БілімБасты жаңалықтар

Жаңа оқу жылында не өзгереді?

«Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет.
Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауынан.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл 1 қыркүйек күні Ақтөбе облысында 45731 тәрбиеленушісі бар 595 мектепке дейінгі ұйым, 183096 оқушысы бар 428 мектеп, 26000 студент оқитын 41 колледж жаңа оқу жылын бастайды. Бірінші сыныпқа қабылданған 18459 жас талапкер алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ.
Өңірдегі білім шаңырақтары балақайлар мен оқушыларды қабылдауға түгел дайын ба? Жаңа оқу жылында қандай жаңалықтар болады? Не өзгереді, әлде бәрі бұрынғыша ма? Біз бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуовамен әңгімелескен едік…

Балабақша кезегі едәуір қысқарды

Биыл өңірде 1505 балаға арналған 19 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Жыл соңына дейін 1095 орындық 7 балабақша іске қосылмақ.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, соңғы үш жылда өңірімізде мектепке дейінгі ұйымға жолдама алу кезегі екі мың орынға қысқарған. Себебі облыста жекеменшік балабақшалардың желісі жақсы дамып келеді.
— Облыстағы 1,6 жастағы балалардың балабақшамен қамтылу үлесі — 88,4 пайыз. 2025 жылға дейін жеке инвесторлар есебінен 8105 орындық 99 балабақша ашу жоспарланып отыр, — дейді Нұргүл Бертілеуова.
Білім сапасы педагогтердің кәсіби білім-білігіне байланысты. Білім басқармасының дерегіне сүйенсек, облыстың мектепке дейінгі ұйымдарында жұмыс жасайтын 4704 педагогтің 89 пайызының ғана кәсіптік білімі бар. Дегенмен бұл көрсеткіш соңғы 5 жылда 39 пайызға жақсарды.
Мемлекет басшысының тәрбиешілердің мәртебесін көтеру, кәсіби әлеуетін арттыру және жалақысын көтеру тапсырмасына орай, биыл мектепке дейінгі ұйымдардың 725 педагогінің біліктілігін арттыру жоспарланған. Қалай десек те, әрбір үйдің еркесін тәрбиелеп қана қоймай, білім нәрімен сусындататын тәрбиешілердің еңбегі зор. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға кәсіби мамандарды тарту мақсатында осы жылдың қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің еңбекақысы 30 пайызға өседі.
Тағы бір жаңалық — жыл соңына дейін балабақшаға кезекке қоюдың республикалық бірыңғай деректер базасы әзірленбек.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын арнайы санаттағы отбасылардан шыққан 6 мыңға жуық бала тегін тамақпен қамтылады, — дейді Н.Бертілеуова.

22 мектеп салынады.

Жаңа оқу жылынан бастап облыстағы білім шаңырақтарының саны артпақ.
Өкінішке қарай, өңірде 6 үш ауысымды, 5 апатты мектеп бар. Ақтөбе қаласындағы №12, №60, №63, №64, №78 және Шалқар ауданында бір мектеп үш ауысымда жұмыс жасайды. Ал апатты мектептер Ақтөбе қаласында, Әйтеке би, Қобда, Темір, Шалқар аудандарында бір-бірден бар.
— Үш ауысымды, апатты және орын тапшылығы бар мектептердің мәселелерін шешу мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында 24390 оқушыға арналған 44 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Биыл 5270 орынға арналған 22 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 18 мектептің құрылысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қолға алынса, 14 мектептің құрылысы биыл басталып, келесі жылы аяқталады. Алдағы жылы 3500 орынға арналған 4 мектептің құрылысы басталып, 2025 жылы пайдалануға беріледі. Ұлттық жоба аясында салынатын білім ошақтары заманауи жабдықтармен жабдықталып, шын мәнінде жайлы мектеп болады.
Жыл аяғына дейін 3 710 орындық 6 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде Білім күнінде Батыс тұрғындар алабында 2620 орындық «Білім смарт» деп аталатын жеке мектеп және Алға ауданы Маржанбұлақ ауылындағы 300 орындық орта мектеп пайдалануға берілмек, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

114 мектеп жаңарды

Өңірде біраз мектеп жаңарып, кейбірінде инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сәйкестендіріліп жатыр.
Ел Президентінің шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда жыл сайын кемінде 1000 мектепті заманауи стандарттар бойынша жаңғырту жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде қазіргі күні облыста 114 мектеп жаңғыртылды. 2025 жылға дейін 168 мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Биыл 56 мектепті жаңғырту үшін 1,1 миллиард теңге бөлінген.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, 2023-2027 жылдар аралығында 450 кабинет жабдықтарын сатып алу жоспарланып отыр. Биыл 92 мектепке 158 жаңа модификациялық кабинет алынып, нәтижесінде пәндік кабинетпен қамту 83 пайызға жеткізілмек.
Білім беру ұйымдарының жедел және аса қажет ететін жөндеу жұмыстарына басты назар аударылып, жыл сайын қарастырылған қаражат бойынша жөндеу кезең-кезеңмен жүргізіледі. 33 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджет есебінен 4,8 миллиард теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жасалып жатыр.

Тегін тамақ және мектеп формасы

Жаңа оқу жылының тағы бір жаңалығы — бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
— Биылғы оқу жылында өңірдегі 1-4 сыныптардың барлық 72 841 оқушысы тегін ыстық тамақ ішетін болады. Бұл мақсатта 2,6 миилиард теңге бөлінді. Сондай-ақ жалпыға міндетті оқыту қоры есебінен халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасылардың 1-11 сынып аралығында оқитын 15168 баласы дәл осындай тегін ыстық тамақпен қамтылады. Ыстық тамақ күн сайын бір мезгіл беріледі, — дейді Нұргүл Бертілеуова.
Жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді. Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, ата-аналардың өздері мектеп формасының өндірушісін таңдап, бөлшек сауда желісі арқылы сатып ала алады.
Сонымен қатар білім ордаларын оқулықтармен қамтамасыз ету мақсатында биыл 16 баспаханамен 176 келісімшарт жасалып, оқулықтарды сатып алуға 1,9 миллиард теңге бөлінген. 1 қыркүйекке дейін кітаптар мектептерге жеткізіліп, балаларға берілетін болады.

«Талапкер» жобасы басталады

Облыс аумағындағы 41 колледжде жаңа оқу жылында 26 мың жас білім алады.
Биылғы жаңашылдық — колледж түлектері QR-коды бар дипломдарға ие болды. Деректерді автоматты сәйкестендіру мен верификациялау, яғни QR-код технологиясын қолдану жалған диплом жасаудан қорғауға және жұмыс берушілердің диплом түпнұсқалығын бірден тексеріп алуына мүмкіндік береді.
Жаңа оқу жылында «Талапкер» қанатқақты жобасы жүзеге асырылмақ.
— Биылдан бастап мектептердің 10-11 сынып оқушылары пилоттық режимде бір уақытта мектепте де, колледжде де оқу мүмкіндігіне ие болады. Балалар түске дейін мектепте 10-сыныпта оқып, жұмысшы біліктілігіне ие болғысы келсе, түстен кейін бюджет қаражаты есебінен колледжде білім алып, қажетті құзыретті ала алады. Бұл жоба уақытты үнемдеуге, бос уақытты тиімді өткізуге және мектепте оқумен қатар, жұмысшы біліктілігін алуға мүмкіндік береді. Жобаның алғашқы қатысушылары — автожол және сервис колледждері мен Ақтөбе қаласындағы №39, №1 орта мектептері болмақ, — дейді Нұргүл Бертілеуова.
Облыстық білім басқармасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 24 колледжді 24 кәсіпорынның шефтік қамқорлыққа алуы бойынша жұмыстар жүргізді. Мұнда шефтік қамқорлық көрсететін кәсіпорындар колледждердің қорғаншылық және өндірістік кеңестеріне енді, олар педагогтердің кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтуіне, колледждердің зертханаларын жабдықтауға қолдау білдіреді. Сондай-ақ студенттердің әрі қарай жұмысқа орналасу мүмкіндігімен кәсіби және өндірістік тәжірибеден өтуі ұйымдастырылады.
Биыл елімізде еңбек нарығына талдау жүргізіліп, техникалық және кәсіптік салада тапшы мамандықтар тізімі жасалған. Сол жерде біздің өңірде тігінші, тракторист-машинист, дәнекерлеуші мамандығына сұраныс басым екендігі анықталды. Бұл бағыттағы негізгі міндет — жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін мамандарды даярлау. Тағы бір жаңалық — дуалды оқытуды дамыту үшін кәсіпорындарды ынталандыру мақсатында өндірістен тәлімгерлерге еңбекақы төлеу нормасы енгізілді. Сонымен қатар енді дуалды оқыту кезіндегі өндірістік тәжірибеден өту мерзімі студенттің еңбек өтіліне есептеледі.
Облыстық білім басқармасы мәліметінше, «Жас маман» жобасы аясында облыстың 11 колледжі заманауи құрылғылармен жабдықталды.

P.S. Жаңа оқу жылының ең басты жаңалықтарының бірі — орта мектеп оқушылары үшін 34 апталық оқу бағдарламасы қайтарылды. Яғни мектеп оқушылары жазғы демалысқа бұрынғыдай 25 мамырда шығады.

Айнұр Жалмағанбетова.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button