Құқық

Қызметіне сәйкес еместігі ескертілді

Тәртіптік кеңес

Мемлекеттік органдардың өзге мекемелердің ісіне жөнсіз араласуға құқы жоқ. Мұндай әрекеттер жең ұшынан жалғасуға, сыбайлас жемқорлыққа жол ашады. Еліміздің «Сыбайлас жемқорлық туралы» Заңында тап осылай көрсетілген. Облыстық прокуратура тарапынан тексеру кезінде Ақтөбе облысы бойынша байланыс және ақпараттандыру инспекциясының «Аксиком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметіне заңсыз араласқаны анықталған. Істің талапқа сай ұйымдастырылып отырғанын біле тұра, серіктестіктің қызметіне бірнеше мәрте тексеру жүргізілген. Тексеру нәтижесінде нақты кемшіліктер табылмаған. Соған қарамастан инспекция тарапынан жосықсыз тексеру жалғаса берген.Сөйтіп бұл жерде мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ортақ талаптары мен жалпы принциптері бұзылған.

Осы фактілерді облыстық прокуратураның өкілі өткен аптада болған Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында баяндады. Аталған инспекцияның бұған жол берген бөлім бастығы Күнсұлу Жакимованың, бас маманы Бақтылы Балабекованың кінәлары мойындарына қойылды. Тәртіптік кеңес мүшелері бұл аталған мемлекеттік қызметшілерге қатысты қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде бірауызды шешім алды.

Тобыл-Торғай экологиялық департментінде де құқықбұзушылық фактілері орын алған. Бұл мәселе де осы күні болған отырыста талқыға түсті. Мәселенің мән-жайы мынадай:  Бұлжымай сақталуға тиісті мемлекеттік заң талаптары бойынша бас маман сияқты лауазымдық санаттағы мемлекеттік қызметшінің жоғарғы кәсіптік білімі болуы қажет. Орта арнаулы білімі бар маманның мемлекеттік қызметте кемінде бір жыл тәжірибесі және кемінде екі жыл сол салаларда жұмыс өтілі болған жағдайда ғана өсіруге болады. Ал Тобыл-Торғай  экология департаментінің қызметкері Д.Бөкенбаевтың білімі орта, мемлекеттік қызметтегі өтілі 7 ай, 6 күнді құрайтын. Жетекші маман міндетін атқарғанына 5 ай, 28 күн толған еді. Яғни бас маман лауазымының талаптарына сәйкес еместігі белгілі болатын. Алайда ол осы лауазымға өтіп кеткен. Тобыл-Торғай  экология департаменті кадрлармен қызметінің бас маманы Әлібек Насрадинов Д. Бөкенбаевтың мемлекеттік қызметтегі өтілін біле тұра, бұған жол берген. Ал мұның сыбайлас жемқорлық  әрекеттерінен қашық қона алмайтынын әркімдер де түсінеді. Тәртіптік кеңес мүшелері бұл мәселені талқылай келе, аталған департаменттің бас маманы Әлібек Насрадиновке қатысты істің материалдарын мәні бойынша шешім қабылдау үшін Тобыл-Торғай  экология департаментіне жолдады.

Таяуда мемлекеттік қызмет істері тарапынан Қарғалы ауданындағы мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдылықтардың сақталуына тексеру жүргізген болатын. Тәртіптік кеңес өзінің отырысында осы тексерулердің қорытындыларын да қарады. ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексінің талаптарын бұзған бірқатар селолық округтердің әкімдеріне, аудандық әкімдіктің бөлім бастықтарына ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button