Басты жаңалықтарЖастар

Облыс әкімі Aqtobe Camp-2023 лагерінде бас қосқан ақтөбелік жастармен кездесті

50 жастың қатысуымен өткен басқосу таза ауада, еркін форматта ұйымдастырылды.

12-тамыз Халықаралық жастар күніне орай, ақтөбелік жастармен кездескен Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өз сөзінде жастардың қоғамдағы рөлін атап өтіп, оларды қолдауға бағытталған шараларға тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деген болатын. Дана халқымызда «Жас келсе – іске» деген әдемі сөз бар. Бұл – жастардың қашан да тың бастамалардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші екенінің дәлелі. Осы қызметке келген кезден бастап жастармен бірнеше рет кездестім. Келелі ойлар, келісті пікірлерін тыңдап, көтерген мәселелерін шешуге, идеяларын іске асыруға  жұмыс жасаудамыз», – деді Ералы Тоғжанов.

Бүгінгі таңда Ақтөбе облысындағы жастардың саны 266 мыңнан асады, оның 105 мыңнан астамы – ауыл жастары.

Жастардың жан-жақты дамуына, кәсібін ашып, оны дөңгелетуіне жағдай жасалған. Мәселен, жыл басынан бері кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық баяндамасы аясында биылғы жылдан бастау алған 2,5% пайыздық жеңілдетілген несие 183 жасқа берілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасымен 153 жас 1 млн 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды.

Облыста 500-ге жуық жас «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген несие алып, ісін кеңейтті. Жобаға қатысқан Мұғалжар ауданы Жұрын ауылының тұрғыны жобаға қатысушы Жадыра Сақимолда жылыжай кәсібін жүргізуде. Облыс әкімі Мұғалжар ауданына іс сапары кезінде оның шаруашылығына барған-ды. Сондай-ақ, жиынға шақырылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының жеңімпазы Қадырбек Рахимов та құлпынай отырғызып, мол өнім алуда. Өңір басшысы ауыл шаруашылығымен айналысып, табысқа кенелген жігерлі жастарға сәттілік тіледі.

Ералы Тоғжанов жастардың баспанамен қамтылу мәселесін айтып өтті. Өңірде «Отбасы банк»-пен бірігіп, «Ақтөбе жастары» бағдарламасын іске асырылды. Жеңілдетілген 5 пайыздық несие беру арқылы 42 жас отбасы тұрғын үйлі болды. Биыл жоба жалғасын табады. Кездесу кезінде «Ақтөбе жастары» арқылы баспаналы болған жас әнші, Ғ.Жұбанова атындағы филармония конферансьесі Нұржан Оразов бағдарламаның тиімділігін тілге тиек етіп, облыс әкіміне алғысын білдірді.

«Өзіңізге жастармен кездесуде баспана мәселесін қаузаған едік. Үш ай өтпей, көп өңірде қолға алынбаған «Ақтөбе жастары» жобасын жасадыңыз. Өте керемет жоба. Бес жыл жалға берілетін үйде тұрдым. Бағдарлама арқасында екі бөлмелі үйді, аз пайызбен алдым. Қуанышымда шек жоқ. Алғысым шексіз», – деді Нұржан Оразов.

2 күндік Aqtobe Camp-2023 жастар лагерінде өткізілген шарада жастар Ералы Тоғжановпен бірге Абай күніне орай, ақынның әнін орындады. Сондай-ақ, ғұламаның «Қара сөздері» кітабы әрбір жасқа табысталды.

Шара барысында белсенді 15 жас алғыс хатпен марапатталып, арнайы статуэткаға ие болды.

Жастар күніне арналған шаралардың қорытындысы облыс әкімінің төрағалығымен өтетін жастар кеңесінде талқыланады. Кеңестің күн тәртібіне сәйкес белсенді студенттерге өңір басшысының атаулы стипендиясы тағайындалады. Қазіргі таңда атаулы стипендияны тағайындау жөніндегі комиссия отырысы өткізілді, 190 стипендиат анықталған.

Айта кетейік, Aqtobe Camp-2023 лагері 12 аудан және Ақтөбе қаласынан қоғамдық жұмыстарда белсенді, патриот, өнерлі, кәсіпкер жастардың басын қосты.

А.ІЛИЯСОВА

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button