Мәдениет

Мәдениет үйінің мықтылары

Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 7 Мәдениет үйі бар. Солардың бірі — Саздықалалық Мәдениет үйі. Қала маңындағы елді мекен тұрғындары үшін мұнда түрлі мерекелік шаралар мен концерттер жиі өткізіліп тұрады. Өткен жылы қала бойынша үздік деп танылған мәдениет ошағының бүгінгі тынысы туралы білген едік.

Сонымен…

Он алты жылдан астам тарихы бар Мәдениет үйінің іргетасы 1990 жылы қаланған екі қабатты ғимаратта орналасқан. 2021 жылы мұнда толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көрермен залындағы орындықтар мен сахна жапқыштары да түгел жаңартылды.

Ақтөбеліктер Сазды Мәдениет үйін оның жанынан құрылған түрлі ансамбльдер арқылы жақсы таниды. Мәселен, тыңдармандарын әдемі әндерімен баурап, ұлттық аспаптарды насихаттап жүрген халықтық Ниязбековтер отбасылық ансамблі 2014 жылы осы мәдениет ошағының жанынан құрылған. Мәдениет үйінің директоры Жансәуле Кемерованың айтуынша, өнерімен көпшілікті баурап үлгерген мұндай бірнеше топбар.

«Ақмаржанның» әжелері

Сазды Мәдениет үйінде ауылдың әнші әжелерінен құрылған «Ақмаржан» әжелер ансамблі жұмыс жасайды. 2008 жылы тамылжыған даусымен өз ортасының сәнін кіргізіп жүрген 10 ақжаулықты әже ансамбль құрамына қабылданған.

Бүгінде әжелер ансамбліне мәдениет саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан Қаракөз Сағынова жетекшілік етеді.

— «Ақмаржан» әжелер ансамблі мүшелері — 55-65 жас шамасындағы аналар мен әжелер. Түрлі мамандық иелерінен құрылған топқа биыл екінші жыл қатарынан жетекшілік етіп келемін. Барлығы өнердің шын жанашырлары. Бірде-бір шарадан тыс қалған емес. Мерекелік концерттерден басқа, түрлі қоғамдық жұмыстарға, сенбіліктерге белсене қатысады. Жылына бір-екі рет  қарттар үйіне, «Үміт» балалар үйіне концерт қойып тұрамыз. Әжелердің ауызбіршілігі өте жоғары, — деді ол.

Құрылған кезінен бастап «Ақмаржанның» әжелері облыс, аудан көлеміндегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Мәдениет үйінде олардың арнайы бөлмелері бар екен. Бұл жерде әжелер концертке дайындалып, қолөнерден шеберлік сағатын ұйымдастырып, дәріс береді.

Мәдениет үйінің жанында тоғыз үйірме жұмыс істейді. Соның бірі — «Кестелі өнер». Бұл үйірмеде «Ақмаржанның» әжелері— Ағила Сарқытбаева, Әлия Әлжанова,Базар Қанапина,Нұржауған Дәулетқалиева,Базар Ибрайымова қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарын қалай жасаудың қыр-сырымен бөліседі, — дейді Мәдениет үйінің директоры.

Ансамбльдің алға қойған жоспары көп. Қазіргі таңда репертуарларын жаңартып жатыр.

«Домбыра дастанның» күмбірі

Қазақ халқының рухани дүниесінде күй өнерінің алатын орны ерекше. Ұлтымыздың осы бір асыл мұрасын дәріптеуде Сазды Мәдениет үйі жанынан құрылған «Домбыра дастан» домбырашылар ансамблі үлкен үлес қосып келеді. Қазақтың домбырасын асынған 12 оқушыдан тұратын топ облыстық деңгейдегі мерекелік іс-шараларда өнер көрсетіп жүр. Бұл топтың өзгелерден ерекшелігі — репертуарында тек күй ғана бар.

2017 жылы сахнаға алғаш шыққан домбырашылар ансамблі өткен жылы 5 жылдығын атап өтті.

— «Домбыра дастан» — құрылған кезінен бастап өз тыңдарманын, көрерменін қалыптастырған ансамбль. Республикалық, халықаралық байқауларда да өздерінің кәсіби шеберліктерінің жоғары екендігін дәлелдеп келеді. Бұл тұрғыда әрбір шараның алдында балаларды қанаттандырып, домбыраларының бабын бақылап отыратын ансамблдің көркемдік жетекшісі Самал Мұратқызының еңбегі зор.

Ансамбль құрамындағы қыз-жігіттердің алды мектеп бітіріп, музыкалық колледжге түсті. Олар білімін әрі қарай шыңдап, маман болып өзімізге қайта оралады, — дейді Жансәуле Кемерова.

Қазір «Домбыра дастанның» репертуарында 30-ға жуық күй бар.

«Жас ұланның» жастары

Сазды Мәдениет үйі жанындағы «Жас ұлан» үрлемелі аспаптар оркестрінің құрылу тарихының өзі қызық. Өнерпаздардың басын қосқан Абыл Смаилов —Сазды ауылындағы алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі.Бұған дейін Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтында оркестр жетекшісі болған ол зейнет демалысына шыққан соң туған ауылында талантты оқушыларды жинап, үрлемелі аспаптар оркестрін құрады.

— Оркестр 2016 жылы құрылды. Ол кезде Саздыдағы мектепте 1500-ден астам бала оқитын. Солардың ішінен музыкаға қабілеті бар 10 баланы таңдап алдым. Алғашында қолымызда ешқандай аспап болған жоқ. Кейін қажетті аспатарды әр жақтан жинадым. Екі айлық еңбектің нәтижесінде оркестрдің «үні» шықты.

Бастапқыда мектептегі үзіліс кезінде өнер көрсетіп жүрген шәкірттерім қазір үлкен сахналарды бағындырып жүр, — дейді «Жас ұлан» үрлемелі аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Абыл Смаилов.

Оркестрдің негізгі бағыты әскери болғандықтан, оркестр мүшелері әскери тәртіппен жұмыс істеп, әскери киім үлгісін сақтап келеді. Бірақ репертуарында сан түрлі әуен бар.

— Әскери киім адамға жауапкершілікті сезіндіреді. Сондықтан киім үлгісін әскери стильде жасаттық. Біздің осы уақытқа дейінгі демеушілеріміз — ата-аналар. Осы ретте сол кісілерге алғысымды білдіргім келеді.

«Жас ұланның» құрылғанына — биыл 6 жыл. Топтың алғашқы «қарлығаштары» мектеп бітіріп, Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжіне түсті.Оркестр мүшелерінің арманы — әскери оркестрде музыкант болу және оркестр құрып, үлкен сахнада өнер көрсету. Қазір топтың құрамын жаңартып, шәкірт жинап жатырмын. Бірақ ауқымы кең, маңызы зор кештерде топтың бұрынғы мүшелері өнер көрсетеді, — деді Абыл Смаилов.

Жас өрендердің үрлемелі аспапқа деген құштарлығы күшті. Мерекелік шаралардың басы-қасында жүретін «Жас ұлан» үрлемелі аспаптар оркестрі  әлі талай биікті бағындыратыны сөзсіз.

Нағыз таланттар — халық арасында

Мәдениет үйінің жанында 2018 жылдан бастап жас актерлердің басын қосқан «Театр әлемі» театр студиясы жұмыс істейді. Әзірге «халықтық» атағын ала қоймағанымен, «Театр әлемі» — көрермен күткен үдеден шыға білген ұжым. Бес жыл ішінде жеткен жетістіктері де баршылық. Мамыр айында Қазақстанның халық жазушысы, драматург Тахауи Ахтановтың 100 жылдығына орай өткен «Ахтанов аллеясы» атты балалар мен жасөспірімдер театр фестивалінде «Менің досым — ит» комедиясын ұсынып, «Үздік бейне», «Үздік режиссура», «Үздік декорация» номинациясын иеленді. Ал «Атадан мұра» республикалық байқауында І орынды жеңіп алды.

— «Театр әлемінің» болашағынан үлкен үміт күтеміз. Көркемдік жетекшісі —  Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі Сержан Баймұратов. Жас болса да, балаларға үйретері көп, — дейді Мәдениет үйінің директоры Жансәуле Кемерова.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button