Басты жаңалықтарЖастар

Дарынды жастар мекені

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов 12 тамыз — Халықаралық жастар күні қарсаңында «Aqtobe Camp-2023» лагерінде өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Оған түрлі салада жетістікке жетіп жүрген 50-ден астам жас қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты — озық идеяларымен қоғам дамуына үлес қосып жүрген өңіріміздің түрлі саласында қызмет ететін жастарға қолдау көрсету. Кездесу барысында жастардың кәсіп таңдауына бағыт-бағдар беретін мәселелер талқыланып, өзекті ойлар айтылды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан — дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», — деген болатын. Дана халқымызда «Жас келсе — іске» деген әдемі сөз бар. Бұл —  жастардың қашанда тың бастамалардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші екенінің дәлелі. Осы қызметке келген кезден бастап жастармен бірнеше рет кездестім. Келелі ойлар, келісті пікірлерін тыңдап, көтерген мәселелерін шешуге, идеяларын іске асыруға  қолдау көрсету бағытында жұмыс жасап жатырмыз, — деді облыс әкімі.

Бүгінде облыста жастардың саны 266 мыңнан асады, оның 105 мыңнан астамы —  ауылда тұрады. Олардың жан-жақты дамуына, жеке кәсібін ашуына бар жағдай жасалған. Мәселен, жыл басынан бері 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие 183 жасқа беріліп, кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы арқылы 153 жас 1 млн 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант иегері атанды. Сондай-ақ биыл өңірімізде жеңілдетілген 5 пайыздық несие арқылы 42 жас баспаналы болды. Облыста 500-ге жуық жас «Ауыл аманаты» жобасы арқылы қаржы алып, кәсібін кеңейтті. Сондай белсенді, іскер жастардың бірі Мұғалжар ауданы Жұрын ауылының тұрғыны — Жадыра Сақимолда. Ол «Ауыл аманаты» аясында жылыжай кешенін ашқан.

Несие қаражатына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық. Қазір екінші жылыжайдың құрылысын бастап кеттік. Өнімдердің бітік шығуы үшін америкалық шылаушынды өсіріп жатырмыз. Тыңайтқыш қоспалардың барлығын табиғи жолмен даярлаймыз. Сондықтан табиғи жолмен жасалатын өнімдерімізге сұраныс жоғары. Келер жылы жылыжайға құлпынай егуді жоспарлап отырмыз, — дейді ол.

Кездесуде «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының жеңімпазы Қадырбек Рахимов және «Ақтөбе жастары» бағдарламасы арқылы баспаналы болған жас әнші  Нұржан Оразов, тағы да басқа жастар сөз сөйлеп, өздерінің жетістіктері туралы айтты.

Екі күндік «Aqtobe Camp-2023» жастар лагерінде өткен кездесуде облыс әкімі Ералы Тоғжанов жастармен бірге Абайдың әнін орындап, оларға ақынның «Қара сөздерін» сыйлады. Іс-шара соңында  белсенді 15 жас Алғыс хатпен марапатталып, арнайы статуэткаға ие болды. Жастар күніне арналған шаралардың қорытындысы облыс әкімінің төрағалығымен өтетін жастар кеңесінде талқыланып, белсенді студенттерге өңір басшысының атаулы стипендиясы тағайындалады. Қазіргі таңда атаулы стипендияны тағайындау жөніндегі комиссия отырысы өтіп, 190 адам анықталған.

Жастар күні қарсаңында ұйымдастырылған жиынға қатысушылардың бірі Ақниет Саламатұлы Шалқар аудандық ауруханасында мейіргер болып жұмыс жасайды.

Мен 2019 жылдан бері Шалқар аудандық ауруханасында қызмет етемін. Осы кездесуге арнайы шақырылғаныма өте қуаныштымын. Екі күндік жастар лагерінде демалысымыз қызықты өтті. Жаңашыл, заманауи жастармен таныстым. Өзім «Саулық» волонтерлер клубының мүшесімін. Жуырда қарттар үйіне барып, қайырымдылық акциясын ұйымдастырдық. Одан бөлек «Біз біргеміз», «Қостанайға көмек», «Ардагерлерді ардақтайық» және басқа да акцияларға өз үлесімді қосып тұрамын, — дейді ол.

Ақмарал МҰҚАШЕВА

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button