Әлеумет

Ақтөбеде проблемалық үйлердің құрылысын аяқтау жұмыстары жалғасуда

Ақтөбеде алданып қалған үлескерлердің сұрақтарын шешу шаралары жалғасып жатыр. Облыс орталығында 540 үлескер қаражатын салған 11 тұрғын үй кешені бар, құрылысы 2015 жылдан бері тоқтап тұр.

Олардың құрылысын аяқтау үшін былтыр күзде облыс әкімдігі инвесторлар іздеген еді. Нәтижесінде нысандардың көбінде жұмыс қайта басталып, қазіргі таңда белсенді түрде жалғасын табуда.

Мәселе – облыс әкімі Ералы Тоғжановтың қатаң бақылауында. Бүгін өңір басшысы бірнеше құрылыс алаңындағы жұмыстардың барысымен танысты.

Үш блоктан тұратын «Кәусар» тұрғын үй кешені – «КазЭкоСтройАктобе» ЖШС жобасы. Өкінішке орай, аталмыш мекеме үлескерлер алдындағы міндетін орындамаған. Осы жобаға инвестор болған «КазакПромСтрой» ЖШС септігімен А блогінің құрылысы биыл күзде бітеді деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 55 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Кезекте тағы 85 пәтерлі екі блок тұр.

Мұндай жұмыстар «Ақтау-2022», «Ақниет-2022», «Сафина» ТК және т.б. тұрғын үй кешендері бойынша жүргізілуде.

Нысандарды қарап шыққаннан кейін облыс әкімі барлық аумақтарда жұмыс күшін арттыруды тапсырды, бұл жұмысты жеделдетуге мүмкіндік береді.  Ералы Тоғжанов құрылыс барысында туындайтын мәселелерді шешуде инвесторларға жан-жақты көмек көрсету қажеттігін алға тартты.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button