БілімБасты жаңалықтар

«Білім all»: жоба және үлгі

Ақтөбе — мықты экономикалық әлеуеті бар, тұрақты дамып келе жатқан өңір. Өзге аймақтарға білім саласындағы өзіндік  дәстүрлерімен,  жаңашыл педагогтерімен де үлгі. Оның ішінде тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білім алу үшін балаларға тең мүмкіндіктер жасау, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жоюдың ақтөбелік үлгісі қалыптасты.

Өңірімізде былтыр басталған «Білім ALL» —  ауылды дамытуға бағытталған ауқымды жобалардың бірі. Бірегей жоба шалғай елді мекендердегі мектептерді қолдап, ауыл балаларының білім сапасын арттыру үшін облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен әзірленіп, іске асырылды. Ақтөбелік жобаның басты мақсаты — ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою жөніндегі тапсырмасын орындау. Сондай-ақ елді мекендердегі шағын жинақты мектептердің білім сапасын көтеру.

114 мектептің базасы жаңартылды

Облыс аумағындағы 404 мектептің 282-сі — ауыл мектебі. Оның 204-і — шағын жинақты. Шағын жинақты мектептерде бала саны аз болғандықтан сынып-комплектілер бір-бірімен қосып оқытылады. Мұндай мектептер әсіресе аудандарда көп, мысалы, Қобдада — 21, Әйтеке биде — 21, Ойылда — 18, Ырғызда — 17.

«Білім ALL» жобасы Қобдадағы 19 шағын жинақты мектеп оқушыларын қамтиды.

Облыста оқу тіліне қарамастан, сапалы білім алу үшін балаларға тең мүмкіндіктер жасау, оның ішінде қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жою бойынша жол картасы әзірленіп, бекітілді. Жол картасын әзірлеу барысында шағын жинақты мектептер мәселесі, ауыл мектептеріндегі білім сапасының көрсеткіші, материалдық-техникалық базасы, педагогтердің сапалық құрамы егжей-тегжейлі зерделеніп, педагогтердің, ата-аналардың сұраныстары, сонымен қатар оқу-тәрбие процесінің басқа да мәселелері ескерілді.

Өңірде білім сапасын теңестіру, әдістемелік қолдау көрсету, педагог кадрлардың сапасын көтеру бағытында ауыл мектептерін қолдауға арналған жаңа шешімдер қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, аталған жоба аясында ауыл мектептері үздік мектептерге шефтік қамқорлыққа берілді. Бұл ауыл мектептеріне әдістемелік қолдау көрсетуде, бағыт-бағдар беруде, педагогтердің кәсіби біліктілігін шыңдауда, білім сапасын көтеруге өзіндік ықпалын тигізіп отыр.

Жан-жақты мониторинг негізінде облыстың 30 үздік ауыл мектебі анықталып, іс-тәжірибесі жан-жақты насихатталып жүр. «Каникулдық мектеп» білім беру жобасы, сондай-ақ «Шағын жинақты мектеп үшін мобильді мұғалім» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ауыл мұғалімдеріне ұйымдастырушылық, әдістемелік, ақпараттық қолдау мен кеңес беруді қамтамасыз ететін «Сапалы білім» жобалық кеңсесі іске қосылады.

Ауыл мектебінің білім сапасын, педагогтерінің сапалық деңгейін арттыру  және ауылды дамытудың мәдени орталығы ретінде мектептің тұрақты дамуын қамтамасыз ету құралдарын әзірлеуге бағытталған «Ауыл мектептерін кешенді дамыту», «Ауыл мектебі — үздік білім сапасы» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

2025 жылға дейін 282 ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартудан өтеді. Қазірге дейін 114 мектептің базасы жаңартылды.

Білім сапасындағы алшақтық төмендеп келеді

«Білім ALL» жобасы бойынша Ақтөбе қаласындағы 10 жетекші мектепте жұмыс істейтін облыстың үздік мұғалімдері шағын жинақты мектептердің оқушыларын алгебра, физика, химия, биология, ағылшын тілі секілді 5 негізгі пән бойынша онлайн режимде оқытады. Сабақтар мектепте өтеді, оқушылардың жанында тәртіпті бақылайтын және материалды игеруге көмектесетін мұғалімдері болады. Жоба аясында 120 мектептің 10 мың оқушысы қамтылмақ.

«Білім ALL» жобасына іріктеліп алынған педагогтердің барлығы да үздік, білікті, тәжірибелі педагогтер. Олардың арасында «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары, облыстың үздік мұғалімдері, сондай-ақ біліктілік санаты бойынша педагог-шебер деңгейіне жеткен ұстаздар бар. Олардың шәкірттері — облыстық, республикалық, тіпті халықаралық білім бәйгелерінің жүлдегерлері мен жеңімпаздары. Жобаға қатысушы мұғалімдердің дені — облыстық мамандандырылған мектеп-лицейлердің педагогтері. Бұл білім шаңырақтарында білім алуға ықыласты қаланың да, ауылдың да баласы көп. Дегенмен онда қабылданатын орын саны шектеулі. Жобаның мақсаты  — ауыл балаларына осы үздік ұстаздардан білім алуы үшін мүмкіндік жасау.

Жобаға барлық шағын жинақты мектептерді тарту мақсатында өңірде ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жандандырылды. Ауылдардың интернетке қол жеткізу мәселесі толығымен  шешілгеннен кейін өңірдің қалған шағын жинақты мектептері толығымен қамтылмақ. 2023-2024 оқу жылында облыстың барлық шағын жинақты мектептеріне виртуалды оқыту жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

Жобаны іске асырылғалы бері ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім деңгейіндегі айырмашылықтың тұрақты төмендеуі байқалады.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, озық жоба аз ғана уақыттың ішінде жемісін берді. Өңірде бұған дейін ауыл (48%) мен қала мектептері (63%) арасындағы білім сапасындағы алшақтық 15 пайыз болса, «Білім ALL» бірегей жобасы қолға алынған жарты жылда ауыл мектептеріндегі білім сапасы 4,7 пайызға артты. Осылайша жоба тиімділігін дәлелдеді.

Шағын жинақты мектептердің әлеуеті артса…

Өңірде «Цифрлық технологияларды қолдана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» қанатқақты жобасын іске асыру басталды.

Аталған жоба өңірдегі 12 тірек, 134 шағын жинақты мектептерде іске асырылып, мұғалімдер тапшы шалғайдағы ауылдық мектептерді қамтиды. Бұл жобаны «Қазақстан халқына» қоры, білім беруді тұрақты дамыту қоры, Оқу-ағарту министрлігі және Ақтөбе облысының әкімдігі жүзеге асырып жатыр. Мұндағы мақсат — шағын жинақты мектептерде цифрлық шешімдерді енгізу арқылы білім беру сапасы мен оқыту тиімділігін арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, педагогтерді кәсіби дамыту. Бұл жоба — ауылдық жерлерде орта білім беру сапасын одан әрі арттырып, оқушылардың тұрғылықты жеріне қарамастан, білім алу үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуде маңызды қадам. Мектептер онлайн форматта оқыту үшін жаңартылған цифрлық кабинеттермен және зертханалық жұмыстарды жүргізу үшін ғылым кабинеттерімен жабдықталады.

Жоба аясында мектептерді дамытудың 4 моделі іске асырылады, оның ішінде стриминг, онлайн оқыту, тірек және магниттік мектептер кешенін құру, сондай-ақ цифрлық шешімдерді пайдалану модельдері бар. Әрбір модель тиімділік пен кемшіліктерді анықтау үшін сынақтан өткізіледі, қорытындысында жобаны жақсарту және одан әрі ауқымын кеңейту туралы ұсыныстар беріледі.

Жобаның жалпы бюджеті  — 5 миллиард теңге, оның 3 миллиард теңгеден астамын «Қазақстан халқына» қоры шағын жинақты мектептерді жарақтандыруға бөледі.

«ALAQAN МEKTEP» ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛДІ

Білім беру нысандарындағы басым міндеттердің бірі — қолайлы және қауіпсіз ортаны қалыптастыру. Ақтөбедегі Әбіш Кекілбайұлы атындағы №72 IT мектеп-лицейінде «Alaqan Мektep» жүйесі енгізілді.

Аталған жүйенің идентификаторы алақан биометриясына негізделген, ол саусақ ізімен салыстырғанда күрделірек және өзіндік ерекшеліктері бар. «Alaqan Мektep» — білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және оқу процесін цифрландыруға мүмкіндік беретін бірыңғай экожүйе.

Әбіш Кекілбайұлы атындағы №72 IT мектеп-лицейі — әзірге «Alaqan Мektep» қанатқақты жобасы жүзеге асырылған Қазақстандағы алғашқы мектеп. Бұл білім шаңырағында алақанды сәйкестендіру жүйесі тегін енгізілді.

Мектепте турникеттер орнатылып, балалар ғимаратқа арнайы карталар мен білезіктермен кіреді. «Alaqan Mektep» жүйесінде мектепке қажетті сервистің барлығы бар. Бұл жүйеде оқушылар алақанын сенсорға қою арқылы кітапханадан кітаптар алып-тапсырып, асханада төлем жасай алады. Ал ата-аналар баланың мектепке қашан келіп-кеткенін біліп, мобильді қосымшасы арқылы асханада балаларының мәзірі мен шығындарын бақылай алады. Сондай-ақ ата-аналарға мектеп ауласымен және ішіндегі камералар арқылы балаларын көру мүмкіндігі берілді.

«Alaqan Mektep» жүйесінің  көмегімен кітапхана жұмысын автоматтандыру арқылы оның қызметін жаңа деңгейге шығаруға, мектептер арасындағы кітаптар қозғалысының процестерін цифрландыра отырып, өңірдегі барлық мектептердің бірыңғай кітап қорын құруға мүмкіндік береді.

Ақпараттық жүйе алақан тамырларының үлгісін цифрлық кодқа айналдырады. Шифрланған цифрлық код жүйеде тіркелген пайдаланушылардың арасында сәйкестендіріледі. Шифрланған цифрлық код табылған жағдайда  жүйеге кіріп төлемдерді жасай алады. Сканерлеу 0,3 секундта жүргізіледі. Жүйе ыңғайлы әрі қауіпсіз. Жоба тиімді жүзеге асып жатса, оның ауқымын кеңейту мәселесі қарастырылатын болады.

А.БАЛЖАНАЙ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button