Әлеумет

Банк арқылы баспана алу шарттары өзгерді

15 тамыздан бастап жергілікті атқарушы органдарда баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін әлеуметтік тұрғын үйлерді бөлу жаңа әдіспен жүзеге асырылатын болды. Бұл жөнінде Отбасы банк өкілдері хабарлады. Аталған банктің 2023-2029 жылдарға арналған Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес жаңа шарттар қолданысқа енгізілмек.

Жаңа шарттарға сәйкес 10 пайыздан басталатын алғашқы жарна болған жағдайда несие 20 жылдық мерзімге жылдық 2% және 5% мөлшерлемесімен беріледі.

Жергілікті атқарушы органдарда баспана алу кезегінде тұрған азаматтар, оның ішінде бірінші және екінші топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, көпбалалы аналар жылдық 2% мөлшерлемесімен қолжетімді несие алуға өтініш бере алады. Қазір осы төрт санат бойынша елімізде 227 мың адам баспана кезегінде тұр.

Мүгедектік бойынша жәрдемақы қосымша табыс ретінде ғана қарастырылады. Егер мүмкіндігі шектеулі азаматтың кірісі болмаса немесе жеткіліксіз болса, онда ол қосымша қарыз алушыларды тарта алады. Ал бұрын бұл мақсатқа тек жақын туыстары — күйеуі немесе әйеліне, я болмаса кәмелеттік жасқа толған балаларына ғана кепілгер ретінде қатысуға рұқсат берілетін.

1 және 2-топтағы мүгедектігі бар азаматтарды қолдау және олардың баспана мәселесін шешуге көмектесу мақсатында қосымша қарыз алушылардың тізімі кеңейтілді. Енді зағип жандар кепілгер ретінде туған ата-анасын, асырап алған ата-анасын, асырап алған балаларын, бір ата-анадан туған және бір ата-анадан тумаған аға-інілері мен апа-сіңлілерін, сондай-ақ атасы, әжесі, немерелерін тарта алады.

Пәтер сатып алу мәмілесі тікелей мемлекеттік бағдарламаға қатысушымен жасалатын болады. Бұл жағдайда 1 және 2-топтағы мүгедек еңбекке жарамсыз болса, өкінішке қарай, ол мемлекеттік бағдарламаға қатыса алмайды, — дейді Отбасы банктің Ақтөбе облыстық филиалы бизенсті дамыту бөлімінің бірінші санатты маманы Сәкен Сүлейманов.

Тағы бір жаңашылдық — жаңа тұжырымдамаға сәйкес несие алу барысында барлық санаттар үшін кіріске шектеу қойылмайды. Бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар бойынша отбасының әрбір мүшесінің соңғы алты айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен белгілі бір мөлшерде аспауы керек деген талап бар болатын.

Сондай-ақ бұдан былай қатысушылар несиенің ең жоғарғы сомасы бойынша шектеу дегенге бас қатырмайтын болады. Бұрын әр аймаққа байланысты тұрғын үй құнына 10 миллионнан 18 миллион теңгеге дейін шектеу қойылатын. Әлеуметтік тұрғын үй 3-4 жайлылық класына сәйкес келіп, пәтердің максималды ауданы 80 шаршы метрден аспайтын болады.

Сәкен Сүлеймановтың айтуынша, енді мемлекеттік бағдарламаға қатысу туралы өтінімдер otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында жылжымайтын мүлік объектілері аясында қабылданады. Бұл — бұдан былай Қазақстан бойынша өтінімдерді жалпылама қабылдау болмайды деген сөз. Яғни мемлекеттік бағдарламалардың әлеуетті қатысушылары енді бірден белгілі бір аймақтағы нақты нысандағы нақты пәтерді таңдап, өтінім беретін болады.

— Мәселен, қазіргі таңда жылдық 2% мөлшерлемемен заем алып, азаматтар қоныстана алатын нысандар Шымкент пен Ақтөбе қалаларында ғана дайын. Бұл — бірінші кезеңде мемлекеттік бағдарламаға осы екі облыстың тұрғындары ғана өтініш беріп, қатыса алады деген сөз. Қалған өңірлердің тұрғындары жергілікті атқарушы органдар салатын белгілі бір өңірдегі жылжымайтын мүліктің дайын болу уақытына қарай бағдарламаға қатыса алады. Барлығы сайтта жарияланады. Сондықтан үй алғысы келетіндер банктің сайты мен әлеуметтік желілеріндегі ақпаратты қадағалап отырғаны жөн, — дейді банк өкілі.

Тұжырымдамаға қатысушыларды таңдау барысында тұрғын үй кезегіне тұру уақыты мен қабылдану санаты негізгі критерий ретінде қарастырылатын болады.

Яғни үміткерлер арасынан әлеуетті қатысушыларды іріктеу кезінде бірінші кезекте 1 және 2-топтағы мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға басымдық беріледі. Жылжымайтын мүлік азамат баспана кезегінде тұрған аймақтан сатып алынуы керек.

Тұжырымдама аясында жергілікті атқарушы органдар арқылы салынған әлеуметтік несиелік тұрғын үйлерді ғана сатып алу көзделеді. Оның бар-жоғын otbasybank.kz порталынан көруге болады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button