Мәдениет

«Көне музей секілді тоналмаған»

Соңғы 10 жыл шамасында елімізде ішкі туризм саласында оң динамиканыңбары әрдайым айтылады. Дегенменел ішінде демалу, саяхаттау мәселесі туралы сөз болғанда, көпшіліктің бүйрегі, негізінен, белгілі бір өңірлерге ғана бұрып тұрады: Астана, Алматы, Көкшетау, Маңғыстау, Түркістан, шығыстағы Жидебай қорығы…

Ішкі туризмді дамыту мәселесі сонау 2000 жылдардың басынан, әсіресе «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы еліміздің барлық өңірлерінде көне тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары жандандырылған тұстан бастап айтылып келе жатқанымен, көптеген өңірлерде әлі күнге дейін әлеуетке сай әрекет, насихат, жарнама жоқтығы қынжылтады. Көпшіліктің таныс бағыттарды шиырлай беретіні де сондықтан болса керек.

Әйтпесе біздің еліміздің қай өңіріде саяхатқа құмар жандар үшін қай жағынан да тартымды екені даусыз. Алысқа бармай-ақ, көршілес Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласына «көз тігіңіз». Орал — әсіресе бүгінгі күні әлемде туризмнің ең танымал түрінің бірі саналатын мәдени туризм тұрғысынан алғанда, бүкіл еліміз бойынша ең алдымен ойға оралуға тиіс қалалардың бірі.

Белгілі ақын, жерлесіміз Ертай Ашықбаевтың бұл қалаға:

«Көне музей секілді тоналмаған,
Орал-ғалам, о шіркін, Орал-ғалам!
…Енді, сірə, кетпессің көз алдымнан,
Көрсетілер фильмдей көк арнадан», — деп жыр арнауы да бекер емес.

«Орал-ғалам» дегеннің жай теңеу емес, расында үлкен ұғым екенін сол қаланы аралап, көзбен көріп қайтқан әр жан сөзсіз мойындар еді.

Қазіргі Орал қаласының тарихы 1613 жылдан басталады. Оның негізін осы жер үшін ноғайлардың «жағасына жармасып», бірде тартып алып, енді бірде айырылып қала жүріп, Жайық казактары салған деседі.О баста бұл қаланың орны —Жошы Ұлысының жері, Ұлық Ұлыс ыдырағаннан кейін Ноғай ордасының құрамында болған, ал Қасым ханның тұсында біраз жыл Қазақ хандығының аумағына да енген. Бұл — тарихшылардың сөзі. Яғни шапқыншылықтан көз ашпаған замандарда бірнеше мемлекеттің мүддесі тап осы жерге келіп тоғысыпты.

Жайық пен Шағын өзендерінің түйіскен жеріне салынған қаланың бастапқы атауы Жайық болған. Пугачев көтерілісінен кейін ІІ Екатерина қаланың да, өзеннің де атын Орал деп өзгертіп жіберіпті.

1846 жылы Орал Ресей империясындағы ірі қалалардың қатарында болған, ал 1868 жылы ол жаңадан құрылған Орал облысының орталығы болып жарияланған. Міне, содан бері бұл қала алдымен Ресей империясы, одан соң КСРО құрамындағы Қазақ КСР-і, 1991 жылдан бері тәуелсіз Қазақстан, яғни үш мемлекеттің құрамында 155 жыл бойы үзбестен ірі әкімшілік-аумақтық бірліктің орталығы болып келеді. Бұл оның келбетінен анық аңғарылады: әсіресе қаланың орталығы 100-150 жылдан бері мызғымай тұрған көне ғимараттарға толы, Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің өзі 1904-1905 жылдары Ресей Сауда-өнеркәсіптік коммерциялық банкі ретінде салынған ғимаратқа орналасыпты.

Қаладағы ескі ғимараттардың арасындағы ең «даңқтысы» — көпес Александр Каревтің үйі. Ол 1900 жылы салынып, ұзақ жылдар бойы қаладағы ең биік үй болып келді. Қазірдің өзінде бұл — өте көрнекті әрі үлкен ғимарат, сөзімізге дәлел ретінде Батыс Қазақстанның облыстық филармониясы мен облыстық кітапханасының осында орналасқанын айтсақ та жеткілікті.

Каревтің үйі туралы аңыз да сақталған: Оралдағы сол кездегі белгілі көпестердің бірі Овчинников өзінің екі қатарлы үйінің әсемдігін, таңды балконда шай ішіп отырып қарсы алатынын қайта-қайта айтып, мақтанғанды ұнатады екен. Карев мақтаншақ Овчинниковтің үйінің дәл шығыс жағынан екі есе биік, өте зор үй салып, сөйтіп, оны таңды балконда қарсы алу «бақытынан» біржола айыруды көздеген деседі. Кейбір деректер бойынша, Карев бұл үйдің құрылысын аяқтай алмаған. Үй бітерден сәл бұрын, құрылыс барысын бақылай жүріп, аяғы тайып жоғары қабаттан құлап кетіпті. Көпестің зираты да — Орал қаласы маңында. Ал үйдің құрылысын оның жесірі бітірген. Негізінен, бұл тұрғын үй емес, қазіргі бизнес орталықтары секілді түрлі мақсатта жалға берілетін ғимарат болғаны түсінікті. Қазақтар оны түйеге ұқсатып, «нар үй» деп атап кетіпті. Кеңес заманында бұл үй біраз уақыт төңкерісші Кировтың атын да иемденген. Кейіннен жоғары қабаты қонақүйге айналдырылып, онда әр жылдары Ғ.Мүсірепов, Т.Жароков, Х.Есенжанов, И.Шухов, т.б. қаламгерлердің тоқтағаны туралы тақтайшалар да қойылыпты.

Қаладағы тағы бір еңселі көне ғимарат — көпес Ванюшиндер әулетінің үйі. Бұл ғимарат Карев үйінен де әрірек, 1870-1880 жылдары тұрғызылып, түрлі мақсаттарға пайдаланылған. Соның ішінде, патша заманында облыс басқармасы да осында орналасыпты. Кейіннен ғимарат ауыл шаруашылығы техникумына, Пионерлер үйіне, т.б. беріліпті, бір кездері мұнда Жұбан Молдағалиевтің оқығаны туралы тақтайша да тұр. Қазір ғимаратқа Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-лицей орналасқан.

Әрқайсысының әрқилы тарихы бар ондаған көне ғимараттарынан бөлек, Орал — еліміздегі музейге ең бай қалалардың да бірі. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің 20 шақты бөлімшесі бар, олардың бір бөлігі аудандарда болса, тағы бірқатарын — Кеңес  Одағының батыры М.Мәметованың музейін, суретші С.Ғұмаровтың, Е.Пугачевтің музей-үйлерін, А.Пушкиннің музейін, Табиғат және экология музейін Орал қаласының өзінен табасыз.

Айта кетейік, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимаратының өзі — пайдалануға 1879 жылы берілген көне тарихи ескерткіш. Ол бастапқыда орыс-қазақ қолөнер мектебі ретінде салынған екен де, кеңес заманының әр кезеңінде түрлі мекемелерге, оқу орындарына берілген.

Екі қатарлы бұл ғимараттың облыстық музейге тарлық ететіні көрініп тұр. Жалпы, бүгінде музей қорында 200 мың шамасында жәдігер бар екен. Олардың ішінде 2012 жылы жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған Тақсай ханшайымына назар аудармасқа болмайды. Алтынмен апталған ханшайымның қабірі Теректі ауданының Долинное деген жеріндегі Тақсай қорғанынан табылған. Қазба жұмыстарының басы-қасында болған мамандардың бірі — археолог Яна Лұқпанова бұл олжаны таппас бұрын, үш жыл қатарынан түсіне иығында күміс ыдысы бар әйел енумен болғанын айтыпты. Мамандар оны б.з.д. V ғасырда, яғни сармат заманында ғұмыр кешкен деп есептейді. Қабірден табылған алтын, басқа да қымбат бұйымдардың жалпы салмағы 6 келіге жуықтайды, сонымен қатар оның қасына екі қызметші де қоса жерленген. Осы жайттарды ескере келе, мамандар мұнда ақсүйек бай, бәлкім, абыз әйел жерленген деп болжады.

2001 жылы Орал қаласынан 12-ақ  шақырым жерден ортағасырлық Жайық қалашығының орны табылды. Ғалымдар оны XIII-XIV ғасырларда, мүмкін, Өзбек, Жәнібек хандардың тұсында бой көтерген деп есептейді. Бұл шағын да болса, өз заманының гүлденген, алдыңғы қатарлы орталықтарының бірі болған. Орны табылған көне ғимараттың қабырғасының жуандығы 1,5 метрге дейін жетіпті. Қыш су құбырларының бөліктері де шыққан. Күйдірілген көне кірпіш пен құбырдың шағын бір бөлігі облыстық музей экспозициясына қойылыпты.

Айта кетейік, Жайық қалашығы орнының табылуына байланысты Оралдың тарихын бірнеше ғасырға тереңдету мәселесі көтерілгенімен, кейбір ғалымдар тарапынан сынға ұшыраған. Олар аралары өте жақын орналасқанына қарамастан, бұл екеуі  тарихи тұрғыдан байланысы жоқ, екі бөлек қала деген пікірді алға тартып отыр.

Музей экспозициясында осы өңірден шыққан белгілі адамдардың домбыралары, ерекше әдемі зергерлік бұйымдар, Жұбан Молдағалиевтің жұмыс үстелі сынды, басқа да  құнды жәдігерлер бар.

Оралға келген қонақтардың ішінде өнерге жақын жандардың арнайылап соғатын орнының бірі — суретші Сәкен Ғұмаровтың музей-үйі. 1937 жылы Бөкей Ордасында дүниеге келіп, 60 жасқа да толмай өмірден өткен, алдымен шетелде танылып барып, жерлестері, Отаны содан кейін ғана мойындаған суретшінің шығармашылығы жөнінде пікірлер өте көп. Негізінен, ол ешкімге ұқсамайтын, көпшіліктен бөлек, мүлде басқаша ойлайтын, өз әлемінде өмір сүрген жан ретінде танылған. 400-ден астам картинасы болғанымен, олардың көпшілігі Германия, АҚШ, Жапония, Түркия елдеріне жеке коллекцияларға тарап кеткен. Облыстық музей қорында 24 еңбегі ғана бар, оның ішінде музей-үйіне 12 туынды қойылыпты. Расында да, бұл туындылар жай көзге «сырын» аша қоймайды. Жеке өз басыма өте бір күрделі кезеңде дүниеге келген суретші ұлтының, адамзаттың қасіреттерін бір сәт те естен шығара алмай, аса ауыр ойлардың арасында ғұмыр кешкен жан секілді сезілді. Жан қиналысын тек осы шығармалары арқылы сыртқа шығарғандай… Кейбір адамдар оның картиналарының науқасқа шипа, ем болатын қасиеті бар деп шын ниетімен сенеді екен… Қалай болғанда да, бұл музейге келген адам ойсыз, әсерсіз кете алмайды.

Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың музейі де құнды жәдігерлерге толы. Әсіресе Мәншүктің ең соңғы шайқасына арналған диарама кімді де болса бейжай қалдырмайды. Мұндағы топыраққа дейін Невелдегі ол ерлікпен көз жұмған төбеден әкелінгені туралы деректің өзі жаныңды дір еткізеді. Қарулар, танкілер, тіпті ауа райы да нақ сол шайқас күнін дәлме-дәл сипаттайды.  Ал тізіле қалған келушілер көрініс соңында жылап тұрады.

Оралда біз атын атамаған, тіпті қала тарихына арнап жеке адамдар ашқан музейлер де бар. Ал Пушкин, Пугачев музейлеріне келсек, бұл жерде өзгелердің тарихқа деген тиянақтылығына, жауапкершілігіне таңғаласыз. Біз, мысалы, өз ұлтымыздың ең құнды қазынасының бірі — жыр өнерін бүгінгі ұрпаққа жалғап кеткен асыл тұлға, қазақ даласының соңғы ұлы жырауларының бірі Нұрпейіс Байғаниннің өзіне облыс орталығынан бір музей арнай алмай келеміз, тіпті бұл туралы мәселе күн тәртібіне қойылған да емес, ал Оралда 1833 жылдың күзінде, Пугачев көтерілісін зерттеу мақсатымен аз уақытқа ғана сол жерге табаны тиген Пушкиннің, бала шағының бір бөлігін осында өткізген татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың, Оралға таяу ауылда соғыс жылдары осында көшіп келіп, кейіннен Қазақстанды екінші Отаны атаған жазушы Михаил Шолоховтың музейлері тұр.

Оралдың орталық демалыс саябағы да еркелей ағып жатқан Шаған өзенінің жағасында, әсем табиғат аясында екен. Ал Бөкей Ордасы ауданындағы «Хан ордасы» тарихи-мұражай кешені Орал қаласынан 550 шақырым қашықта орналасқан, ол жаққа жол салынып жатқанымен, әзірге аяқтала қоймапты. Исатай мен Махамбеттің ізі қалған Хан ордасы да арнайы іздеп баруға лайық тарихи орындардың бірі.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button