Басты жаңалықтар

Ақтөбеде «Ауыл аманаты» жобасын қолдау мақсатында «Сөзден – іске» акциясы өтті

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру қарқын алуда. Оған ірі шаруа қожалықтары, серіктестіктер, кәсіпкерлер қолдау көрсетіп келеді. Облыстық мәслихат депутаттары жобаны қолдауға бастамашы болып, «Сөзден – іске» акциясын өткізді. Шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысты. 

💬 «Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру үшін барлық жағдай жасауды тапсырды. 2022 жылы Қазақстанда алғаш рет  Ақтөбе өңірінде «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды.
Жалпы, 4700-ден астам адамды қамти отырып, 4,8 млрд. теңге сомасына 1176 отбасының жобалары мақұлданды, 2,5 млрд.теңге сомасына 582 жоба іске асырылуда. «Ауыл аманаты» аясында 60 га жерге картоп, 90 га жерге көкөніс егілді, 70,5 мың бас құс сатып алынды, 48 жылыжай, 37 шағын сүт және 25 шағын ет өңдейтін цех және 27 наубайхана құрылысы басталды.
Тауарлы несие тетігі арқылы 198 шаруашылықтың басшылары 315 отбасына 3960 бас мал берді»,
деген облыс әкімі жобаға қолдау көрсеткендердің барлығына ерекше алғысын білдірді.

Өңір басшысының тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарына жобаның артықшылықтарын түсіндіру жалғасады, үгіт-насихат жұмыстары күшейтіледі.

💬 «Біз ауылдарда жеңілдетілген несиелер беріп қана қоймай, интернет, білім беру, медицина салаларын дамытып, инфрақұрылымды жақсарта отырып, ауыл тұрғындарының жайлы өмір сүруіне жағдай жасау үшін жұмыс істеудеміз. Жақын арада ауыл тұрғындары «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігін көретініне сенімдімін»,деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Акция аясында Байғанин, Ойыл және Қобда аудандарының 14 отбасына мал түрінде тауарлы несиелер берілді. Ойыл ауданының тұрғыны жылыжай салуға және тамшылатып суару жүйесін орнатуға 2,5 млн теңге алды.

Шараны ұйымдастырушылар эстафетаны Темір ауданының депутаттарына тапсырды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button