Спорт

Үш жеңістен кейінгі бір жеңіліс

Еуропа чемпионаты -2024

Қазақстан-Финляндия — 0:1

Бейсенбі, 7 қыркүйек күні өткен бесінші тур ойындарына Финляндия мен Қазақстан кәдімгідей табыспен келді. Екеуі де тоғыз ұпайдан жинап, бірінші-екінші орында тұрды.

Дегенмен турнир кестесіндегі көрсеткіш осындай болғанымен, финдердің біздің футболшылардан бір бас жоғары екенін де ұмытуға болмайтын. Олай дейтініміз, бұған дейін жерлестеріміз скандинавтықтардан төрт рет жеңіліп қалғаны мәлім еді. Рас, Қазақстанның Астанада Дания құрамасынан 0:2 есебімен ұтылып жатып ұтып кеткені де (3:2) мықтап есте қалған камбэк еді.

Не болғанда да, жігіттерімізді жаңа сын күтіп тұрды.

Бірінші таймда-ақ алаңда қарама-қарсы шабуылдар басталып кетті. Жанкүйерлері жан сала қолдаған біздің жігіттеріміз шегіншектеген жоқ. 7-минутта-ақ Абат Айымбетов қарсыластардың айып алаңына ентелеп бара қалған Бақтияр Зайнутдиновке әдемі пас тастады, бірақ Бақтияр сол аяқпен соққан доп қақпаның бұрышынан бір метрдей асып кетті. 26-минутта Абаттың өзі  қарсыластар қорғаушысын алдап өтіп, сол қанатқа ойнақтап шыға келді, бірақ соққысы онша қауіпті болмады, фин қақпашысы Лукаш Градецки қиналмай қақшып түсті. Ал 29-минутта допты Ян Вороговский қақпаға қарата қақпашының үстінен асыра тепті, бұл ретте де Градецки допты қиындықпен болса да аулаққа серпіп үлгерді. Одан соң Аслан Дарабаев айып алаңының сыртынан тепкен допты финляндиялық қақпашы және тырп еткізбей ұстап алды. Рас, қонақтар да біздің қақпамызды көздеп, бірнеше қауіпті шабуылдар жасады. Бір доптан қақпамызды Игорь Шацкий құтқарып қалды. Дегенмен ойынның бірінші бөлігінде есеп ашылмады. Айтпақшы, финдер бір гол соғып кетті. Бірақ доп ойын алаңының сыртынан шығып кеткен соң тебілгендіктен бұл гол, әрине, есепке алынбады.

Екінші тайм басталар-басталмастан қазақстандықтар есеп ашып кете жаздады. Сол қапталда жүрген Ян Вороговский допты айып алаңына тастады да, Исламбек Қуат оны Бақтияр Зайнутдиновке жеткізе қойды. Бірақ Бақтиярдың соққысы әлсіздеу болды да, Градецки допты аса қиналмай ұстап алды. Осы шақтан соң қонақтар күшке мінді. Мысалы, 63-минутта біздің Игорь Шацкий қақпамызға еніп кетерліктей допты айдалаға бағыттап үлгерді. Дегенмен финдер мақсатына жетті. 78-минутта Оливер Антман гол соғып кетті. Оған алаңға 67-минутта шыққан Глен Камара мен Беньямин Кельман жағдай жасап берді. Бұдан соң да жерлестеріміз тынымсыз шабуылдаумен болды. Дегенмен Рамазан Омаров пен Ислам Чесноков тиімді сәттерді пайдалана алмай қалды. Ал қарсыластар қарымта гол соққызбаудың барлық әрекетін жасап бақты. Сөйтіп, алаң иелері үш ұпайдан айырылды да қалды.

Шынын айтқанда, бұл ойында финдердің гол соғып кетуін заңдылық деп есептеу керек. Әсіресе бұл құраманың бапкері алмастыруларды дер кезінде жасап үлгергені байқалды. Ал көрсеткіштерге келсек, жерлестеріміз допты қақпаға бағыттауда да (5-8), қақпаға дәл бағыттауда да (3-4), бұрыштама орындауда да (4-9) қарсыластардан кемшіндеу түсіп жатты.

Қазақстан-Финляндия — 0:1

Гол авторы: Оливер Антман, 78-минут (0:1).

Қазақстан төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Ян Вороговский (Тимур Досмағамбетов, 82-минут), Нұралы Әліп, Марат Быстров, ​Александр Марочкин, Лев Скворцов (Еркін Тапалов, 66-минут), Асхат Тағыберген (капитан), Исламбек Қуат, Аслан Дарабаев (Рамазан Оразов, 66-минут), Бақтияр Зайнутдинов (Ислам Чесноков, 82-минут), Абат Айымбетов (Максим Самородов, 46-минут).

Бас бапкер — Магомед Адиев.

7 қыркүйек 2023 жыл. Астана, «Астана Арена» стадионы. 30 019 адам.

*   *   *

Беделді аналитикалық SofaScore сайты бұл кездесуден соң қазақстандықтар арасынан жоғары бағаны Нұралы Әліпке берді — 7.4. Одан соң Исламбек Қуат (7.3) пен Бақтияр Зайнутдиновтың (7.2) есімдері аталды. Ал Финляндия құрамасында қақпашы, капитан Лукаш Градецки жоғары балл алды — 7.5.

*   *   *

Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп іріктеу турнирінің бесінші турының символикалық құрамасына енді. Бұл құрамада сондай-ақ Данияның — 6, Словенияның — 3 және Финляндияның 1 футболшысы бар.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button