БілімБасты жаңалықтар

190 жас облыс әкімінің атаулы стипендиясына ие болды

IT HUB орталығында облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиын барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов 190 студентке облыс әкімінің атаулы стипендиясын табыстады.

Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен кеңес отырысына кеңес мүшелері, волонтерлік ұйымдардың өкілдері, ауыл әкімдері, жас спортшылар мен өнерлі жастар, белсенді студенттер қатысты.

— Өңірімізде 14 пен 35 жасқа дейінгі 266 789 мың жас бар. Бүгінде білімді әрі білікті жастар басшылардың жаңа буынын қалыптастырып жатыр. Мәселен, бір аудан әкімі, бір басқарма басшысы, екі басқарма басшысының орынбасары Президенттік кадр резервінен тағайындалды. Сондай-ақ ауылдық округ әкімдерін тағайындауда да жастарға көңіл бөлініп отыр. Мәселен, өңірдегі 134 ауылдық округтің 25-інде 35 жасқа толмаған жастар әкім болып қызмет етіп жүр. Облыс әкімі қызметіне тағайындалғаннан бері жастармен бірнеше рет кездестім. Келелі ойлар, келісті пікірлерін тыңдап, көтерген мәселелерін шешуге, идеяларын іске асыруға жұмыс жасап келеміз, — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Кездесуде қатысушылар жастар саясатын, жастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік шараларды іске асыру, жұмыспен қамту, бос уақытты тиімді өткізу, сондай-ақ креативті индустриялар мен IT-технологияларды дамыту мәселелерін талқылады. Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде, өңірімізде жастарды қолдау үшін қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мәселен, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және қабілеттерін іске асыруға жағдай жасау мақсатында Ақтөбеде еліміздегі алғашқы шығармашылық орталық, MakerSpace шығармашылық зертханасы ашылды, онда барлық жастарға есік ашық. Облыстың он екі ауданында осындай орталықтар ашу жоспарланып отыр. Жақында IT-Нub жұмыс істей бастады, ол IT саласының мамандары мен әуесқойларының бас қосатын орнына айналды. Aqtobe IT Hub алдында стартап-жобаларды қолдау, іске асыру және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру сияқты ауқымды міндеттер тұр.

Өңір басшысы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында Ұлыбританияның әйгілі Хериот-Уатт университетінің филиалы ашылғанын, өткен жылдың қараша айында ауылдардағы шағын жинақты мектептерді қолдауға, дамытуға арналған «Білім ALL» өңірлік жобасы басталғанын айтты. Қазіргі уақытта жоғары тиімділігі дәлелденген бұл жоба — еліміздің өзге өңірлеріне үлгі. Ералы Тоғжанов жұмыспен қамту мәселелері де шешіліп жатқанын алға тартты.

— Жастар арасындағы жұмыссыздық — өзекті мәселелердің бірі. Алайда жұмыс істегісі келетін, отбасының жағдайын жақсартқысы келетін адам үшін қазіргі уақытта барлық жағдай жасалған. Мемлекет берген мүмкіндіктерді барынша пайдалана отырып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу арқылы өз бизнесіңізді бастауға болады. Осылайша жастар өздері үшін ғана емес, отбасы мүшелері үшін де жұмыс таба алады. Тек талмай еңбек ету керек, — деді Ералы Тоғжанов.

Жиын барысында облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан, АSTANA HUB орталығының Ақтөбе қаласы бойынша өңірлік менеджері Марат Шотанов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мәншүк Балмағамбетова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асланбек Шүйіншалиев өз салалары бойынша жастарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігі мен қазіргі таңда өңірде жүзеге асырылып жатқан түрлі жобалар туралы баяндады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асланбек Шүйіншалиевтің айтуынша, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасы қатысушыларының 40 пайызы — 35 жасқа дейінгі жастар. Жалпы жоба басталғалы қатысушы ауылдарда жұмыссыздардың 30 пайызы жұмыспен қамтылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 3,9 мың адамға азайды.

Талқылау барысында қатысушы жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, жастар саясатын жетілдіруге қатысты ұсыныстарын айтты. Сұрақтарға жауап бере отырып, облыс әкімі келесі жылы «Ақтөбе жастары» ипотекалық бағдарламасына бөлінетін қаражат көбейтілетінін атап өтті. Мұның есебінен көп жас жеңілдетілген шарттармен баспана сатып алуға мүмкіндік алады. Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі алдағы уақытта «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасын іске асыру және креативті индустрияларды дамыту бойынша облыстық форум өткізуді тапсырды.

Жиын соңы марапаттауға ұласты: облыс әкімінің атаулы стипендиясы 190 студентке тапсырылды. Биыл стипендия 190 дарынды жасқа, атап айтқанда, халықтың әлеуметтік осал топтарынан, үлгерімі жақсы әрі қоғамдық өмірге белсене араласатын студенттерге берілді. Облыс әкімінің атаулы стипендиясының мөлшері биыл айтарлықтай көбейген: жоғары оқу орындарының студенттері 215 мың теңгеге, кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінің білім алушылары 105 мың теңгеге ие болды. Ералы Тоғжанов стипендиаттарға оқуда және қоғамдық қызметте сәттілік тіледі, әр студентке стипендия сертификатын тапсырып, естелік суретке түсті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button