Әлеумет

Қоқыс сұрыптауды қашан үйренеміз?

Әдетте тұрмыстық қалдықтарды үйден шығып бара жатқанда қоқыс жәшігіне тастаймыз да, әрі қарайғы процесті ойлай қоймаймыз. Жасыратыны жоқ, бұрын нан қалдықтарын да сонда салатын едік. Кейде іштей обалсынып, сол маңдағы биіктеу жерге қойып кететінбіз.

Соңғы кездері Ақтөбедегі қоқыс тастайтын кей алаңдарда нан қалдықтарын салуға арналған бөшкелер пайда болды. Алғаш көргенде ақтөбеліктердің де қоқыс сұрыптауды қолға алғанына іштей қуанып қалдым. Кейін «Бұл бөшкені кім қойды? Қалдықтарды қандай пайдаға жаратады?» деген ой келіп, іздендім. Сонымен…

Нан қалдықтарын пайдаға жаратып жүр

Сөйтсем, бұл шаруаға әкімдіктің еш қатысы жоқ екен. Аяқ астында шашылып жатқан үлкен асты обал көрген өзіміз сияқты облыс тұрғыны Темірлан Махмедұлы жеке қаражатына бөшкелер сатып алып, қоқыс жәшіктерінің алаңына орнатып қойыпты. Әрине, ол үшін қалалық әкімдіктен рұқсат сұраған. Бірақ идея авторы — өзі.

Бұл тұрғыда Темірлан ұзақ ізденгенін айтады. Біз ізденіп жүргенде көрші жатқан қырғыздар нан қалдықтарын пайдаға жаратуды әлдеқайда ертерек бастап кетіпті. Астана мен Аламаты қалаларында  да бұл бағыттағы жұмыстарды кәсібіне айналдырған азаматтар бар екен. Қасындағы көмекші-інісімен ақылдасқан Темірлан ақпан айынан бастап, осы іске білек сыбана кіріскен.

— Жинап жүрген азғантай ақшам болатын. Соған қажетті құралдарды сатып алдым да, көп созбай бірден іске кірістім. Алғашында қала ішіндегі қоқыс алаңдарына 10 бөшке орнаттық. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласының Астана ауданы аумағында нан қалдықтарына арналған бөшкелер санын 50-ге жеткіздік, — дейді ол.

Мақаланы оқып отырған оқырманның бірі нан қалдықтарынан не істеуге болатынын болжап отырса, енді бірі бөшке толы нан қалдығын не істейді деп ойлап отырған шығар?

Көптің көкейіндегі сұраққа жауап берейік: Темірлан нан қалдығынан мал азығын дайындайды.

— Қалдықтары күнара досымның жеңіл көлігімен жүріп, жинап аламын. Содан соң өзіміз сұрыптаудан өткіземіз. Өйткені ішінде шіріген, көгергендері болады. Өздеріңіз білетіндей, ондай наннан малға беруге болмайтын, сапасы өзгерген жем шығады. Біз тазасын ғана таңдап аламыз. Жақсылап кептіріп, ұнтағыштан  өткіземіз, — деген ол күніне 100 кг жем дайындайтындарын айтты.

Бүгінде оның өнімдеріне сұраныс жоғары. Тұрақты тұтынушылары мал семіртуге жақсы екенін айтады. Қурайлының тұрғындарынан бөлек, Темірлан өндірген жемді Ақтөбе қаласынан, Родниковка ауылынан арнайы келіп алып кететіндер бар. Жас кәсіпкер егер қажетті құрал-саймандарын толықтырып алса, үлкен тапсырыс аясында жұмыс жасауға болатынын айтады.

— Алдағы уақытта қайтарымсыз грант беретін мемлекеттік бағдарламаларға қатысқым келеді. Үлкен жүк көлігін алып, бөшкелер санын 300-ге жеткізсем деймін, — дейді ол.

Жарты жылдан бері осы шаруаны шағын кәсібіне айналдырған Темірланның «тұрғындар қоқыс шығаруға келгенде сәл ұқыптырақ болса екен» деген тілегі бар.

— Жем дайындау үшін бізге тек нан өнімдері ғана қажет. Бөшкелердің сыртында да солай жазулы тұр. Өкінішке қарай, ақтөбеліктер бұл ережеге бағынбайды. Бөшкенің ішіне сорпа, басқа тамақтың қалдықтарын тастап кетеді. Ал бұл нанның бұзылып, көгеруіне әкеледі. Жоғарыда айтқанымдай, көгерген наннан ешқандай өнім дайындалмайды, — дейді Темірлан Махмедұлы.

Жақсыдан үйрен…

Темірланмен болған әңгімеден соң біз басқа елдердегі қоқыс сұрыптау мәдениеті туралы білгіміз келді. Интернетті аударып-төңкеріп отырып, қоқыстарын да кәдеге жаратып отырған біраз елді танып-білдік.

Көптеген елде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыттары бар. Мысалы, Кореяда тұрмыстық қалдықтардан керамика, ванна мен шұңғыл ыдыстарды жасайтын көрінеді.  Ал тағам қалдықтары арнайы контейнерлерге салынады. Бұл қалдықтардан тыңайтқыш немесе малға жем жасайды.

Қоқысты қайта өңдеуде Франция тәжірибесі де үлгі аларлық. Қалдықтарды өртемес бұрын сұрыптап алатын француздар іріктелген заттардан алюминий, әйнек, газет қағаздарын өндіреді.

Еліміздің Экология министрі Зүлфия Сүлейменова өзінің бір сұхбатында Жапонияда білім алғанын, ол жақта қоқыс сұрыптау жақсы дамығанын айтыпты.

Жапондар үшін қоқыс сұрыптау күнделікті әрекетке жатады. Бір қызығы, онда әр қалдықты тапсырудың арнайы тәртіппен бекітілген өз күні бар. Мәселен, пластик бөтелкені тазалап, қақпағы мен сыртындағы қаптамасын бөлек тастау керек. Тауар өндіруші де пластик бөтелкені қаптамасын оңай алатындай етіп жасайды.

Тазалықты жаны сүйетін немістер 1970 жылдардан бастап қалдықты 4 түрлі контейнерге бөліп салады екен. Германияда әр үйде пластик, қағаз, биоқалдықтар және өзге қоқысқа арналған жәшік бар. Пластик бөтелкелері супермаркет машиналарына тапсырылады. Ескі киім, кітап, аяқкиімді арнайы тұрған контейнерге салып, мұқтаж жандарға жөнелтуге болады. Ал тозығы жеткен жиһаз, диван мен үстелдерден арнайы орталықтарда өзге бұйымдар жасалады. Бұзылып қалған техниканы ереже бойынша экспорттау қызметіне тапсыру — міндет. Оларды далаға шығарып тастасаңыз, сізге айыппұл салынуы мүмкін.

Қоқыс сұрыптаудағы чехтардың тәжірибесі туралы 3 жылдан бері Чехияның Прага қаласында білім алып жатқан ақтөбелік Жасмин Құтжан есімді жерлесіміз айтып берді.

Еуропаның бірнеше елінде болған ол бізде қоқыс тастауға келгенде ешқандай жүйе жоқ екенін айтады.

— Өзге елдегі көңілге қонымды, жағымды нәрселерді көрген кезде іштей өзіміздегі жағдаймен салыстырып отырамын. Мысалы, маған чехтардың қоқыс сұрыптаудағы мәдениеті ұнайды. Бұл жақта тұратын әрбір тұрғын әр контейнердің ішіне қандай қоқыс салуға болатынын жақсы біледі. Көк жәшікке — қағаз, жасылға — әйнек, сарыға — пластик, қараға — био қалдық, қызылға түрлі электроника қалдықтарын саламыз.

Картоп, сәбіз секілді көкөністердің қабықтарын тұрғындардың көбі саяжайларына апарып көмеді. Айтуларынша, ол жерді құнарландыра түседі-міс. Ал саяжайы жоқ адамдар ондай қалдық түрлерін қара түсті жәшікке тастайды. Келгелі мұндағы қоқыстың тау болып үйілгенін көрген жоқпын. Күнде таңғы сағат 5-6 шамасында алып кетеді, — дейді Жасмин.

Айтуынша, Чехияда шыны бөтелке мен банкаларды қайта тапсыру жолға қойылған. Қала ішіндегі супермаркеттерде бөтелкелерді қабылдайтын терминалдар бар. Қолыңыздағы шыныны әлгі терминалдың ішіне салсаңыз, сізге бізше есептегенде 60-70 теңге ақша шығарып береді. Ал егер бөтелкені әлгі сусын шыққан компанияның өзіне апарып тапсырсаңыз, сатып алған өніміңіздің 50 пайызын кейін қайтарып аласыз.

— Чехия мен Германияда қоқыстың 80-90 пайызы қайта өңделеді. Қалғанын Нидерланды мен Финляндия сатып алып, жылу жүйесінде пайдаланады деп естідім. Бұл тек естігенім ғана, нақтысын білмедім, — деді Жасмин.

Әңгіме барысында ол чехтар қоқыс салуға салафан емес, биопакеттер пайдаланатынын айтты. Сондай-ақ бұл жақта  қоқыс жәшіктері  тұрғындар санына қарай есептеліп қойылады екен.

… Жұмыстан қайтып келе жатып үйдің маңайында тұрған контейнерлерге көзім түсіп кетті. Тоғыз қабатты, 3 подъезі бар 162 пәтерлі үйдің тұрғындары үшін шағын 5 қоқыс жәшігі ғана қойылыпты…

Ақерке САТЫБАЛДЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button