Мәдениет

Гүлдана Алдадосова: Ақтөбеме деген махаббатым ерекше

Қазақстандық сопрано, Astana Opera Халықаралық опера академиясының түлегі Гүлдана Алдадосованы К.Станиславский және В.Немирович-Данченко атындағы Мәскеу академиялық музыкалық театрының сахнасында, сондай-ақ П.Чайковский атындағы концерт залында өнер көрсетуге шақырды. 20-ға жуық халықаралық байқаудың жеңімпазы, келешегінен үлкен үміт күттіретін жас әнші туған жері мен шығармашылығындағы жетістіктері туралы айтып берді.

— Гүлдана, сіз Ақтөбеде туған екенсіз. Алдымен, қай жерде оқыдыңыз, ұстазыңыз кім? Сол туралы айтып берсеңіз.

— Мен Ақтөбе қаласында дүниеге келдім. Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжін академиялық ән айту мамандығы бойынша үздік бітіріп, Қазақ ұлттық өнер университетіне Дина Қабыкееваның сыныбына оқуға түстім. Бакалавриатты тәмамдап, магистратураның бірінші курсында оқып жүргенімде Astana Opera Халықаралық опера академиясы ашылайын деп жатқанын естідім. Сөйтіп, бірнеше емтиханнан сүрінбей өтіп, оқуға қабылдандым. Осы оқу орнында білім алып жүрген кезімде театрдың репертуарлық спектакльдеріне, сондай-ақ біздің академия дайындаған бірқатар премьераларға қатысып, Абай атындағы театр, Венгрия мемлекеттік операсы, Әзірбайжан опера және балет театры, Мариинский театры сахналарында, Петр Чайковский атындағы концерт залында, Ференц Лист атындағы музыкалық академияның концерт залында және басқа да алаңдарда гастрольмен өнер көрсету бақыты бұйырды.

Мен бала кезімде өмірімді музыкамен, өнермен байланыстырамын деп ойлағаным жоқ. Алайда үш жыл бойы қобыз үйірмесіне барып жүрдім. Одан кейін каратэ-до, дзюдо, би, халықтық ән айтумен шұғылданып, өз саламды іздедім. Белгілі бір себептерге байланысты қобызды тастауыма тура келгенде, өз ісінің нағыз білгірі болған ұстаздарым менің қалуымды өтінген еді. Халықтық ән айтумен айналысқанымда да солай болды. Бәлкім, олар ата-анам және өзім көре алмаған қабілетті байқаған болар. Сегізінші сыныпта құрбыларым «вокал үйірмесіне жазыламыз» деп шешкенде, мен де сол үйірмеге жазылуды жөн көрдім. Осылайша Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының түлегі Ангелина Югайдың сыныбына қабылдандым. Ол менің эстрададан гөрі, академиялық ән айтуға икемім бар екенін айтып, музыкалық колледжге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімовтің сыныбына оқуға түсуге кеңес берді.

Бірде отбасымызбен теледидар алдында отырғанымызда көгілдір экраннан астаналық ұжымның орындауындағы симфониялық концертті көрсетіп жатты. Менің сол концертті ұйып тыңдағаным сонша — әкемнен басқа арнаға ауыстырмауын өтіндім. Мен ол кезде әлі оқушы болатынмын. Десе де жүрегімнің түкпірінде классикалық музыканың ғажап үніне деген құштарлығым сол кезде пайда болған секілді.

Халықтық музыкамен айналысу нәтижесінде көп нәрсені үйрендім, осы алған білімім маған академиялық вокалды үйрену кезінде де көмектесті. Ал дзюдо, каратэ-до және би мен үшін физикалық дайындық болды, себебі опера әншісі мықты әрі төзімді болуға тиіс. Соның арқасында сахнадағы қимыл-қозғалысқа да дайын болдым.

Бүгінге дейін жеткен жетістіктерімді сараласам, қазір өнер жолымдағы барлық ұстаздарыма алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ туған жерім — Ақтөбеме деген махаббатым ерекше. Осы орайда барша жерлестеріме сәлем жолдаймын.

— Білім алып жүрген кезде-ақ халықаралық байқаулардың лауреаты атанған екенсіз. Мұндай жетістікке қалай қол жеткіздіңіз?

— Жетістіктің 90 пайызы еңбектің нәтижесі болса, қалған 10 пайызы адамның бойындағы дарынынан деп ойлаймын. Сондай-ақ менің мұндай жетістікке қол жеткізуіме ұстаздарымның берген дәрістері, ақыл-кеңестері де өз ықпалын тигізді. Сол кездегі ұстаздарым — Анатолий Гусев, Жұпар Ғабдуллина, Дина Қабыкеева, Марат Әйтімовтердің мен үшін қашанда орны бөлек. Оларға өте ризамын. Сонымен қатар табысқа жету үшін ізденімпаздық қасиет те керек. Қол қусырып қарап отырмай, өзін-өзі жетілдірудің мүмкіндіктерін іздеу маңызды. Көбірек қарым-қатынас жасап, театрда жұмыс істеп, тәжірибе жинап, шеберлікті шыңдау қажет.

— Өнерде байқауларға қатыспай-ақ танымал болуға бола ма? Қалай ойлайсыз?

— Мен Лучано Паваротти және Анна Нетребко секілді көптеген атақты әншілер туралы өзім қатысқан байқауларда білдім. Десе де байқауларда жеңіске жетіп көрмеген басқа да әлемдік жұлдыздар бар. Бәлкім, олар дегендерінен қайтпай, түрлі қалалар мен елдерде агенттердің, менеджерлер мен театр директорларының алдында тыңдаулардан өткен болар. Сондай-ақ бұл әнші мен музыканттың бағына, тағдырына да байланысты. Осы орайда «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деген қазақ мақалы дәл айтылған.

— Сіз әлеуметтік желіде белсендісіз, мұның өнердегі рөлі қандай?

— Әлеуметтік желі — өзің жайлы айта алатын және аудиторияны өз шығармашылығыңмен таныстыруға болатын тегін платформа. Менің негізгі әлеуметтік желілерде аккаунттарым бар, десе де алдағы уақытта осы мәселеге көбірек көңіл бөлуді жоспарлап отырмын. Мәдениет саласындағы ұйымдар мен өнер қайраткерлері менімен осындай әдіс арқылы байланысқа шыққан жағдайлар тәжірибемде болды. Сондықтан әлеуметтік желілер өнердегі мансапты дамытуға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын.

— Astana Opera академиясында білім алған кезіңізде есте қалған қызықты оқиғаңызды айтып берсеңіз.

— Соншалықты басымнан қызықты оқиға өтті дей алмаймын. Дегенмен бұл оқу орны мені театрға жақындата түсті. Бакалавриатта оқығанымда спектакльдерге келген сайын жүрегімнің соғысы жиілеп, ерекше бір күй кешетінмін. Және театрдың жанынан өткенде әрдайым еңселі ғимаратқа көз тігіп қарап: «Бұл — менің туған театрым, менің үйім, әрбір музыкант секілді менің де киелі орным» дейтінмін. Сондықтан академияға іріктеу жарияланғанда қатты қуанғаным әлі есімде. Бұған дейін біздің солистерімізде академияда оқитын мүмкіндік болған жоқ, тек бірен-сараны ғана шетелде шеберлік сағаттарға қатысып келді. Италияның Озимо және Пезаро секілді қалаларындағы академияларда білім алған Салтанат Ахметова, Медет Чотабаев секілді артистерді қоспағанда, біздің де бағымыз жанды деуге болады. Себебі біз өз Отанымызда білім алдық, халықаралық коучтер мен ұстаздар, керісінше, бізге келді. Әрине, екі жылдың ішінде мен өзіме керектінің бәрін алдым, себебі әрдайым қажетті дүниенің барлығын бойыма сіңіріп алуға және содан өзіме пайда табуға тырысамын. Сонымен қатар академия — Күләш Байсейітова атындағы керемет камералық залдағы, сәулетті үлкен залдағы сахналық өнер көрсетулердің құнды тәжірибесі. Атап айтсам, Джоаккино Россинидің «Севильдік шаштараз» операсындағы Розина, «Алжирдегі италиялық қыз» операсындағы Эльвира, Вольфганг Амадей Моцарттың «Дон Жуан» операсындағы Донна Анна, Доменико Чимарозаның «Жасырын неке» операсындағы Элизетта партияларында дебют жасадым. Осылайша академия маған өзімді көрсетуге зор мүмкіндік берді. Енді, міне, оқудан кейін әншілік шығармашылық мансабым бірте-бірте басталып жатқан тәрізді.

— Көптеген артистерге белгілі бір амплуада жұмыс істеу маңызды. Сіз өз кейіпкерлеріңіздің мінезіне қатысты тоқтам жасадыңыз ба?

— Білесіз бе, мен барлығына ашықпын. Байқап көргенді, тәжірибе жасағанды ұнатамын. Егер орындаудан ләззат алсам, сахнада көріксіз немесе ебедейсіз болып көрінуге, ерсі грим жасатып, шашымды оғаш үлгіде жинауға ұялмаймын. Керісінше, бұл солиске көп нәрсе береді, өсуге, басқа қырынан ашылуға, артистік қабілеттің түрлі жақтарын көрсетуге көмектеседі. Театр режиссерінің көмекшісі Николай Куликов маған опера-буффа кейіпкерлерінің бейнесі жақсы келетінін атап өтті, ал мен қазір опера-сериада драмалық партияны дайындап жатырмын. Маэстро Анатолий Гусевтің пікірінше, менің даусым бельканто жанрына жатады. Үлкен сахналық тәжірибе жинақтай отыра, бейнелерімнің ішінде опера-буффа кейіпкерлері ме, әлде опера-сериа ма, қайсысы жақсы шығатынын шешуге болады. Сондай-ақ спектакльдердің басқа да модернистік түсіндірмелері бар, қазіргі таңда режиссерлерге осылар қатты ұнайды. Негізінде, мен мұндай қойылымдарға да дайынмын, себебі уақытпен қатар жүруіміз керек деп есептеймін. Алайда мұны өзіңе және тұтас өнерге кесірің тиіп кетпейтіндей етіп жасауың керек.

— Жақын арада қай жерде өнер көрсетесіз? Алдағы жоспарларыңыз туралы айта кетсеңіз.

— Келесі театр маусымында, яғни қараша айында мен «Золотая маска» сыйлығының табыстау рәсімінде және Хибла Герзмава байқауы атынан Санкт-Петербордағы концертте өнер көрсетемін. Бұдан бөлек Станиславский және Немирович-Данченко атындағы театрдан Гаэтано Доницеттидің аттас операсында Лючия ди Ламмермур басты партиясында дебют жасауға шақырту алдым. Негізі, Лючия ди Ламмермур — әлемдік опера репертуарындағы ең күрделі партиялардың бірі. Қазір мен осыған ерекше дайындалып жатырмын. Ол әлемдік сахналардың барлығында жиі қойылады, сондықтан бұл мен үшін айтулы оқиға әрі өмірімдегі маңызды сәттердің бірі болмақ. Бұл партияны орындау үшін қалыптасқан вокалдық дағдылар болуы керек. Ұятқа қалмай, өзіңді, бейнеңнің интерпретациясын жақсы жағынан көрсету үшін бұл арада тиянақты дайындалу қажет. Оның үстіне маған әлемдегі ең атақты театр сахналарының бірінде өнер көрсетуге тура келеді, сондықтан бұл — мен үшін өте жауапты қадам.

— Әңгімеңізге рақмет!

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button