Әлеумет

Ақтөбеліктер құрылысшылар күнін атап өтті

 Қалалық мәдениет үйінде құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды. Шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, құрылыс саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Жиында сөз алған Ералы Тоғжанов құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдегі оң көрсеткіштерге тоқталды. Жол салу, баспана тұрғызу ісіне өз үлестерін қосып жатқан сала мамандарының ерен еңбегін тілге тиек етті.

«Құрылысшы – құрметті мамандық. Бүгінде аймағымызда құрылыс саласы қарқынды дамып, ел экономикасының, оның ішінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайының артуына айырықша ықпал етіп келеді. Ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылардың еңбегі ерен. 150 жылдан астам тарихы бар қаланың бүгінгідей әсем де көрікті, түрлі әлеуметтік нысандары бой түзеген заманауи облыс орталығы болуы – құрылысшылар легінің мезгілдің ыстық-суығын елемей, күн-түн демей атқарған игі ісінің жемісі. Облысымызда бой көтеріп жатқан әрбір ғимаратта алақандарыңыздың ізі, айырықша қолтаңбаларыңыз бар», – деген облыс әкімі Қобда ауылында жаңа мөлтек ауданның пайда болуына атсалысқан құрылысшыларға алғысын білдірді.

Олар – «Иншаб», «Альянс Б-2» ЖШС, «АйсерСтройСервис», «SK СТАР МОНТАЖ» және Бабэк Құрылыс» компаниялары. Қысқа мерзімде мердігерлер 100 шаршы метрлік 24 үйдің құрылысын аяқтап, халық игіліне берген еді.

Мерекелік шарада Ақтөбе облысы әкімінің арнайы сыйлығы сала ардагерлеріне табысталды. Сондай-ақ, «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі ардагер құрылысшы Мақсот Қосымов пен Бауыржан Динтаевқа, «Еңбек ардагері» медалі Мәжит Өтекке, «Үздік автокөлікші» төсбелгісі Бауыржан Шындәулетұлына берілсе, бірқатар мемлекеттік мекемелердің, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің қызметкерлері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің және облыс әкімінің Құрмет грамоталары және алғыс хаттарын иеленді.

Салтанатты жиын барысында құрылыс және жол саласында еңбегі сіңген құрметті ардагер азаматтар құттықтау сөз сөйледі.

«Менің мамандығым – жолшы. 42 жыл осы салада жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Жол салу өте қиын. Бірақ, қызық мамандық. Осы күнге дейін мен жолшы болғанымды мақтан етемін. Облыста жасалып жатқан жол саласында жұмыс көп. Бір ғана «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» тас жолының құрылысына 500 млрд теңге бөлінеді. Бұл – облыстың бір бюджеті. Ауқымды жұмысты талап етеді. Тек сәттілік тілеймін» – деп ардагер Әкімжан Өтемұратов баршаны мерекемен құттықтады.

Айтып өту керек, Ақтөбе облысы республика көлемінде тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бойынша алдыңғы үштікке еніп отыр. 2023 жылы облыста 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де аса маңызды. Биыл бюджет қаражаты есебінен 4 мыңға жуық отбасын үймен қамтамасыз ету үшін тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға берілетін 360 пәтерді сатып алу үшін 5 млрд. теңге көзделген.

Сонымен қатар, 2015 жылдан бастап шешімін таппай келе жатқан үлескерлердің мәселесі күн тәртібінде тұр. Бүгінде 540 үлескер 3,5 млрд.теңгеге қаражат салған осындай 11 нысан бар. Бұл дегеніміз 3000-ға жуық адам. Аталған мәселені шешу мақсатында 10 үй бойынша инвестор компаниялар табылды. Қалған 1 нысанға қатысты тиісті жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі бұл сұрақтар құрылысшылардың қатысуымен бірлесе шешіледі деді.

Қазіргі уақытта жол құрылысы облыстың түкпір-түкпірінде жүргізілуде. Биыл бюджет қаражаты есебінен бөлінетін 98 млрд. теңгеге 1 мың шақырымнан астам жол жөнделеді. Оның ішінде, ұзақ жылдар бойы жөңдеу жұмыстарын көрмеген «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» жобасы іске асырылуда және «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» тас жолын қайта жаңғырту жобасы әзірленуде. Айта кеткен жөн, бұл жол жобалары кешегі ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловтың Ақтөбеге жасаған іс-сапары аясында оң қолдау тапты.

Д.АЙДАР

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button