Білім

Сынақ емтиханынан соңғы сын

Өткен аптада облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті. Басқосуға облыстық департамент, басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен бастауыш және орта кәсіптік, интернаттық мекемелердің директорлары қатысты.

Кеңесте биылғы мектеп бітірушілердің ұлттық бірыңғай тест емтиханына дайындық мәселесі қаралды. Бұл туралы облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов баяндама жасады.

Ұлттық бірыңғай тест емтиханына дайындық жұмыстарының өзінен жас түлектің тағдыры анықталады. Қазір бұл жұмыс облыста ұйымдасқан түрде жүргізіліп жатыр. Биыл мектеп бітіретін 6361 түлектің 5121-і ұлттық бірыңғай тест тапсыруға арыз берді. Бұл –  мектеп бітірушілердің 80,5 пайызы. Өткен жылы ұлттық бірыңғай тест емтиханын тапсыруға түлектердің 77,8 пайызы қатысқан болатын, – деді ол.

Аманғали Алхатұлының  айтуынша, бүгінгі күнге дейін ҰБТ тапсыруға ниет білдірген мектеп бітірушілерден 6 сынақ емтиханы алыныпты. Наурыз айында өткен  сынақ емтиханында Алға ауданының мектеп бітірушілерінің білім деңгейі жоғары көрсеткішке жетсе, Әйтеке би ауданы түлектері ең төменгі балл жинаған.

Мұның себебін білмек болған Сара Қайыржанқызы Әйтеке би аудандық білім бөлімінің бастығы Баязит Құдайбергеновті сұрақтың астына алды.

Барлық сынақ емтихандарын аудандық білім бөлімінің өкілдері ауылдарға барып алды. Наурыз айында өткен сынақ емтиханында біз аудандағы барлық  түлектерді орталыққа шақырттық. Бұған дейін үйренген мектебі мен мұғалімінің қасында өздерін еркін ұстап, тест сұрақтарына еркін түрде жауап берген оқушылар соңғы сынақ емтиханында қобалжыған болулары керек. Нәтижесінде оқушылардың білім көрсеткіші түсіп кетті. Оның үстіне, сынақ емтиханы кезінде әр ауылдан келген оқушылар араласып отырды. Тағы бір айта кететін жайт, кейбір ауылдар аудан орталығынан 300 шақырым жерде орналасқан. Мектеп бітірушілердің арасында Комсомолды көрмегендері де бар. Былтыр ұлттық бірыңғай тест қорытындысы бойынша Әйтеке би ауданы облыста қала мен Ойыл, Хромтаудан кейін төртінші орынды иеленді. Биыл да жоғары деңгейден көрінетіндігімізге сенімдімін, – деді Баязит Аяғанұлы.

Биыл Әйтеке би ауданында 190 бала мектеп бітіргелі отыр. Оның 57-сі аудан орталығында тұрады. Аудандық білім бөлімі бастығының айтуынша, мектеп бітіретін 54 бала өз білімдерін Ресейде жалғастырмақ.

Ресейде оқуын жалғастыратын балалар ұлттық бірыңғай тест емтиханын тапсырмайды. Олардың көпшілігі мектепті 4 пен 5-ке оқиды. Жақсы оқитын оқушыларымыздың  сынақ емтиханына қатыспауы да біздің көрсеткішті төмендетіп отыр, – деді Б.Құдайбергенов.

Бұдан әрі Баязит Аяғанұлы оқушылардың білім деңгейі көрсеткішінің төмен болуына кейбір мектептерде жоғары санатты физика пәні мұғалімінің жоқтығымен, тіпті, бір кластарда оқушы санының жетеуден аспайтындығымен түсіндіргендей болды.

Кеңес кезінде бұдан өзге де күн тәртібіндегі мәселелер қаралды. Соның бірі – оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру.

Басқосуда жаз мезгілінде облыстағы оқушылардың 99,0 пайызын түрлі демалыс, сауықтыру және бос уақыттарын пайдалы ұйымдастыру шараларымен қамту жоспарланды. Яғни оқушылардың 88,0 пайызы демалыс түрлерімен қамтылса, 11,0 пайызының бос уақытын тиімді ұйымдастыру шаралары зерделенді. Ол үшін барлық білім беру ұйымдарында жазғы аула клубтары, ойын алаңдары жұмысын ұйымдастырып, оған жұмыссыз жүрген мұғалімдер мен студенттерді тарту қарастырылды.

Кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дағдарыстан – жаңару мен дамуға» атты Жолдауында айтылған кадрлардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлау мәселесі талқыланды. Бұл мәселеде еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен облыс әкімдігі арасында «Жол картасын» жүзеге асыру жөнінде келісімге қол қойылған болатын. Осыған орай облыстық білім басқармасы жұмыспен қамтуды үйлестіру  және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп «Кадрларды даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастырудың жоспары-тізбесі» бағдарламасын құрған болатын. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен бөлінген 474,9  миллион теңгеге облыстың 4731 адамын қайта оқыту жоспарланып отыр. Енді бұл жұмыс осы жылдың мамыр айынан бастап іске аспақ.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button