Білім

Екі алтын, екінші орын…

Өткен жұмада Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында бокстан ХХVІ Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері 2 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлдемен, жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреді.

Атап айтсақ, Айдар Әмірзақов (60 кг) пен Досжан Оспанов (+91 кг) Азия чемпионы атанды. Айдардың финалдағы қарсыласы — Қытай боксшысы Лю Чьянг болған еді. Есеп 12:12 болып тең аяқталғанымен, қосымша көрсеткіштер бойынша Айдар жеңімпаз танылды.

Ал Досжан ирандық Абдулмажид Сепахвандені 18:13 есебімен жеңді. Айта кетейік, Досжан жартылай финалда Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері, Қытай алыбы Жанг Жилейді тізе бүктірген болатын. Бұған дейін Рүстем Іргебаев, Иван Дычко, Руслан Мырсатаевтар жеңе алмай келген Жилейді қапыда қалдырған Досжан — аса жоғары салмақта ұзақ жылдар бойы қазақ боксының бетке ұстары болған Мұхтархан Ділдәбековтің немере інісі.

Күміс жүлдеге ие болған боксшыларымыз — Ілияс Сүлейменов (52 кг), Рүстем Сыбаев (69 кг) және қола медальмен оралған Арман Рысбектің (81 кг) аса жоғары өнер көрсеткенін айта кеткіміз келеді.

Азия чемпионатына ақтөбелік Мәди Шолақовтың (56 кг) аттанғаны бұдан бұрын айтылған болатын. Өкінішке орай, Мәди ширек финалда тәжік боксшысы Әнуар Жүнісовтен жеңіліп қалды. Мәдиді жеңген боксшы да Азия чемпионы атанып отыр.

Берік ҚОШАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button