Басты жаңалықтарЖастар

«Жасыл елдегі» жағымды жаңалықтар

Мамыр айында «Жасыл ел» еңбек жасағының ХІХ маусымы басталды. Биыл туған өлкенікөгалдандыру мен абаттандыру және құрылыс бағытында 2000-нан астам жас еңбек етеді.

Жастардың жалақысы өсті

Облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының және «Атамекен» студенттік отрядтарының жастар қоғамдық бірлестігі төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, жаңа маусым басталған үш айдың ішінде 1500-ге жуық жас еңбекпен қамтылған. Жұмыс жылдағыдай үш бағытта (құрылыс, абаттандыру және көгалдандыру) жүріп жатыр.

Жалпы, «Жасыл елге» 35 жасқа дейінгі кез келген жас қатыса алады. Тек жасы 16-ға толған болуы керек. Ал құрылыс отрядтарына 18 жасқа толған қыз-жігіттер ғана жіберіледі.

Жұмысқа қабылданған жастардың әрқайсысымен жеке еңбек шарты жасалып, ай сайынғы жалақылары банк карталарына аударылады.

Биылғы еңбек маусымындағы жағымды жаңалық — облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасы бойынша «Жасыл ел» жауынгерлерінің айлық жалақысы өсті. Өткен жылы жастардың жалақысы  90 мыңтеңге болса, енді олар қолына 120-150 мың теңге көлемінде айлық алады. Сондай-ақ  тек жаз мезгілінде ғана емес, жыл соңына дейін жұмыс істей алады, — деген Нұржан Шаңғытбаевжастарды жұмыстан жалықтырмау мақсатында түрлі шаралар мен акциялар ұйымдастырып тұратындарын айтты.

— Іс-шараларымыздың өту барысы әртүрлі болғанымен, мақсаты — бір. Ол — қала тазалығын сақтай отырып, жастарды еңбекке баулу. Астана күні қарсаңында облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен Кірпішті ауданындағы «Махаббат тауы» демалыс орны аумағында «Jasyl cross-2023» плоггингін өткіздік. 120-ға жуық жас өзара 18 командаға бөлініп, 45 минут ішінде өздеріне бөлінген аумақты қоқыстан тазалап, жарысты. Бұл жарыстың ерекшелігі — үздіктерді уақытқа және жинаған қоқыстарының мөлшеріне қарап анықтадық, — деді ол.

Салауатты өмір салтын насихаттау, оларды ынталандыру мақсатында волейболдан, футболдан турнирлер ұйымдастырылып тұрады.

Күні кеше волейболдан «Jasyl el Сup — 2023»кубогыөтті.

— Бұл сайысқа қатысушылардың дені қыздар болды. Өйткені маусым айында еңбек жасағындағы ер балалар арасында шағын футболдан жарыс өткізген едік.

Жеңімпаздарға арнайы кубок пен Алғыс хаттан бөлек, демеушілер тарапынан сыйлықтар дайындадық, — деді қоғамдық бірлестік төрағасы.

Облыстың барлық 12 ауданында да «Жасыл ел» жасақтары құрылды. Әйтеке би, Қобда, Мәртөк, Шалқар, Ойыл, Темір, Мұғалжар аудандарында жастар орман шаруашылығы бағытында жұмыстар жасап жатса, қалған аудандардың жастары  құрылыс пен абаттандыру бағытында еңбек етіп жатыр.

Өз сөзінде Нұржан Шаңғытбаев аудан жастарымен де арнайы кездесу өткізіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдау мақсатында іссапарлар ұйымдастырылатынын айтты.

— Осы аптада Қобда мен Ойыл ауданындағы еңбек жасақтарымен кездесіп, өзен жағасында «Таза қала — таза жағалау» акциясын өткіздік. Енді Хромтау мен Қарғалы ауданындағы сарбаздармен кездесеміз. Жаз мезгілінде көбі су жағасына келіп  демалып, қоқыс шашып кетеді. Сондықтан аталған акцияны жиі өткізіп тұрамыз, — дейді Н.Шаңғытбаев.

Көңілді жұмыс

Мақала жазу барысында қаламыздағы №12 мектептің жанындағы құрылыста жұмыс істеп жатқан жасақ жауынгерлерінің жағдайын білдік. Бұл жердегі құрылысты «Элитстройсервис-Ақтөбе» ЖШС жүргізіп жатыр.

Мұндағы шаруаға «Жасыл елдің» 18 жауынгері білек сыбана іске кіріскен.

Жұмыс барысы туралы бізге  жасақтың командирі Зарина Балмашева айтып берді.

— Соңғы үш жылдан бері жазғы демалыс «Жасыл елде» жұмыс жасаймын. Биыл құрылыс отрядындағы жасақтың командирі болып сайландым. Командамда 18 адам бар. Оның 11-і — ер, 7-еуі — қыз бала.

Жігіттер жағы сыртта абаттандыру жұмыстарымен айналысады. Қыздар ішті тазалайды, — деді ол.

Заринаның айтуынша, барлық сарбаз арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Командир — көк түсті, ал қалған қыз-жігіттер жасыл түсті форма киеді.

— «Жасыл ел» талай жастың жаз айларында жұмыс жасап, ақша табуына септігін тигізді. Соның арқасында дос таптық, марапатқа ие болдық. Барлығымыз қатарлас болғандықтан уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Бес күн таңертеңгі сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс жасап, екі күн демаламыз, — деді жасақ командирі.

«Ақтөбенің» анықтамасы:

«Жасыл ел» жастар еңбек жасағы басталғалы бергі18 жыл ішінде облыста 60 мың жасжаз айларында жұмыспен қамтылды. Олар 900 мың көшет егіп, 2520 гектар аумақтағы саябақтар мен скверлерді көгалдандырды.

Біз білетін «Жасыл елдің» сарбаздары өздеріне міндеттелген жұмыстарды істеп қана қоймай, бос уақытта қаламызды көркейту және қоршаған ортаның экологиялық жағдайына көңілін аудару мақсатында «Таза қала — таза жағалау», «Менің атаулы ағашым», «Экология — жастар көзімен» тәрізді акцияларға өз үлестерін қосып тұрады.

Жуырда ғана Ақтөбе қаласындағы «Эко гвардия» отряды «Ардагерлерді ардақтайық» акциясын өткізді. Қолдарына сыпырғыш, кетпен, күректерін ұстаған белсенді жастар жалғызбасты зейнеткер Лидия Федоровнаның үйіне барып, көмек көрсетті. Ер балалар әжейдің ауласын қоқыстан тазартса, қыздар жағы терезесін жуып, қоршауларын бояп, үй ішін ретке келтірді. Жаны жақсылыққа құштар жастарға қария батасын беріп, алғыс айтты.

Белсенділердің қатарында Бәйішев жоғары медициналық колледжінің студенті Альбина Әбділдина да бар.

— Мұндай акциялар үлкендерімізді құрметтеуге, оларды қартайған шағында жалғыз қалдырмауға үндейді. Барлығымыздың ата-әжеміз, ата-анамыз бар. Қарияларға құрмет көрсетіп, қол ұшын созу әрқайсысымыздың міндетіміз деп білемін. Ал «Жасыл ел» сондай ұйымшыл жастардың басын қосып, игі іс жасауына сеп болып отыр, — деді ол.

Әңгіме барысында Альбинаның «Жасыл елде» биыл бірінші рет жұмыс жасап жатқанын білдік. Әйтеке би ауданындағы Тұмалыбұлақ  ауылының қызы жазғы демалысында еңбек етіп, ата-анасына көмектескісі келетінін айтты.

— Бұл — менің ең алғашқы табысым. Биылғы оқу ақысын өзім еңбектеніп, тапқым келді. Сондай-ақ тағы бір кішкентай арманым бар. Ол — Астана қаласына бару. Ал «Жасыл елде» ол арманды ақиқатқа айналдыруға мүмкіндік бар. Бастысы — ерінбей, адал еңбек ету керек, — деді ол.

Айтпақшы, жылдағы дәстүр бойынша биыл да  еңбек маусымының жабылуында «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының үздіктері марапатталатын болады. Өткен жылы маусым қорытындысы бойынша ең үздік жұмыс жасаған 30 жас Астана қаласына жолдама алса, биыл 100 сарбаз еліміздің бас қаласына демалып келу мүмкіндігіне ие болады.

Айта кетейік, 2022 жылы облыстық штаб «Үздік республикалық штаб» атағын жеңіп алған болатын. Туған өлкенің гүлденуі жолында еңбек етіп жатқан жасақ жауынгерлеріне биыл да сәттілік тіледік.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button