Мәдениет

«Мөлдір өнердің» өңірдегі майталмандары

Театр

Ұлы суреткер, көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповше айтсақ, «хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» — театрға қызығушылар қай кезде де көп. Рухани демалып, ерекше әсер алу үшін мәдениет мекемесіне баратындар аз емес. Осы орайда театралдардың мүддесін қорғап, олармен тікелей жұмыс істейтін Қазақстан театр қайраткерлері одағы туралы не білеміз? Біз аталған ұйымның өңірдегі филиалының аяқ алысын білген едік…

Байырғы ұйымның белестері

Аталған қоғамдық-шығармашылық ұйымның негізгі міндеті — кәсіби театрлар мен әуесқой және халық театрлары ұжымдарының өсіп-өркендеуіне шығармашылық әрі материалдық жағынан көмек көрсету. Әдетте одақ театртану, театр сыны, актер, режиссер шеберлігі, драматургия, театр ісін ұйымдастыру, жастар театры мен студиялары, т.б. сахналық өнерге қатысты бөлімдерді біріктіреді. Оның театр ұжымына қажетті киім-кешектер, бутафория мен жарнамалар жасап шығаратын өндірістік комбинат болады.

Уикипедия ашық энциклопедиясының дерегіне сүйенсек, алғашқы театр қайраткерлерінің одағы орыс актрисасы М.Савинаның бастамасымен «Мұқтаж сахна қайраткерлеріне жәрдемдесу қоғамы» (қазіргі бүкілресейлік театр қайраткерлері одағы) деген атпен 1883 жылы Санкт-Петербург қаласында ашылды. Бұдан кейін XX ғасырдың ортасына қарай армян (1940), әзірбайжан, украин (1944), грузин, латыш, өзбек пен эстон (1945), беларусь (1946), литван (1947), молдаван (1958), қырғыз (1961), тәжік (1971) пен түрікмен (1973) елдерінде театр қоғамы құрылды.

Бұрынғы Қазақ театр қоғамының (1962) негізінде 1986 жылы қазіргі Қазақстан театр қайраткерлері одағы ұйымдастырылды. Осы ұйымның бірнеше съездері (1962, 1966, 1971, 1976, 1981, 1986, 2004 жылдары) өтті. Қазақстандағы театр қайраткерлерінің одағының тұңғыш төрағасы Р.Жаманова (1962-80), одан кейін Ә.Мәмбетов (1980-2004) және Е.Жуасбек (2004 жылдан) болды. Ал 2009 жылдың қазан айынан бері одақ төрағасы — Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов.

Қазақстан театр қайраткерлерінің одағы пленумдар, конференциялар, шығармашылық кездесулер, спектакльдерді талқылау жиындарын және театр декорациясы көрмелерін, т.б. өткізіп тұрады.

Осы орайда республикалық газет-журналдарға өзі басқаратын одақтың жай-күйі, осы саладағы өзекті мәселелер туралы жазып жүрген Тұңғышбай Жаманқұлов:

— Қа­зір театрлардың қаржылық, әсіресе шы­ғармашылық мәселелерін бір ор­талық­тан реттеп отыру қажеттігі туын­дап отыр. Сондықтан облыс­тар­дағы театрлардың барлығын да Мәдениет және спорт министрлігінің құзырына көшірген дұрыс. Облыс әкімдігінің осынау өнер ұжымдарына жасап отырған қар­жы­лық, әлеуметтік қолға­быс­тарын да сол күйі қалдырған абзал. Сонда шал­ғайдағы театрлар екі жақтың да қарауын­да болып, ол жаққа барған режиссерлер, басқа мамандар да шетте елеусіз қаламыз деген үрейден ада болып, орталықтардағы театрлар­дан кем еместігінен өрелі өнер жасау­ға бейілі арта түскен болар еді. Республика театрларының бар­лы­­ғын жеке-жеке бөлшектемей, кә­сіби тұрғыда өз мәселесін өзі ше­ше­­тіндей етіп ортақ министрлікке бірік­тіру қажет. Ол үшін министр­лі­к жанынан бөлек, департамент я болмаса «Қазақстан теа­трлары» деген сияқты агенттік құру кезек күт­тір­мей­тін мәселе.

Ащы да болса, ақиқатын айту керек, Қазақстан театрларындағы (облыс­тық, тіпті кейде орталық) ак­тер ойынының интеллектуалдық өресі төмен. Әлі күнге сөз жаттауды өнер санайтын әріптестеріміздің көп екені жерге қаратады. Сондықтан кейінге қалдыра бермей, осы мәселені шешу мақсатында Ресей театр қайраткерлері одағының және басқа ТМД елдеріндегідей заман талабына сай, өнер қайраткерлерінің шығар­ма­шы­лық өрелерін көтеру мақсатында жаздық (кезеңдік) тәжірибелік оқулар ұйымдастырып тұру қажеттігі күннен-күнге артып келеді. Оны Қазақстан театр қайраткерлері одағының күші­мен, Көкшетау төңірегіндегі көбіне нақты иесіз жатқан демалыс үйлерінің бірін одақтың басқаруына беріп, іске асыруға әбден болады. Сонда алыс-жақын шетелдерден мамандар шақырып, өз актерлеріміз бен режис­сер­леріміздің интеллектуалдық һәм шығар­машылық өресін көтеру ісі оң жолға қойылар еді.

Кеңестік идеологияның үрдісімен келе жатқан басқару жүйесі, яғни көркемдік жетекші, бас режиссер деген лауазымдардың әлдеқашан уақыты өткен. Бұлар шығармашылық ұжымның шынайы өнер жасауына үлкен кедергі келтіреді. Әдетте, бұл лауазымдарға режиссерлер тағайын­да­лады да театрдағы эстети­ка­лық, репертуарлық, актерлік ойын мен жаңаша қалыптағы жас режиссураның дамуы­на үлкен кедергі келтіреді. Олар тек өз қалауы бойынша репертуар таңдайды, яғни театр бүтіндей сол көр­кемдік жетекші мен бас режис­сердің амбициясы мен өре-қары­мы­ның құрбанына айналады да өздеріне ұнаған, жағынған актерлерге ғана рөлдер беріп, құрметті атақтарға солар ғана ұсынылып, ағзасы нәзік шығармашылық ұжымды әділетті басқаруға қолдары қысқалық ететіні — ежелден аян мәселе. Сонымен қатар олар ұжымдағы кезекші режиссерге репертуар таңдау, өз еркімен рөл бөлу, болашақ қойылымның жаңаша қалып-деңгейі мен өзіндік өре-шешіммен жұмыс істеуіне барынша тұсау болып бағатыны да белгілі. Басшының өзі режиссер-қоюшы болғандықтан, қандай да бір режиссерлік жұмыстың өзінен асып кетпеуіне бар «күшін» салатыны түсінікті нәрсе. Тіпті «көз қылып» сырттан режиссер шақырса да өзінен өресі төмен суреткерді таңдайтыны шындық. Басты рөлдер де бастықтың төңірегіне жандайшаптанып жиналған онша жүйрік емес актерлерге тиеді де жалпы қойылымның көркемдік құнына едәуір нұқсан келтіріледі. Сондықтан нарық­тық қатынастарға көшудің тиімді де жаңаша жолдарының бірі — осы мәсе­лені, театрды басқару жүйесін түбе­гей­лі қайта қарау.

Театрдың тақырыптық өзегі — дра­матургия. Қазір бұл салада да кім көрінген пьеса жазатын болды. Тамыр-таныстықпен, жершілдікпен, ешқандай сын көтермейтін шығар­ма­ларды сахнаға тықпалау да кеңінен етек алған. Қызмет бабын пайдаланып драматург атанғысы келетіндер де кездеседі. Бұл ретте әсіресе кейбір театр директорлары, режиссерлері «ай­рықша көзге түсуде».

Қазақстан Театр қайраткерлері одағының жұмысына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілсе, көптеген күрмеуі қиын проблемаларды одақ­тың құзырына артса, қайсыбір бас­шы­лық мамандарды тағайындауға, суреткерлік биіктіктер мен табыстарды екшеп-саралауға, ұсыныс енгізуге, шығармашылық мәселелерді шешуге толықтай араласуға, ақыл-кеңес беруге мүмкіндік берілсе, көптеген шаруалар өз деңгейінде шешімін табатын еді, — деп негізгі түйткілдерге тоқталады.

Ақтөбедегі филиалдың ахуалы

 Қазақстан Театр қайраткерлері одағы өңірдегі өкілдігіне ақтөбеліктерге жақсы таныс актер Сержан Аманқұлов басшылық етеді.  Оның айтуынша,  одақтың осындағы филиалы Ақтөбедегі театр құрылған уақыттан бері жұмыс істейді. Ұйымға жерлес актерлер, өзге де театр мамандары мүшелікке енген.

— Шыны керек, бұл қоғамдық жұмыс болғандықтан, бізге қаржылық жұмыстар, басқа да жауапты міндеттер жүктелмеген. Өз тарапымыздан актерлердің басын қосып, олардың жай-күйін білуге, өздерін толғандырған мәселелерін құзырлы органдарға жеткізуге мүдделіміз. Сондай-ақ кәсіби мерекеміз, басқа да атаулы күндерде еңбегімен көзге түскен, шынымен лайық әріптестерімізді марапатқа ұсынамыз.

Мұнымен бірге, орталықтағы әріптестерімізбен байланыс орнатып, жиындарға қатысып тұрамыз. Осындағы актерлердің сондай басқосуларға қатысуын ұйымдастырамыз.

Әлгінде айтқанымдай, біз қоғамдық жұмыстарды атқарамыз. Сондықтан қазіргі уақытта бәлендей мәселе жоқ. Одақ мүшелері тарапынан арыз-шағым болса, осындағы басшыларға жеткіземіз.

Қазіргі таңда облыстық филиалға Ахтанов театрының өзінен 19 адам мүше. Олардың арасында алдыңғы буын өкілдері де, жастар да бар, — дейді Қазақстан Театр қайраткерлері одағы Ақтөбе филиалының төрағасы Сержан Аманқұлов.

«Біздерде мынадай бар…»

 Театр қайраткерлері одағы туралы сөз болғанда, Ақтөбедегі өнер ұжымдарына тоқталмау мүмкін емес.

Алдымен Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрына келсек, оның тарихы әріден басталады. 1933 жылы Ақтөбе теміржол клубында әуесқой жастар театры клубы ашылды. Сол жылы Республика халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов облыстық оқу бөліміне қазақ театрын ашу қажеттілігі туралы жеделхат жолдады. 1935 жылы Т.Жүргеновтің ұсынысы бойынша Жастар театры үйірмесінің негізінде алғашқы қазақ музыкалық-драма театры ашылды. Сол жылы 23 сәуірде қол қойылған бұйрықта Т.Жүргенов Ақтөбедегі Жастар театры Қазақстандағы жастармен жұмыс істейтін тұңғыш театр екенін атап өтті. 1936-1941 жылдары театрдың бірінші режиссері Ғ.Омаровтың жетекшілігімен  «Еңлік-Кебек», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Амангелді», «Қыз Жібек», «Исатай-Махамбет» сияқты өзге де қазақ классиктерінің шығармалары сахна төріне жол тартқан. 1939 жылғы 1 желтоқсанға дейін қазақ музыкалық драма театрында 60 адам еңбек еткен, оның ішінде 27 актер, сонымен қатар құрамында пианист, скрипкашысы бар оркестрі болған. Театрдың алғашқы директоры — Нығмет Тойбазаров. Актерлердің ішінде ҚазССР-нің еңбегі сіңген артистері Нағима Өсербаева, Жүсіп Сейілов, Жүсіпбек Тұрсынов, Қали Нұрпейісов, т.б. болған.

1941 жылы соғыс басталуына байланысты қазақ театры жабылды.  1943 жылдың қыркүйегінде қазақ музыкалық драма театры өз жұмысын қайта бастады. Қайта ашылған театрдың алғашқы қойылымы 1944 жылдың наурыз айында «Жұртын сүйген жүрек» болып, соғысқа дейінгі сахналанған қойылымдар жаңартылып, қайта ұсынылды. 1949 жылдың 11 наурызында облыстық қазақ драма театр қайта жабылды. 1943 жылы орыс театры Ақтөбеге көшіріліп әкелінген Днепропетровск сазды драмалық театрының қызметімен басталды. Жаңа театрға Өскеменнен режиссер Н.Курганский бастаған актерлік топ, П.Елагин, Н.Баева, А.Немировская, С.Римнева, Д.Репниналар соғыс жылдары А.Островский, А.Чехов, Н.Гоголь шығармаларын сахналады. 1948 жылы соғыстан кейінгі экономикалық қиындықтарға байланысты орыс театры өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болды.

Орыс театрының келесі қадамы 1965 жылы Қазақ ССР Совет министрлігінің №707 (13.10.1964 жылдан бастап) шыққан үкімімен алғашқы директоры Владимир Тихонов басшылығымен облыстық Мәдениет үйінде басталды.

1965 жылдың 7 қарашасында алғаш театр маусымы режиссер Б.Виноградованың қоюымен А.Штейннің «Между ливнями» пьесасы сахналанды. Алғашқы театр маусымында 29 адамнан құралған труппаның 9 қойылымы ұсынылды.

Ал қазақ театры 1992 жылы облыстық қазақ сатира театры болып қайтадан жұмысын бастап, 18 шілдеде Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» спектаклімен өз шымылдығын ашты. Қазақ театрының алғашқы директоры Қорлан Бөлеков, режиссері Дихан Жәлекенов болды. Алғашқы күннен еңбек еткен артистер — С.Аманқұлов, Р.Тәукебаева, Б.Ержанов, Қ.Амантурлин, А.Махамбетова, А.Құрмантаева, Б.Нұрмағамбетовтер.

1997 жылы 3 қарашада театрға қазақ драматургі Т.Ахтанов есімі беріліп, 1998 жылы облыс әкімінің шешімімен екі труппа біріктіріліп, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры аталды. Осы кезеңде театр ұжымы өз репертуарын шетелдік әрі қазақ драматургтердің шығармаларынан қойылған көптеген жаңа спектакльмен толықтырып, қос труппа белсенді жұмысқа кірісті.

Ақтөбедегі тағы бір театр — «Алақай» қуыршақ театры Қазақ ССР-і  Министрлер кеңесінің  14.05.1985 жылғы №164 қаулысы мен Ақтөбе облыстық атқару комитетінің 11.09.1985 жылғы №406 шешімі негізінде  ашылды.  Театрдың алғашқы директоры болып Қадыр Анқапов, ал бас режиссерлік қызметке Андрей Карлов тағайындалды. 1985 жылы 29 қарашада алғаш рет  О.Васильковтың  «Держись, поросята» атты  спектаклі  қойылды.   Алғашқы  жылдарда Ресейдің Харковь, Ленинград театрларынан құралған режиссерлар мен актерлар труппасы қызмет етті.  А.Карлов,  А.Роденко, Н.Жуков, Л.Шпринг, А.Павловский сынды танымал режиссерлер мен  суретшілер Л.Кришталь, В Малышев, В.Дубровский және актерлер Г.Бабурина, О.Болоховцева, А.Гайбан, И.Геер, Н.Жуков, А.Капустюк, И.Косенко, А.Павловский, О.Циглинская, Ш.Шегебаевалар жұмыс істеді.

1993 жылы  Нәзира Табылдиноватеатрға директор болып тағайындалды. Бұл тұста режиссерлар С.Мақұлбеков, Т.Лукомская және театртанушы, профессор А.Қадыровпен тығыз шығармашылық байланыс орнатылып, репертуар толықтырылды. Спектакльдер қазақ және орыс тілдерінде қатар жүргізіліп, көрермендер саны молайды.

1995 жылы құрылғанына 10 жыл толу мерекесіне орай театрға лайық атау беру мақсатында арнайы байқау жарияланды. Соның нәтижесінде белгілі журналист Серік Ерғалиевтің  «Алақай» деген атауы үздік деп танылып, көпшілік қалауымен театрға қойылды.

Бүгінге дейін 75-тен астам спектакль ұсынылып, бір жарым милионға жуық көрерменнің көңілінен шықты. Қазақ халқының ертегісі «Ұр, тоқпақ!», С.Қалиевтің «Қоянның қулығы», т.б. төл драматургиямен шектелмей,  өзге халықтардың таңдаулы деген пьесалары сахналанды. М.Бартенев «Здравствуйте!», А.Қадыров «Малшылар патшасы»,   Х.Гюнтер «Мүйізтұмсық   пен   Керік», В.Павловскис  «Бақашық пен теңіз»,   А.Веселов   «Күн іздеген аққалалар», Е.Чеповецкий «Внимание, Клоунада»,   М.Азов,   В.Тихвинский «Кто заплетает гривы лошадям?», А.Болдинов «Қияңдарға кетпеші…»  спектакльдері көрерменге жол тартты.

Қазіргі таңда театрға Әсия Құрманалина басшылық етеді.

Алды театрда қызмет еткеніне 30 жылдан асқан Мәдениет қайраткері Гүлнар Баймағанбетова, Мәдениет саласының үздіктері — Ләззат Сүлеймен, Нұрат Мұратұлы бастаған Әлия Салитова, Роза Балғалиқызы, Гаухар Оралбай, Әлішер Орынбасаров, Даурен Рысбеков, Зарина Әскербек, Гүлжайна Бақытовадан құралған труппа қазақ және орыс тілдерінде өнер көрсетеді.

«Алақай» — атына сай жүрекжарды сан қуаныштың символына айналған республикадағы  санаулы қуыршақ театрлары ішінде шоқтығы биік театр. Өнер ұжымы ҚР Тұңғыш Президенті қоры, республикалық   фестивальдердің лауреаты, бірнеше  мәрте халықаралық фестивальдерінің  дипломанты атанып үлгерді.

Сондай-ақ театр 2018 жылдан бастап облыстық «ЕркетеатрAqtobe» балалар театр фестивалін өткізіп келеді.

Ақтөбедегі театр десе, көпшіліктің «Екі езу» әзіл-сықақ отауын да атайтыны хақ. Аталған эстрадалық миниатюра театры 1998 жылы 22 наурызда облыстық «Ақтөбе» газетінің жанынан күлкі клубы ретінде құрылды. Газет тілшісі Нұрлыбек Жұбатқанның бастауымен театр құрамына қаладағы талантты жастар тартылды. Театр репертуарында Н.Жұбатқанның жазған әзіл-сықақ қойылымдары орындалды. Бастапқы мүшелері «Тамашаның» тарланы Бақыт Айтова, Нұрдәулет Ақжігітов,  Берік Нұрмағанбетов, Талғат Тілеулесов, Гүлсім Қаратаева болды.

«Екі езудің» халыққа таныла бастағаны ескеріліп,  2001 жылы облыс әкімінің шешімімен театр мемлекеттің құзырына өтті.

Өнер ұжымы 2001 жылы тұңғыш рет республикалық көлемде Алматы қаласында ұйымдастырылған әзіл-сықақ сайысында жүлделі II орынды иеленсе, сол жылы Астана қаласында өткен Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде бас жүлдені» жеңіп алды. 2012-2014 жылдары «Хабар» арнасы ұйымдастырған «Ду-думан» телевизиялық шоуына қатысып, «Көрермендер көзайымы» және «Ең үздік музыкалық қойылым» номинацияларымен марапатталды. 2013 жылы Ұлттық арнаның ұйымдастыруымен өткен «Жұлдызды сәт» байқауында жеңіске жетті.

«Екі Езу» театрының ұйымдастыруымен өткізіп келе жатқан республикалық «Айтқыштар — Ақтөбеде» әзіл-сықақ фестивалі былтыр 9-рет жоғары деңгейде өтті.

Сондай-ақ өткен жылы Алматы қаласындағы Республика сарайында театр араға 10 жыл салып концерттік бағдарламасын ұсынды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button