Мәдениет

«Халық ағарту комиссариатын ұлттық мәдениетті өркендету штабына айналдырған еді»

Облыста көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына арналған іс-шаралар өтті

ХХ ғасырдың басы халқымыздың тарихында ерекше кезең болғаны белгілі. Ұлттың адамзат өркениеті көшінен кешеуілдеп, тысқары қалып бара жатқанын түсінген көзі ашық, зиялы азаматтар ірі қайраткерлердің айналасына топтасып, ел үшін аянбай тер төкті.

Халқымызды ғылым-білімге ұмтылдыру, сауаттандыру, елдікті біржола орнықтыру, жерді сақтап қалу, мәдениет пен өнерді дамыту, тіл өрісін кеңейту жолында олардың атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Ол еңбектің жемісі, нәтижесітек кешегі аға буын мен бүгінгі біз үшін ғана емес, кейінгі барлық ұрпақтар үшін де сарқылмас қазына болып қала бермек.

ХХ ғасыр басындағы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына биыл 125 жыл толып отыр. 14-15 қыркүйек күндері облысымызда осы мерейтой кең түрде атап өтілді. Бұл шараларға еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келген ғалымдар мен тарихшылар және Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Тел Жаманмұрынов, Телжан Шонанұлының ұрпақтары да қатысты.

Осы шаралар аясындағы «Темірбек Жүргенов және түркі әлемінің рухани бірегейлігі» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда Темірбек Жүргеновтің ұлт болашағы жолында атқарған істері, оның қайраткерлік тұлғасының зерттелуі, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының тағдыры, 1937-нің қасіреті, т.б. тақырыптар бойынша баяндамалар жасалды.

Конференцияда алдымен облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттіліктер тіледі.

Темірбек  Жүргенов есімі — тек қазақ қана емес, иісі түркі жұртына ардақты есім. Ол — аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қаламы қарымды сыншы, көсемсөзші.ТҮРКІСОЙ халықаралық ұйымы Темірбек Жүргеновтің биылғы мерейтойын жоғары деңгейде атап өтуге шешім қабылдаған болатын.

Бүгінгі жиынның мақсаты — Темірбек Жүргенов рухына тағзым ету, тар қыспақта жүріп халқының болашағы үшін құрбан болған тұлғаның өнегелі өмір жолын жұртшылыққа насихаттау, кейінгі жас ұрпаққа үлгі ету, — деді Бұлбұл Ораққызы.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Хангелді Әбжанов архив құжаттары арқылы темір нарком өмірінің соңғы айлары жөнінде баяндады.

Темірбек Жүргеновті 1937 жылы 2 тамызда Алматы қаласында ұстап әкеткен. Осыдан кейінгі ғұмырының соңғы 7 айы темір тордың арғы жағында өтіпті.

Хангелді Әбжановтың:

Ұзын-ырғасы 208 күнге созылған азаптың 152 күні — 1937 жылдың, 56 күні 1938 жылдың «еншісінде» екен. Айыпталушыға бір-ақ сұрақ қойылған: «Антикеңестік ұйымның мүшесі екеніңізді мойындайсыз ба?». Бұл — «халық жауы» деген жаламен ұсталғандардың  барлығына қойылатын сұрақ. Бастапқыда ешкім де оны мойындамайды. Алайда тергеушілердің қысымынан кейін, аз уақытта мойындауға мәжбүр болады. Ал темір нарком десе дегендей, рухы мықты Жүргенов тура 33 күн бойы «жоқ» деген сөзден танбаған. 33 күн бойы оның нендей азап пен қорлыққа төзгені бір өзіне ғана аян, — деген сөздері залдағы жұрттың көзіне жас үйірді.

Сталиннің жендеттеріоның өз басының ғана «жау» екенін мойындатумен тынбаған, өздеріне қажетті нұсқаға «қол жеткізгенге» дейін азаптауды жалғастыра берген. Сонымен, Жүргеновті антикеңестік ұйымға Қожанов тартыпты-мыс, олардың мақсаттары Қазақстанды КСРО құрамынан бөліп алып, Жапонияға қосу болды деген мағынада хаттама толтырған. Бұл ұлтшыл ұйымды Қазақстанда Ұзақбай Құлымбетов, ал Ақтөбеде Шаяхмет Ярмұхаметов басқарған-мыс. Жүргеновтің өзінің бұл ұйымға 10 адамды тартқаны анықталған «көрінеді».

Дегенмен істің қолдан жасалғанын мынадан-ақ білуге болады: біріншіден, темір наркомды тұтқындаған, тергеген НКВД қызметкерлерінің бәрі де Хрущев тұсында жауапқа тартылған. Оның ішінде НКВД комиссары Залин Ұлы Отан соғысы басталмай тұрып атылған. Сондай-ақ тергеу құжаттарында Жүргеновтің қылмысын дәлелдейтін заттай айғақтардың жоқтығы тайға таңба басқандай анық жазылған, — деп атап өтті баяндамашы.

Темір нарком РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы 2,3,9 және 11-тармақтарымен жауапқа тартылып, ісі 1938 жылы 25 ақпанда КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының көшпелі сессиясында 20 минут ішінде қаралып, ату жазасына кесілген. Үкім сол күні орындалыпты… Кейіннен кінәсіз жазаланғаны анықталып, 1957 жылдың 18 сәуірінде ақталды.

Шын мәнінде, нарком Жүргенов тәуелсіздік алғаннан кейін ғана толықтай ақталып, елінің құрметіне ие болды. Есімі оқу орындарына, көшелерге, елді мекендерге берілді. Ескерткіштері бой көтерді. Ендігі бір мақсат — оның музейін ашу. Музейге қажетті жәдігердің бірі — оның төлқұжаты. Бұл құжат та архивте сақтаулы, — деді Хангелді Әбжанов.

Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің докторанты Дина Нұрбаева  да Ұзақбай Құлымбетов пен Темірбек Жүргеновтің 1919-1920 жылдардан бастап тізе қосып, бірге атқарған жұмыстарының ізі архив құжаттарында тұрғанына тоқталды.

Темірбек Жүргенов 1933-1937 жылдары Қазақстанның Халық ағарту комиссары қызметін атқарды. Бұл қызметке оның сол тұстағы Қазақ Өлкелік Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетовтің қалауы бойынша шақыртылғаны белгілі.

Жүргенов Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты жұмысына Санжар Аспандияров, Құдайберген Жұбанов, Ғабит Мүсірепов сынды қайраткерлерді тартты. Жүргеновтің тікелей атсалысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданып, қазақ орта мектептері санының артуына негіз қаланды. Темір нарком Халық ағарту комиссариатын ұлттық мәдениетті өркендету штабына айналдырды, — деп атап өтті Дина Нұрбаева.

Баяндамашы келтірген дерекке сай, 1936 жылғы 20 маусымдағы Қазақ АКСР-інің жаңа Конституциясының жобасын әзірлеу жөніндегі комиссияның құрамы туралы ҚАКСР ОАК-ның қаулысында Ұ.Құлымбетов пен Т.Жүргеновтің де комиссия мүшесі болғаны көрсетілген. Сондай-ақ олар жаңа әліпби түзу, 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі, басқа да көптеген маңызды істердің басы-қасында, ұлт мүддесі жолында бірлесе қызмет еткен.

Конференцияда басқа да ғалымдар, архив қызметкерлері баяндама оқыды, сонымен бірге Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сәби Аңсат, Ұзақбай Құлымбетовтің ұрпағы — Орынша Қарабалина, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, т.б. сөз сөйлеп, естеліктер де айтылды.

Айта кетейік, Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қор Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» романының жазылуына, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында Рахымжан Отарбаевтың «Темір нарком»тарихи драмасының сахналануына, Жүргеновтің қайраткерлік жолы мен үлгі-өнегесін насихаттайтын басқа да бірқатар еңбектердің жарыққа шығуына бастамашы болған.

Жиында Темірбек Жүргеновтің жары Дәмеш Ермеко­ва туралы да айтылды.؅Ол —Ташкенттегі Орта Азия университетінің медицина бөлімін бітірген, сол замандағы қазақтың жоғары білімді, қайраткер қыздарының бірі. Алаштың ардақты азаматы Әлімхан Ермековтің қа­рындасы. Темірбек Жүргенов ұсталғаннан кейін, «халық жауының» әйелі ретінде Дәмеш апай да 8 жылға сотталып, АЛЖИР ла­ге­рінде болған. Босап шыққан соң да, бірден Алматыға орала алмапты. Бурабай шипажайында, Қарағандыда дәрігер-фтизиатор болып еңбек етіп, өкпе ауруларын емдеген. Алматыға Т.Жүргенов ақталғаннан кейін ғана оралып, өмірінің соңына дейін Темірбек есімінің насихатталуына өлшеусіз еңбек сіңірді.

Мерейтойлық шаралар аясында ақтөбелік көрермендерге Темірбек Жүргеновтің ұйымдастыруымен 1936 жылы Мәскеуде Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде өткізілген концерттің қайта жаңғыртылған нұсқасы да ұсынылды. Концерт Қоғамдық келісім ғимаратында өтті. Ал 1936 жылғы концерттің тарихын өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай баяндап отырды.

Қазақстан мәдениет және өнер қайраткерлерінің Үлкен Театрда өткен концертін Сталиннің өзі тамашалап, риза болғанын айтып, соңынан банкет беретін болады. Осы банкет кезінде алты нөмір орындалған екен. Оның бірі — Қамбар Медетовтің «Ақсақ құлан» күйі. «Ақсақ құланның» тарихы, ел жадындағы аңыз бойынша, оның Шыңғыс хан мен Жошы ханға қатысы бары, ал күйшінің Шыңғыс ханның тікелей ұрпағыекені қоса баяндалған. Бұл да Сталинге жаға қоймаса керек, — деді Бекарыстан Мырзабай.

Сонымен, банкет кезінде алдымен Сталин сөз сөйлегеннен кейін Күләш Байсейітова Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Гәкку» әнін орындаған. Бұл жолғы концерт те сол «Гәкку» әнімен ашылды. Оны Гаухар Саламас орындады, рояльда сүйемелдеген — Олжас Мұхтаров.

Айта кетейік, концерттің жаңғыртылған нұсқасы Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры мен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония артистерінің күшімен әзірленген. Концерт «Гәкку» әнімен басталып, «Ақсақ құлан» күйімен аяқталды.

Концерт барысында қазақтың халық биі «Айжан қызды» Әсем Айдосқызы орындады. Ал 1936 жылы бұл биді әйгілі Шара Жиенқұловаорындаған.Мәскеудегі концертте Сәкен Сейфуллин өзінің «Қызыл ат» поэмасынан үзінді оқыған екен. Бұл кеште де жиналғандар поэма үзіндісін тыңдады. Оны оқыған — Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрының артисі Дәурен Нарман.

Сондай-ақ 1936 жылы қазақтың тұңғыш скрипкашыларының бірі Әлім Алмат та өнер көрсетіпті, ал Жүргенов мерейтойына арналған концертте скрипкада Ілияс Сүлейменов ойнады.

Мәскеудегі банкет барысында қазақтардың өнеріне сүйсінген Клим Ворошилов та «Эх, ухнем» деген әнді бастап жіберіпті. Ол дағы ескеріліп, Азат Құттығияның орындауында орыс әні берілді. Ал Қамбар Медетовтің орнында сахнаға Темір Өтебай шығып, «Ақсақ құлан» күйімен залды сүйсіндірді.

Мерейтойлық шаралар барысында, сондай-ақ Ақтөбедегі Бауыржан Момышұлы атындағы №62 және Ұзақбай Құлымбетов атындағы №64 орта мектептерде кездесу кештері өтті. Бұл кездесулерге жан-жақтан келген басқа қонақтармен бірге, Құлымбетовтер әулетінің ұрпағы — Орынша Қарабалина, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова да қатысып, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының өнегесі, мұрасы төңірегінде әңгіме өрбітіп, естеліктер айтты.

Біз ол буынды мақтан тұтумен, ескерткіштерін орнатумен шектелмеуіміз керек, ең алдымен солар секілді ұлтқа аянбай еңбек етуді мақсат тұтуымыз керек. Олардың рухына адалдықтың нағыз үлгісі сол болмақ, — деді Орынша Қарабалина.

Мерейтойлық шаралар, облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өтті.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Әйтеке би

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған ауқымды іс-шара жұма күні Әйтеке би ауданының орталығы — Жүргенов ауылында жалғасты.

Жиналғандар алдыменесімі күллі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің көшбасшысы Темірбек Жүргеновтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Мерейтойға Алматы, Қызылорда қалаларынан арнайы келген Жүргеновтің ұрпақтары мазмұны мен маңызы зор шара ұйымдастырған аудан жұртшылығына алығыстарын білдірді.

Ескерткіш басында сөз алған Бижан Қараұлы игілікті шарада ішкі толқынысын бөлісіп, Темірбектің туған топырағында тебіренді.

Ауданға арнайы келген қонақтарды зор ықыласпен қарсы алған аудан басшысы Дәулетияр Тоғызбаев өз сөзінде ұлы тұлғаны ұлықтау мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

Тағзым ету шарасынан соң қонақтарөңір тарихымен танысу үшін аудандық музейге барды. Музей қызметкері Алпамыс Жалмұханбетов Әйтеке би ауданының руханияты мен мәдениеті, тарихы мен киелі жерлері туралы баяндап берді.

Аудандық кітапханада жазушы, публицист, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» атты кітабының таныстырылымы өтті. Темірбек Жүргеновтің өмірінің беймәлім тұстары баяндалған кітаптың шығуына ұйытқы болған — «Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор» төрағасы Сәби (Сәпен) Әбдіқадырұлы Аңсат.

Шара барысында Жүргеновтің ұрпағы Ғалия апай көкесі туралы біраз ой қозғады.

Әйтеке би ауданында өткен өткен тағылымды шара Т.Жүргенов атындағы мектепте қорытындыланды. Білім ордасының фойесінде Ырғыз ауданымен бірлескен тақырыптық көрме қойылып, мәжіліс залында өткен кездесуде Темірбек Қараұлының ғибратты ғұмыры туралы әңгіме айтылды.

Іс-шараның соңында аудан әкімі Т.Жүргенов ұрпақтарына естелік сыйлықтар табыс етіп, арнайы тапсырыспен жасатқан 100 теңгелікмерекелік монетаны кітапхана мен Жүргенов атындағы мектепке тапсырды. Осылайша алаштың айбынды азаматы Т.Жүргенов ұрпақтары қатысуымен Әйтеке биде өткен шара өз мәресіне жетті.

Ырғыз

Өткен жұмада ырғыздықтар тарихи сәттің куәсі болып, әдемі әдеби-рухани кешке қатысты. Бұл күні Ырғызға мемлекет және қоғам қайраткері

Ұзақбай Құлымбетовтің қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалина мен Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова арнайы келді.

Олар алдымен Ұзақбай Құлымбетовтің ескерткіш-мүсініне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

— Ұзақбай Құлымбетовтің есімін ұлықтап, ескерткіш орнатып, саябақ салған жерлестеріме алғыс айтамын. Әкемнің еңбектері әлі де насихаттауды қажет етеді. Артында ерін ұлықтайтын елі барда ол туралы әлі талай жазылып, айтылады деген сенімдемін,  —  деді Орынша Қарабалина.

Кездесу кеші «Арай» Мәдениет үйінде өтті. Кеште Ұзақбай Құлымбетовтің Қазақстанның экономикасын өркендету, елдегі сауатсыздықты жою, мәдениетті дамыту мақсатында көптеген игі істерге ұйытқы болғаны туралы кеңірек айтылды.

Ал жазушы, этнограф Зейнеп Ахметова ұлттық құндылықтар тақырыбында сөз сабақтады.

Кездесуге қатысқан Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов Ұзақбай Құлымбетов атындағы саябақты күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленгенін айтты. Яғни алдағы уақытта саябақ толықжаңартылып, тұрғындар үшін жайлы демалыс орнына айналады.

Шара соңында мәртебелі меймандарға бабалар салтымен сый-құрмет көрсетілді.

Ал екінші күні қонақтар Ырғыздың солтүстігінде жатқан «Тәстембет» қорымына барды. Мұнда Ұзақбай Құлымбетовтің арғы аталары жатыр. Қонақтар бабалар рухына арнап құран бағыштады.

Бұдан соң Сабынкөл жағасында Ырғыз фольклорлық ансамблінің өнерін тамашалап, қазанжаппай мен тарының дайындалу әдісін көрді.

Халқымызда төркіндеп келген қызға қалағанын беру дәстүрі бұрыннан бар. Аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов бабалар жолымен Орынша Қарабалинаға елдің атынан аппақ нар мінгізді. Ал Зейнеп Ахметоваға жергілікті жердің мәрт мінезді азаматтары жылқы тарту етті. Ырғыздықтардың дархан көңіліне риза болған қос ана риясыз пейілмен ақ батасын берді.

Ақшаңқан киіз үйде жайылған дастарқан басында ел үшін еңбек еткен Алаш арыстары туралы әңгімелер айтылды. Ауыл ақсақалдары қадірменді меймандарға ақ тілегін айтып, үлкен аста жазықсыз құрбан болған бабалар рухына Құран бағышталды.

Орынша Қарабалина мен Зейнеп Ахметова ырғыздық барша ағайынға көл-көсір құрметтері үшін алғысын жеткізді. Ынтымағы жарасқан ырысты мекеннен риза көңілмен аттанды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button