Спорт

Ақырғы асу

Конференция лигасы

Сонымен, «Астана» Конференция лигасының топтық кезеңіне шықты. «Ордабасы», «Ақтөбе», «Тобыл» командаларынан қайран болмады. Бұл ретте де Чемпиондар лигасында, Еуропа лигасында жолы болмаған астаналықтар былтырғы жеңімпазымыз ретінде ақыры Конференция лигасының топтық кезеңіне тұяқ іліктірді.

Әлбетте жеребе тартқанда клубтар әрқайсысының өз қуат-күшінің шама-шарқына қарай іріктеледі. Сол себепті тізімге де командалар әліпбилік әріптер реті бойынша емес, салмағына қарай таңбаланады.

Конференция лигасының топтық кезеңінің «С» тобы былай тізімделіпті:

«Динамо (Загреб, Хорватия), «Виктория» (Чехия), «Астана» (Қазақстан), «Балкани» (Косово). Яғни «Астана» әзірге бірінші немесе екінші орынға толық лайықты емес деген болжам бұл.

Осы төрттіктің ішінде бірінші орынға шыққан команда 1/8 финалға бірден жолдама алады. Ал екінші орын алған клуб 1/8 финалға шығу үшін Еуропа Лигасының топтық кезеңінде үшінші орын алған командалармен тоғыспа кездесулер (стыковые матчи) өткізеді. Жеңсең, міне, жолдамаң. Жеңілсең, келесі жылға дейін қош бола тұр.

Біздің топтағы клубтар қазақстандық жанкүйерлерге біршама таныс екені мәлім.

Біз де тізім бойынша атап өтелік.

Загребтік «Динамо» өткен жылы (2022-2023) Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған. Тіпті алғашқы кездесуде атақты «Челси» командасын 1:0 есебімен ұтып сенсация жасаған. Бірақ қалған бес ойында одан әрі оза шаба алмады: бір рет тең түсіп, төрт рет ұтылды.

Сол жылы сол топтық кезеңде «Виктория» да ойнады. Чехиялық команда алты кездесудің алтауында да жеңіліске ұшырады, тең ойынға да қолдары жетпеді. 5 гол соғып, өз қақпасына 24 доп өткізіп алды. Мысалы, «Барселонадан» (1:5), «Бавариядан (0:5), «Интерден» (0:4) ойсырай жеңілді.

Ал «Балкани» Конференция лигасының топтық кезеңінде (2022-2023) ойнағанымен төрт рет ұтылып, бір жеңіс пен бір тең ойынды ғана қанағат тұтты.

Бұдан шығады, қалай болғанда да, біздің үш қарсыласымыз да осалдар қатарынан емес.

Енді биылғы жылға келейік.

«Динамо» (Загреб) биылғы жазда біздің «Астананы» Чемпиондар лигасында екі кездесуде жалпы есеп бойынша 6:0 есебімен ұтып (4:0; 2:0), Еуропа лигасына ысырып тастаған болатын. Қосымша айта кетсек, «Астана» бұл лигада да табан тірей алмады. Болгарияның «Лудогорец» командасынан жалпы есеп бойынша 6:3 есебімен жеңіліп (1:2; 5:1), Конференция лигасына сырғып түсті.

Биыл «Викториямен» біздің «Тобыл» да тамыз айында күш сынасты. Конференция лигасының плей-офф кезеңіндегі ойында чехиялықтар «Тобылды» екі кездесуде де ұтты: 2:1; 3:0.

Осылайша жіктегенде «Астананың» үш қарсыласының екеуі қазақстандық футболшылармен кездескен және жеңген болып шығады.

Енді бізге Конференция лигасының 21 қыркүйекте басталып, 14 желтоқсанда аяқталатын осы топтық кезеңінің ойындарын күту ғана қалып тұр.

 Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button