Басты жаңалықтар

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға 6,5 млрд теңгені құрайтын 1455 өтінім берілді

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін және «Ауыл аманаты» жобасын іске асырудың өзекті мәселелері қаралды.

Жиынға облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, Ақтөбе қаласының әкімі, бейнеконференцбайланыс режімінде 12 аудан әкімі қатысты.

Мемлекеттік сатып алу саласындағы ағымдағы ахуал туралы баяндаманы тыңдаған Ералы Тоғжанов әлеуметтік жобаларды іске асыруда, өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін уақытылы және сапалы өткізу маңызды екенін алға тартты.

Мемлекеттік сатып алулар басқармасына конкурстарды өткізуге өтінімдердің уақытылы және сапалы берілуіне бақылауды күшейту, мемлекеттік сатып алуды мерзімінде өткізу үшін 2023 жылға бекітілген жылдық сатып алу жоспарларына сәйкес барлық конкурстық рәсімдерді жариялау тапсырылды.

Сондай-ақ, жиында «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы қаралды. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарынан жалпы сомасы 6,5 млрд теңгені құрайтын 1 455 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 1 243 жоба мақұлданды, 49,3%-на қаржы аударылды. Мақұлданған жобалар бойынша жеңілдетілген несиені беру мерзімінің кешіктірілуіндегі негізгі себеп – құжаттарды рәсімдеу, оның ішінде мүлікті кепілге қоюға қатысты мәселелер, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай.

Өңір басшысы бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдар ауылдық округтердің әкімдіктерімен бірге, жобаның әлеуетті және жұмыс істеп жатқан қатысушыларына барлық қажетті қолдау, заңнамалық мәселелерге қатысты консультациялық көмек көрсетілуі керек екенін еске салды.

💬 «Біз жобаға қатысқысы келетін және қарыз алған ауыл тұрғындарына жан-жақты көмектесіп, жобаларды толық сүйемелдеуді қамтамасыз етуіміз керек. Біздің ауылдардың болашағы «Ауыл аманатының» тиімді іске асырылуына байланысты», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар, жоба аясында ауыл тұрғындарына тауарлы несиелер беру белсенді түрде жалғасуда. Қазіргі уақытта шаруа қожалықтары 328 отбасына төрт мыңнан астам ірі және ұсақ мал, жылқы берген.

Д.АЙДАР. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button