Әлеумет

Жәрмеңкеге барды, жолдама алды

Ақтөбе қаласының мансап орталығы мен Алматы ауданы әкімдігі және «Жастар рухы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді.

Жәрмеңкеге 54 мекеме мен кәсіпорындардың өкілдері келіп, 503 бос жұмыс орнын ұсынды.  Оның ішінде заңгер, педагог, есепші, логопед, пән мұғалімдері, менеджер, жүргізушілер, жұмысшыларға сұраныс бар. Әсіресе жүргізушілер мен жұмысшылар іздеп келгендер көп. Айталық, «ATK Qyzmet» ЖШС-на кем дегенде 10 жүргізуші керек. Жұмысшыларды көбірек қабылдауға дайын. Қаланы тұрмыстық қалдықтардан тазалайтын серіктестіктің жұмысшыларға беретін жалақысы айына  250 мың теңгеден басталады.

Жәрмеңкеде 1 айлық жалақысы 350-400 мыңға дейін болатын жұмыс орындары ұсынылды.

Іс-шара барысында бос жұмыс орындарын ұсынып қана қоймай, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға қайтарымсыз грант және жастарға арналған шағын несие алу, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлау курстарынан өту мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.

Қатысушылар арасында кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жоғары және арнаулы-орта оқу орындары түлектеріне мамандықтары бойынша еңбек тәжірибесін жинақтау мақсатында жастар тәжірибесі, алғашқы жұмыс орындарының келісімшарт үлгілері ұсынылды.

Жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу мақсатында өткізілген жәрмеңке аясында нәтижелі әрі тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар. Жұмыссыздар, өзін-өзі қамтушылар, аз қамтылған отбасы мүшелері, мүмкіндігі шектеулі адамдар, борышкерлер, пробация қызметі есебінде тұрғандарға  ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің өкілдері қызметке тұру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жәрмеңке аясында оқуын аяқтаған түлектер жұмыс берушілермен тікелей қарым-қатынас орнатып, әңгімелесу арқылы жұмысқа орналаса алады. Жәрмеңкеде 67 жұмыссыз адам түйіндемесін беріп, 38 жұмыссызға  жолдама берілді.

Бос жұмыс орындары (www.enbek.kz) электронды еңбек биржасы порталында жарияланады. Бүгінде порталда Ақтөбе қаласы бойынша 933 бос жұмыс орны мен 1741 түйіндеме орналастырылған.

Жыл басынан бері 3 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіліп, 137  адам тұрақты жұмысқа тұрды, — дейді «Ақтөбе қаласының мансап орталығы» филиалының басшысы Айна Мурзатаева. Оның айтуынша, Ақтөбе қаласында жыл басынан бері  9900-ден астам адам жұмыспен қамтылған, оның 5 мыңға жуығы —жастар.

Жәрмеңкеде мемлекеттік қайтарымсыз грант алғандардың өнімдері қолданған көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестік қоры қала тұрғындарына қолдан жасалған бұйымдарын ұсынды.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button