Тарих

Алаштың асқақ ұлы еді…

Қазақтың ақиық ақыны Ілияс Жансүгіров жырлағандай:

— Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,

Ел, тегі, қайдан алсын кемеңгерді!? — деген жолдар осы тақырыпты қолға алғаннан көкейімізге оралды да отырды.

Иә, тарихтың қыр асып кеткен талайлы толқынында қаншама есіл ерлер есімі ескерусіз қалып жатыр екен? Олардың жақсы аттарын жаңғырту — бүгінгі жаңа лектің, жас буынның парасатты парызы.

Ел жадында сақталар, ерекше құрметке ие болуға тиіс сондай тұлғалардың бірі — Әбдіхамит Жүндібаев.

Ауылдан шыққан белсенді

Алаш қозғалысының белсенді қайраткері, оның торғайлық тобының алдыңғы қатардағы мүшесі Әбдіхамит Жүндібаев өмірбаянына көз салғанымызда, оның қысқа ғұмырда қаншалықты биікке көтерілгенін анық аңғарасыз.

Ол 1893 жылы Қобда ауданының Талдысай ауылы төңірегінде дүние есігін ашқан.

Он үш жасынан адам болып, білім алуға ұмтылады. 1906-1909 жылдары Орынбордағы орыс-қазақ мектебінде оқиды. Одан кейін екі жылдық мұғалімдер училищесінде білім алады. Сол уақыттың өлшемімен алсақ, бұл аз дәреже емес еді.

Училищені бітірген соң туған мекенге оралып, Қобда болысына қарасты №5 ауылдағы бір кластық училищенің мұғалімі болып қызмет етеді. Ел ішіндегі зиялы қауым өкілі ретінде оны жұртшылық құрметтейді, сауатты адам санайды. Жалындап тұрған жас жігіт Әбдіхамит саяси ахуалдарға қатысты мәселелерге белсене үн қосады, өз ойын білдіреді. Сөйтіп, ұстанымын ауыл арасында қалдырмай, Алаштың органы — «Қазақ» газетіне мақалалар жазып тұрады. Онда қазақтың мұңын жоқтап, Ресей империясының отаршылдығына қарсы пікірлерін білдіреді. Осылайша ол алыста жүріп-ақ саяси жағынан пісіп-жетіледі. Журналист, публицист, аудармашы ретінде таныла бастайды.

1917 жылғы әйгілі Ақпан төңкерісінен кейін Торғай облыстық комиссары болып тағайындалған Әлихан Бөкейханов бұған дейін өзін көрсеткен Әбдіхамитті облыстық комиссариат жанындағы айрықша тапсырмалар жөніндегі кіші шенеунік қызметіне алады. Арада аз ғана уақыт өткенде ол Ақтөбе уезінде земствоны енгізу жөніндегі нұсқаушы болып тағайындалады.

Шамамен алғанда, нақ осы тұстардан оның белсенді саяси қызметі басталады. Әбдіхамит Жүндібаев 1917 жылдың шілде және желтоқсан айларында Орынбор қаласында өткен жалпықазақ съездерінің жұмыстарына қатысады. Қатысып қана қоймай, өзіндік ұстанымын білдіріп, қазақтың болашағына алаңдаушылық ниетін алға тартып отырады. Тіпті желтоқсанда өткен жиындардың бірінде жедел түрде автономия жариялауды жақтап дауыс береді.

Бір атап өтерлігі, осы маңызды мәселе төңірегінде қазақ көсемдері мен серкелерінің өзі екіге бөлінеді.

Мысалы, Әбдіхамит Жүндібаев тобында Жанша және Халел Досмұхаммедовтер, Аспандияр Кенжин, Уәлихан Танашев, Ғұмар Қараш, Сағындық Досжанов, Бақыткерей Құлманов бастаған, негізін батысқазақстандық Алаш қайраткерлері құраған 33 адам шұғыл түрде жеке Қазақ Автономиясын жариялауды дұрыс көреді. Ал орталарында талай танымал тұлғалар бар екінші топ, бұлардың саны 42 делегат, автономияны жариялау әлі ерте деген ұстанымын білдіреді.

Әбдіхамит Жүндібаев төңкерістен соңғы уақыттарда өзінің саяси қозғалысқа қатысуымен ерекше көзге түседі. Ол тұңғыш қазақ съезінің қабылдаған шешіміне сәйкес Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Е.Ғұмаров, Е.Тұрмұхамедов, Ғ.Бірімжановтармен бірге Алаш партиясының бағдарламасын жасақтауға қатысады. Бұл бағдарлама «Қазақ» газетінде жарық көреді.

Әбдіхамит Жүндібаев 1917 жылдың көкек айындағы тұңғыш Торғай съезіне делегат болып қатысады. Одан кейін тамызда өткен ІІ Торғай облыстық қазақ съезінің негізгі ұйымдастырушыларының бірі болады.

Съезд төралқасының 5 адамнан тұрғаны, төрағасы Мырзағазы Есболов, мүшелері Сағындық Досжанов пен Ахмет Тұңғашин, хатшылары Тел Жаманмұрынов пен Әбдіхамит Жүндібаев болғаны оның сол уақыттағы саяси салмағын айқындаса керек.

Тарихи құжаттарда Әбдіхамит Жүндібаевтың журналистігі туралы да айтылады. Ол ел ішінде төңкерістер болып, билік басында аумалы-төкпелі кезең орнаған тұста, яғни 1917 жылы Алаштың органы болып табылатын «Қазақ» газетін шығаруды да өз қолына алған. Оған аталған басылымның 27 ақпан күнгі санында шыққан оқырманға арнау мақаласы да куә бола алады. Онда былай деп жазылыпты: «…Осындай заманның аударылып тұрған шағында жұрт газет хабарына аса мұқтаж екендігін ойға алып, жан-жаққа хабар беріп, жөн сілтеп, нұсқа көрсетіп тұрған «Қазақ» газетінің басында тұрған азаматтардың Орынборда жоқ екенін көріп, жауын тілеген егін қалпындағы жұрттың үмітіне қарсы бару ниетімен Орынборға февральдің басында келіп, басын қосқан Ақтөбе уезінің төменде аты аталған азаматтардың өтініші бойынша «Қазақ» газетін шығаруды мен мойныма алдым…

«Қазақтың» соңғы жүретін жолы — халыққа болып жатқан өзгерістен хабар беру, заманына қалай амал қылу, жол көрсету, сасқанда алдынан шығып, жәрдем беру…».

Бұл — үлкен міндетті азаматтықпен мойнына алған Әбдіхамит Жүндібаевтың редактор ретіндегі жүрекжарды сөзі!

Әбдіхамит Жүндібаевтың «Қазақ» газетін шығарудағы қолтаңбасы туралы нақты дерек Сәкен Сейфуллиннің атақты «Тар жол, тайғақ кешу» романында анық та дәлелді айтылған.

2018 жылдың 21 наурызы мен 3 сәуірі аралығында Орынборда революционер Әліби Жангелдиннің басшылығымен Торғай облыстық кеңестер съезі өтеді. Осы жиынға қатысқан Әбдіхамит Жүндібаев съезде халыққа білім беру жайындағы мәселелер күн тәртібіне қойылған кезде қазақтың өз балаларын ана тілінде оқыту мүмкіндігінен айырылғанын еліне ерекше жанашырлықпен айтып, жедел түрде ұлттық мектеп мұғалімдерін даярлайтын оқу орнын ашуды талап етеді. Аталған съезде ол облыстық атқару комитеті құрамына сайланады, сонымен бірге төралқа хатшыларының бірі болып бекітіледі. Мәскеудегі революциялық комитетке облыс құрамындағы 4 уездің әрқайсысынан екі адамнан делегация жіберу шешімі қабылданғанда Ақтөбе уезінен Әбдіхамит Жүндібаевтың аталуы оның танымал тұлға болуының және саяси қайраткер ретінде пісіп-жетілуінің көрінісі болса керек.

Әбдіхамит Жүндібаевтың кейінгі өмір жолдары бір түрлі көмескілене береді. Бұл шамасы оның сол кездері сырқаттануына байланысты болса керек. Облыстық партия архивінің мәліметіне қарағанда, 1920  жылғы қыркүйекте сол тұста Қобда болысы қараған Ақбұлақ уезі большевиктерінің III партиялық конференциясының хаттамасында оның аудандық  комитет мүшелігіне кандидат ретінде сайланғаны рәсімделген.

Белгілі қаламгер, көпті көрген шежіреші жазушы Ғалым Ахмедов Әбдіхамит Жүндібаев туралы бір құнды деректі келтіреді. Ол: «Әбдіхамитті  1917 жылы бір рет көргенімде, пенсне  көзілдірік  таққан, аққұба, әдемі жігіт еді, Алаш бағдарламасын жасауға белсене араласқан…»  — деп  жазады.

Бір өкініштісі, Әбдіхамит жалындап жүріп, қысқа ғұмыр кешеді. Сол санаулы өмір белестерінің өзінде дүниені танып, жақсылыққа ұмтылып үлгереді.

Тарихшы Қайдар Алдажұмановтың пайымдауынша, ол кеңес үкіметі орнаған соң баспасөз саласында  қызмет етіп, аудармашылықпен айналысқан. Сол тұстарда дауасыз дерт құрығына ілігіп, соның салдарынан өмірден ерте өтеді. Деректерге қарағанда оның денесі Талдысай маңындағы Бұлақ қыстауында қойылған.

Арыстан қалған ұрпақтар

Сонымен, Әбдіхамиттің артында кім қалды? Ізі бар ма? Осы сауалдың көпшілікті ойландырары анық.

Журналист Балнияз Әжниязовтың зерттеуіне қарағанда, Әбдіхамит текті тұқымнан шыққан. Әкесінің аты — Темірғали, атасы — Жарми, ал Жүндібай — үлкен атасы, ол өз фамилиясына осы арғы атасының есімін таңдаған. Әкесі Темірғали да, атасы Жарми да патшалық кезеңде Қобда болысында әр ретте 3 жылға сайланатын халық биі қызметінде болған.

Жарми  Жүндібайұлы 1869-1871 жылдары Қобда болысы №2 ауылының биі қызметін атқарған.

Болыстық кезеңде 9 жыл халық  биі қызметін атқарған Темірғали Жармиұлы осы лауазымда ең  ұзақ уақыт бойы болғандар қатарынан саналады…

Жақында ғана біз Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Валерий Жүндібаевпен хабарласып, көптеген жайларды анықтадық.

Оның айтуынша, Әбдіхамиттің баласы Ермекбай пен зайыбы Лидия Федоровнадан дүниеге төрт ер бала келіпті. Ермекбай ақсақалдың өзі 2004 жылы өмірден озған.

Олардың үлкені Владимир Ташкент электротехникалық-байланыс институтын бітіріп, Орынбор облысының Гай қаласында біраз жыл кен байыту комбинатының жерасты барлау жұмыстарымен шұғылданған. Оның отбасында Владимир, Алексей, Виктор, Александр және Дмитрий деген балалар өсіп-жетілген.

Біз тілдескен Валерий Ермекбайұлының өзі 1954 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келіпті. Мәскеудегі Бауман атындағы жоғары техникалық оқу орнын бітірген. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық-техникалық университетінің құрметті профессоры, ҚР Ұлттық машина құрылысы және көлік академиясының академигі екен. Біраз жыл ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігінде, ҚР Экономика министрлігінде қызмет атқарыпты. Кеңес үкіметі кезінде 3 өнертапқыштық жаңалық иесі атанған.

Валерий Ермекбайұлының зайыбы Ғалия Қадырқызы Ақтөбеде туып-өскен, биология ғылымдарының кандидаты. Олардың үлкен қызы Карина Санкт-Петербург қаласындағы туризм академиясын бітіріп, сонда қызметте қалады. Ол ағылшын, неміс, испан, итальян, басқа да біраз тілді меңгерген.

Ал одан кейінгі қыздары Айгүл мен Гауһар ана тілдерінде білім алыпты.

Виктор Ермекбайұлы Саратов политехникалық институтын бітіріп, инженер-электрик мамандығын алып шығады. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Қарулы Күштер қатарында қызмет етеді. Ол — егеменді еліміздің Қарулы Күштерін жасақтаушылардың бірі. Зайыбы Любовь Михайловна екеуі Илья және Елена есімді екі перзент өсіреді.

Александр Ермекбайұлы — география ғылымдарының кандидаты, Тимур есімді ұлы бар.

Сөз түйіні

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары 2021 жылдың 3 наурызында Премьер-Министрдің орынбасары атына хат жолдап, «Қазақ Елі Тәуелсіздігі жолындағы ғасырлар бойғы жанқиярлық күрестердің ішінде Алашорданың орны ерекше» дей келіп, Алаш көсемдерімен бірге, мыңдаған жергілікті Алаш қайраткерлерінің қасиетті есімдерін ұлықтау маңызды екенін айтады.

Осы қатарда республиканың өзге өңірлерімен қатар, Ақтөбе аймағынан Құдайберген Жұбанов, Тел Жаманмұрынов, Телжан Шонанов, Ораз би Тәтеұлы, Ахметкерей Қосуақұлы, Сейдалы Оразалин есімдерімен тұстас Әбдіхамит Жүндібаев та аталады.

…Әбдіхамит Жүндібаевтың өмірі, революциялық қызметтері туралы зерттеу еңбектері көп деп айта алмаймыз. Бұл ретте біз тарихшы ғалым Нұржан Жетпісбайдың архив қорына үңіліп, нақты деректерді жұртшылық назарына көптен бері жүйелеп ұсынып жүргенін қанағат сезімімен айтқымыз келеді.

Сондай-ақ журналист Балнияз Әжниязов көзі тірісінде көп ізденіп, алашордашы тұлғаның келбетін жан-жақты ашу мақсатында бірнеше мақала жариялады. Бүгінде соның бәрі Жүндібаевты тану ісіне қосылған қомақты үлес деп білеміз.

Демек, жақсының аты өшпейді. Оның ел егемендігі, қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы жанқиярлық істері алдағы кезде де жария бола түсуге тиіс.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button