Спорт

Өңірімізде теннис спорты қалай дамып жатыр?

Теннис

Теннис — елімізде дамып келе жатқан спорт түрі. Облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде теннис  үйретіп жүрген болашақ спортшылардың қатары артып келеді. Осы тұста спорт мектебінің жаттықтырушыларымен, спорт шеберлерімен және оқушылармен әңгімелескен едік…

Балалар мен жасөспірімдер теннисі

Аталған спорт мектебі 2009 жылғы қыркүйек айында ашылды. Қазір спорт кешенінде алты ашық корты, төрт жабық корты, екі тренажер залы бар.

Теннис спортын насихаттау мақсатында қаланың жалпы білім беретін мектептерінде және балабақшаларда шағын теннис бөлімдері ашылды. Мұнда республикалық теннис федерациясының сертификаттарын алған денешынықтыру пәнінің нұсқаушылары сабақ береді. Мектепте оқу-жаттығу сабақтары тегін жүргізіледі. Орталықта 5 жастан 18 жасқа дейінгі 504 оқушы, барлығы 36 топ тенниспен шұғылданады. Теннистен тоғыз жаттықтырушы сабақ береді. Сонымен бірге бадминтон класы да бар. Спорт ғимараты 400 адамға шақталған. Мұнда жылына бір рет жаттықтырушылардың біліктілігін жетілдіру мақсатында республикалық теннис федерациясының мамандары шеберлік сабақтар, семинарлар өткізеді, — дейді спорт мектебінің директоры Наталья Сокольская.

Оның айтуынша, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстар жоспар бойынша өткізіледі. Осы додаларда ел мерейін асқақтатып жүрген споршыларымыз да баршылық.

— Спортшымыз Ева Корышева «Tennis Europe» турнирі және Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен екінші санаттағы «Soup Cup» (U14) турниріне қатысып, жеңімпаз болса, Ахмади Маханов халықаралық турнирдің күміс жүлдегері атанды. Бұдан басқа да спортшыларымыздың жетістігі баршылық. Балалар арасында өткен жарыста споршыларымыз Қазақстан Кубогын иеленді. Сондай-ақ арбадағы теннистен өткен Қазақстан Кубогында Ақтөбе командасы екінші орынды жеңіп алып, жоғары нәтиже көрсетті. Біздің басты мақсатымыз — өңірдегі теннис спортын дамытуға үлес қосып, халықаралық дәрежедегі жарыстарға спортшылар даярлау. Ол үшін балаларға жаттығумен айналысуға барлық жағдай қарастырылған,дейді ол.

ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕК:

Қазіргі күнге дейін үлкен теннисті кім ойлап тапқаны белгісіз. Бірақ кейбір нұсқалар бойынша британдық майор Уолтер Уинфилд қонақтарының көңілін сергіту үшін ойлап тапқан деген деректер бар. Ал 1873 жылы үлкен теннистің ең алғашқы ережесі жарияланған.

Басқа спорт түрлерімен салыстырғанда теннисте жарақат алу сирек кездеседі. Британдық ғалымдардың айтуынша, тенниспен айналысатын балалардың арасында басқа балаларға қарағанда сүйек сыну қаупі әлдеқайда төмен болып келеді.

Теннис ойынының шапшаң шешім қабылдауға септігі мол. Мысалы, кәсіпқой теннис ойыншыларының соққысы допты 200 км/сағ жылдамдықпен ұшырады, сондықтан олар шапшаң шешім қабылдауы керек.

Аталған спорт мектебі бүгінде теннистен Қазақстанның екі мәрте чемпионы Даниял Тасқали, бес мәрте Азия ойындарының жеңімпазы, теннистен ел құрамасының мүшесі Александр Черномаз, спорт шеберлігіне кандидат Артур Хайрутдинов сынды бірнеше чемпион, жүлдегерлерімен мақтанады. Соның ішінде балаларды бұқаралық спорт түріне даярлап жүрген жаттықтырушылардың бірі Жасұлан Алниязов теннис спортының артықшылығын айтып берді.

Мен 10 жасқа дейінгі балаларды және арбадағы спортшыларды жаттықтырамын. Спорт мектебінде 2017 жылдан бері жұмыс жасаймын. Алты жылдан бері осы спорт мектебінде шәкірт даярлап келемін.

Тенниске барған балалардың жеңіске деген күш-жігері мықты болады. Бұл спорт адамның сүйектерін нығайтып, қанайналым жүйесін жақсартады.

Жалпы оқу процесі қызықты өтеді. Мектепке әсіресе 10-12 жас аралығында балалар көп келеді. Бір қуантатыны, бүгінде теннис спорты балабақшалар мен мектептерде де жақсы дамып келеді. Бұл бағытта облыстық теннис федерациясы зор көмек көрсетіп отыр.

Балалардан бөлек инклюзивті теннис бойынша арбадағы мүмкіндігі шектеулі адамдарды жаттықтырамын. Тірек-қимыл жүйесі зақымданған балаларды оңалту үшін инклюзивті теннистің пайдасы зор. Мәселен, Дастан Ниязов есімді спортшымыз екі жылдан бері тенниспен шұғылданып жүр. Ол инклюзивті теннистен Италияның Альгеро қаласында өткен халықаралық турнирге қатысып, жүлдегер атанды. Болашақта арбадағы спортшыларымызды Әлем чемпионаттарына қатыстыру жоспарымызда бар. Ол үшін демеуші мен қаржылай қолдау болса, арбаларымызды жаңартып, инклюзивті теннисті дамытқымыз келеді, — дейді жаттықтырушы.

Дінмұхаммед ҚУАНЫШБАЙ, оқушы:

Тенниспен 4 жасымнан бастап айналысамын. Бала күнімнен теннис спорты мені ерекше қызықтырады. Теннис адамның ойлау қабілетін дамытып, бұлшықеттерін шынықтырады. Ең алдымен, физикалық дайындық мықты болу керек деп ойлаймын. Теннис ойнауға апта сайын келемін. Күніне 2 сағатымды теннис орталығында өткіземін. Әрине, жеткен жетістігім жаттықтырушыларымның еңбегі екені сөзсіз. Теннис ойыны шапшаң шешім қабылдауға көмектеседі. Оған қоса ойыншылар жұптасып ойнаса, жауапкершілікке және командалық ойынға үйренеді.

Ақтан ШОНҒАРИН, споршы:

Инклюзивті тенниспен айналысқаныма төрт айдың жүзі болды. Спорт мектебіне оңалту орталығында жүрген кезімде келдім. Досым маған теннистің бұлшықетке пайдасы зор екендігін айтты. Одан бөлек жеңіл атлетикамен де шұғылданамын. Спорт мектебі және «ACE» теннис орталығы балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу мақсатында түрлі турнирлер өткізеді. Өзім балалардың спортпен айналысып, бос уақытын ұтымды пайдаланғанын көріп қуанып отырамын. Алдағы уақытта қолым шыныққан соң мен де республикалық, облыстық турнирлерге қатысқым келеді.

Жасұлан Алниязов спортшылардың кәсібіндегі жеңісінен бөлек, олардың денсаулық жағдайы мен күтімі үлкен маңызға ие екендігін атап өтті.

Теннисшілерді жарыстан кейін қалпына келтіру шарасы педагогикалық, психологиялық және медициналық-биологиялық түрге бөлінеді. Медициналық-биологиялық шараға денсаулық жағдайын бағалау және есепке алу жұмыстары жатады. Жарыстан соң спортшыны қайта қалпына келтіру үшін физиотерапиялық және арнайы температуралық процедуралар, оксигенотерапия, сауна, акупунктура сияқты бальнеологиялық әдістер қолданылады. Сондай-ақ спортшының дұрыс тамақтанып, дәрумен қабылдауы бұлшықеттің тез қалыпқа түсуіне көмектеседі, — дейді ол.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button