығармашылығына арнап өткізілген «Ақпа жырдың Ақтаны» атты облыстық термешілер байқауында II дәрежелі дипломмен марапатталды, сондай-ақ осы жылы Ақтөбеде ұйымдастырылған «Talanttar Әлемі — 2021 жыл» атты көп жанрлы халықаралық байқау-фестивалінде «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Бақыт 2022 жылы Алматы қаласында өткен XIV республикалық кіші олимпиадада жыршылар номинациясы бойынша II дәрежелі дипломды иеленді. Ал 2022 жылы «Толғау да толғау сөздер бар…» атты облыстық термешілер сайысында 2-орын алды; 2022 жылы Ақтөбе қаласында «Азаттықтың ақ таңы» атауымен Базар жырау шығармашылығына арнап өткізілген аймақтық термешілер байқауында бас жүлдеге ие болды. Ырғызда дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан республикалық «Аймақты әнмен тербетіп…» байқауында «Шебер орындаушы» ретінде марапатталды, Ақтөбеде  өткен «Жан серігім — домбыра» атты сайыста 2-орынды иеленді; ал өткен жылы Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған «Даланың дарабоздары» атты байқауда бас жүлдені жеңіп алды.Ақтан Керейұлының шығармашылығына арналған «Қалағандарың сөз болса…» атты облыстық термешілер байқауында да 2-орынға ие болды.

Міне, облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан ашылған «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірттері2,5 жыл ішінде осындай жетістіктерімен қуантып отыр.

Сонымен бірге жыр мектебінің шәкірттері Ақтөбеде апта сайын жыр сағаттарын өткізіп тұруды дәстүрге айналдырды.Қаладағы «Сарқыт» мейрамханасында(басшысы — Күлшат Қабылбекқызы) әр аптаның сенбі күні сағат түскі екі мен алтының(14.00-18.00) аралығында тұрақты түрде«Жырау шайы»өтеді. Мейрамханға келгендер шәкірттердің жыр-термелерінтыңдап, риза болып тарасады. Сондай-ақС. Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында да (директоры — Гүлжайнар Қалдина) жексенбі күні, сағат түскі 12 мен екінің (12.00-14.00.)аралығында,оқырмандарға арналып «Жыр сағаты» өтіп тұрады.Жыршылық өнерді насихаттау, міне, осындай шаралар арқылы да жүргізіліп келеді.

Ақтөбе өңірінде ғұмыр кешіп, бірақ түрлі себептерге байланысты есімдері елеусіз қалған әнші, күйші, жыршылардың шығармашылығы жайлы, туған өлкемізге қатысты күйлердің, әндердің тарихына қатысты деректер жиыстырылып, мақалалардың, зерттеулердің жазылуы — осы бағыттағы істердің бір бөлігі. Бұл тұрғыда халық шығармашылығы орталығының маманы Бөрібай Кәртен біраз зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде мақалалары мерзімді басылымдарда, ғылыми журналдарда жарық көрді. Сондай-ақ ол өнер, музыка мектептерінде ұстаздық еткен көпжылдық тәжірбиесіне сүйене отырып, «Жыршылық өнер» атты бағдарлама жасады. Бұл аудандардағы Мәдениет үйлері жанынан ұйымдастырылған «Терме», «Дәстүрлі ән», «Жыр айту» үйірмелеріне көмекші құрал ретінде таратылды.

Біз өңіріміздің өнер шежіресіне қатысты ізденістердің нәтижесін «Ақтөбе өңірінің өнер тарихындағы ақтаңдақтар» деген атпен кітап етіп шығаруды да жоспарлап отырмыз. Мұнда оқырмандар бүгінге дейін белгісіз болып келген есімдермен және деректермен таныса алады.

«Замана бұлбұлдары» деген атпен бейнетүсірілімдер де қолға алынды. Мұнда аймағымыздағы белгілі әнші-жыршылар, күйшілер және фольклор зерттеушілерімен сұхбат жасалып, өнер тарихынан сөз қозғалады.

Енді алдағы уақытта «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірттері үшін эпостарды жырлап үйренуге көмекші әдістемелік құрал жазу, сонымен бірге өңірімізде өткен ақын-жыршылардың шығармашылық ғұмыры, туған жерге қатысты көне мұра, әуен-саздардың тарихы, нотаға түсірілген үлгілері енгізілген хрестоматия шығару жоспарланған.Бұл арқылы «Ер Едіге» жыр мектебіндегі сабақтарды одан әрі тереңдету, жыршылық өнерді насихаттау аясын кеңейте түсу көзделеді.Шәкірттер мұнда жыршылық өнерді үйреніп қана қоймай, туған өлке топырағында дүниеге келген жыршы-жыраулардың, дәстүрлі әншілердің өмір жолы және шығармашылығымен, сондай-ақ ән-күйлердің тарихымен де танысып, білімін толықтыра түседі.

Біз«Ер Едіге» жыр мектебінің ұстаздары мен шәкірттері халқымыздың дәстүрлі жыршылық өнерін дамытып, насихаттау ісіне зор үлес қосатынына, бұл өнердің ендігі жерде үзілмей, ұмытылмай, халқымызбен бірге жасай беретініне сенеміз.

Гүлнар СЕЙТАЛИНА,

облыстық халық шығармашылығы орталығы

директорының орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button