Тарих

БАЙҚАЗАҚ БАТЫР

немесе Қызылжардың қызыл қабыланы

Тарихты тану, ерлік пен елдік үлгісін көрсете білген батыр-билерімізді, басқа да беткеұстар тұлғаларымызды дәріптеп, олардың тұлғаларын жарқыратып көрсету — бүгінгі буынның басты борышы.

Заманында қолына қаруын ұстап, ел шетіне жау тисе, алдынан қаһарын төгіп қарсы шыққан ерлердің бірі — Байқазақ батыр Жолдасбайұлы. Ол туралы аңыз әңгімелер қашаннан ел ішінде молынан айтылады.    

Біздің қолымыздағы деректерге сәйкес сондай-ақ ескі көздерден жеткен әңгімелерге қарағанда Байқазақ батыр 1839 жылы қазіргі Ырғыз ауданы аумағында, Темірастау болысында дүниеге келген екен. Оның шыққан тегі Қарамашақ (Төртқара), соның Жаншүкірі тармағынан өріс алады. Ол — елге есімі Қаракісі атымен танымал Қасымның ұрпағы. Жоңғарлармен болған бір соғыста айрықша көзге түскен оның атын білмеген сарбаздар «бір ірі денелі қара кісі болды» дейді де, Қаракісі атап кеткен екен.

Сол батыр Қасымның ұрпақтары: Байзақ, Олжай, Мазы, Кенжеқара, Бесбай. Бұларды ел ішінде бес Қасым деп атайды.

Байқазақ батыр бес Қасымның ішіндегі Мазысынан. Мазыдан: Қасқатай, Құмар, Сары, Дүкен. Одан әрі Сарыдан — Мазы Бұзаубай, Қасқатайдан — Бекбауыл, Құдайсүгір (Бегжан), одан Қаратай, Қаратайдан — Жолдасбай. Жолдасбайдан: Байқазақ, Қазақбай, Садақбай, Қаптағай, Шуақбай, Қарсақбай, Шала деген жеті ұл, Көлдей деген бір қыз болған.

Ол кезде де ел тыныштығы сынға түскен кезең болғандықтан, азаматтар ат үстінен түспей, қолдарына қаруын кесе көлденең ұстап, дала кезіп жүрген. Бір жағынан, патшалы Ресейдің қысымы, екінші тұстан Қоқан, Хиуа хандықтарының басқыншылық саясаты қазақ жұртын қашанда алаңдатып қойған.

Байқазақ жасөспірім бала шағында нағашысы Жанқожа батырдың үйінде жүреді екен. Хиуа ханының Сыр бойындағы өкілі Бабажан сартқа қарсы жергілікті халық көтерілгенде, бала Байқазақ үлкендердің тапсырмасына сәйкес оның атының ер-тоқымын бос іліндіріп қояды. Осылайша оның жас жүрегінде елге үстемдік көрсеткен жатжұрттықтарға деген ыза, кек қайтару ниеті қалыптаса бастайды.

Жасөспірім кезінен Жанқожа, Ақтан батырларға еліктеп өскен ол буыны бекіп, қабырғасы қатайғаннан-ақ ел үміт артқан ерлер қатарына қосылады.

1850-1938 жылдары өмір сүрген, батырдың көзін көрген Өтепберген шежіресінде былай деген сөз бар екен: «Жанқожаның Итжемес деген баласы болды. Итжемес пен Байқазақ қарын бөле болып келеді. Байқазақ көп уақыт бойы Жанқожаның үйінде жүрген. Өйткені әке-шешесі ерте қайтыс болып кеткен еді.

Бір күні Итжемес екеуі бір нәрсеге таласып қалады. Сонда Жанқожа: «Тәйт, Байқазаққа тиіспе, оның қолынан келетін іс сенің қолыңнан келмейді» деген дейді».

Басықара ұрпағы аталған сол Өтепберген он төрт жастағы бозбала кезінде Байқазақты көріп, сол әсерімен оның кескін-келбетін былайша суреттеген: «Батыр — қоңыр өңді, бойы ортадан төмендеу, төртпақ, өте жуан денелі адам. Бірақ батырдың басы ерекше үлкен. Үлкендігі шәугімдей екен» дейді.

Байқазақтың өмір сүрген кезеңінде де талай қақтығыстар орын алып отырған. Өткенді зерттеушілер осы тұста қазақтың басынан ілгерідегі әдемі бір дәурен көше бастағанын айтады. Оны ата дәстүрді сақтауға кейде мән берілмей, ел билейтін болыстардың халық мүддесімен санаспай, сонау жоғарыдағы өктемдік көрсетіп отырған патша өкіметінің ыңғайына жығылуымен байланыстырады.

Сондайда әділдік туын көтеріп, ақиқатты айтып салатын Байқазақ ел билеген би-болыстардың оң жағынан шыға бермейді. Осындайдан ол биліктің қаһарына ұшырайды, қудалауына түседі.

Соның салдарынан Жармола түрмесіне қамалып, Орынбор қапасының да дәмін татады. Қазақтың кең даласында еркін өскен арқалы батыр қашанда кеңдікті аңсайды. Өзінің ерлігімен түрмеден қашып та шығады. Бір ретінде Ақтан батыр түрмеге шабуыл жасап, ел азаматын құтқарып шығады.

Мазыға Байқазақпын мақпалдай-ақ,

Мен жүрмін алты Әлімге мақтанбай-ақ.

Жанымды Жанқожа үшін қиып едім,

Бұл күнде түсіп тұр ғой қақпанға аяқ.

Би-болыс Бекарыстан ұстап берді,

Жанынан жаудың ізін тапқандай-ақ.

Аузынан арыстанның суырып алды,

Қатындар тапсын ұлды Ақтандай-ақ, — дейтін өлең — сол уақыттың шындығы. Осы жырда көп шындық көрініс беріп тұрған секілді.

* * *

Жолдасбайдың жеті ұлы шетінен жұтынып тұрған жауынгер, бет қаратпас батыр-палуан, суырыпсалма ақын, арқалы әнші болған.

Жетеудің бірі Шуақбай батыр бір шамырқанған тұсында:

Біз Жолдасбайдан туған жеті едік,

Жетеуміз қабылан-бөрі едік.

Белдесе кеткен дұшпанды

Бөрідей басып жеп едік, — деп желпінсе, мұны артық айтқандық деуге болмас.

Жеті бауырының ортасында желкілдеп өскен Көлдей қыз:

Қызы едім Жолдасбайдың, атым Көлдей,

Өлеңді мен айтамын соққан желдей.

Мына жұрт несін айтып мақтанады,

Алдымда жеті ағам бар асқар белдей, — деп мақтаныш сезімімен өз өмір тарихын баян етеді.

Міне, елдік пен ерлік ұғымын қатар ұстанған әулеттің қысқаша тарихын осы жырлардан да аңғаруға болады.

* * *

2016 жылы Алматының «Arna-b» баспасынан жазушы Бегімбай Ұзақбаевтың «Байқазақ» атты тарихи романы жарық көрді. Оның аннотациясында «Бұл тарихи деректерге құрылған көркем шығарма Хиуа және Қоқан хандығы мен Ресей патшалығы отарлаушыларына қарсы қазақ ұлтының тәуелсіздігі үшін ел-жұртын бастап, күрескен Байқазақ батыр Жолдасбайұлы жайлы жазылған туынды» деп түсініктеме берілген.

Бұл еңбек — батыр келбетін кеңінен көрсетуге арналған, сол заманның көріністерін қапысыз қамтыған, бұл ретте әдеби тәсілдерді, әсіресе өзара диалогтарды ұтымды пайдалана отырып, көздеген мақсат биігінен көрінген туынды.

Кітапта мынадай жолдар бар: «Ырғыз-Жармола жұртшылығы Байқазақты жан-жақты танып, білді. Осы жастық жалынды күш-қуаты бойына сыймай, жалындап тұрған кезінде ғой Қызылжардың қабыланы атанғаны.

Бұл атаққа Жанқожа, Ақтан батырлармен Хиуа хандығына қарсы жорыққа қатысып, Жанкент бекінісі мен Күмісқорған шебін бұзған аласапыран айқаста ие болған-ды. Талай жорыққа қатысушы серіктері оның ерлігіне сүйсініп, бас шайқасып, бес қарумен қасарысқан жаумен айқастағы көз ілеспес қиымылы мен ілдірмес айласына тәнті болғандықтарынан осылай атаған».

Осы кітапта Байқазақтың ұрпақтары туралы да сөз болады. Сол жайларды қысқаша баяндай кетелік.

«Байқазақ батыр атамыздан туған Елкейден қалған жалғыз ұлы Бектемір жетпіс жасқа келіп, Шалқар қаласында дүние салды.

Үнемі жорықта жүріп жаумен бетпе-бет шайқаста есесі кетпеген батыр інісі Садақбайдан ауыз толтырып айтуға татыр ізгілікті із барына шүкіршілік етеміз. Садақбайдан Пірасыл туады. Пірасыл да батыр тұлғалы, кең жауырынды, апайтөс сары кісі екен. Оның түр-түсі өзге мұсылман ұлты тегіне тартқанын аңғарып, атын атауға ата-енесінен айбынып, жеңгелері Ноғай атап кетіпті.

Оның Пірасыл деген азан шақырып қойған аты ұмытылып, кейінгі ұрпақтары Ноғаев әулеті болып таралады. Батырдың шөбересі Абай Ноғаев Шалқар қаласында тұрады, белгілі кәсіпкер, көптің қамқоры».

* * *

Батырдың ерлік істері елді жігерлендіреді, ал жақсыдан қалған сөз ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып, жүректерді жылытады.

Байқазақтың өмір сүрген кезеңінің де өзіндік ерекшеліктері болды. Билік пен байлық қай кезде де адамның адамшылығын, кісінің кісілігін сынға салған. Сондай сәттерде жақсы мен жаманның, адал мен арамның, биіктік пен төменнің аражігі айқындалып шыға келеді.

Байқазақ батырлығымен бірге, сөз қадірін де жақсы түсінген. Ол өзінің көңіл күйіне қарай жол үстінде болсын, тіпті жорыққа шыққанда да ойына оралған тіркестерді ірікпей, айтып тастайды екен. Оны өзі қайталап, індетпейді. Қасындағы жолдастары оның аузынан шыққан сөзді аңдығандай болып, жаттап алатын болса керек. Содан заманында халыққа кеңінен таралған.

Байқазақтың немересі Бектемір «Негізінде атамның шығарған өлеңдері көп көрінеді. Оның бірқатарын әкем Елкей жатқа айтып отырушы еді» деп еске алыпты кейінде.

Батыр атаның тарихын Елкей мен Пірасыл ұрпақтарына көбірек айтып отырғанға ұқсайды. Солардың сөзін қағып алып, кейінге жеткізуші — Бектемір Елкейұлы.

Байқазақтан Елкей мен Шыңдауыл туады.

Елкейден — Төлеген, Тәңірберген, Бектемір деген үш бала дүние есігін ашады. Төлегенннен — Тілепбай. Олардың ұрпақтары Нүкіс жақта тұрған.

Тәңірбергеннен ұрпақ жоқ.

Бектемірден — Абат, Қанат, Самат, Сайлаубек, Ғабит. Немерелері — Игілік, Саят, тағы басқалары.

Байқазақтың екінші баласы Шыңдауыл небәрі 23 жыл өмір сүрген. Ол талантты жырау ретінде танылған. Жыр айтқанда таңды таңға ұратын болған.

… Байқазақ батыр ғұмырының соңында Қарақалпақ жеріне, Бесқалаға қарай жол тартады. Қоңыраттан 30 шақырым жердегі Құсқана тауының етегінде өмір сүріп, сол жерден 1896 жылы бақиға аттаныпты деседі.

* * *

2016 жылы Ырғызда Байқазақ батырдың кесенесі бой көтерді.

Ырғыздағы бұл үлкен шараға Байқазақ батырдың немересі Бектемір ағамыздың зайыбы Балбөпе апа бүкіл бала-шағасымен келді.

Сонда ол кісі «Бабамыз түсіме еніп, аян берді, өзінің мәңгілік мекенін нұсқап көрсетті. Бабаның бір топ ұрпағы болып Қарақалпақ жеріне сапар шектік. Басына жетіп, қос уыс топырағын алып, елге оралдық» деп әңгімесін айтқан сонда батырдың келіні.

Осы арада айта кететін мынадай бір жай бар.

…Біздің бала кезімізде Байқадам деп аталатын ауылымызға Шалқар жақтан Бектемір есімді кісінің үйі көшіп келді. Ол кезде балалары кішкентай. Түрі ысқаяқтай қара, арықша келген кісі артық мінезі жоқ, жан-жағына сыйымды, өз шаруасына мығым адам. Біреу шаруа айтса, Бектемір ағамыздың бас изегенін байқап қаламыз. Шаруашылықтың гаражында жұмыс істеді. Техника тілін жетік біледі, оның үстіне қолының ісмерлігі бар деп айтып жүрді жұрт.

Өзінің тегі Елкеев, ал бір баласы Байқазақов екен. Кейінірек білсек, бұлар Байқазақ батырдың тұқымы болып шықты.

* * *

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Өз жеріңді танып біл!» жобасы аясында бірқатар бағдарлама қолға алынған еді. Сол ауқымда жаугершілік шапқыншылықтарға батыл тойтарыс беріп, ел азаттығы үшін күрескен ер туралы «Батырдың соңы — Байқазақ» атты шара ұйымдастырылды. Бұл тағылымдық, тәрбиелік мәні ерекше жиын болды.

…Иә, ерлік ізі өшпейді. Қызылжардың қызыл қабыланы атанған Байқазақ батырдың есімі кейінгі ұрпақтың да лайықты құрметіне бөлене берері хақ.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button