Басты жаңалықтар

Сапалы ауызсумен толық қамтылады

Алға ауданының халқы биылғы жылдың соңына дейін сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етіледі.

Бұл жөнінде облыс әкімі Ералы Тоғжановтың Алға ауданына жұмыс сапары барысында айтылды.

Үшқұдық ауылында өңір басшысы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында салынып жатқан жылыжайлардың біріне барды.

Нұрзада Жапарова ауданы 160 шаршы метр жылыжай салу үшін, 7,5 миллион теңге сомасына жеңілдетілген несие алды. Қазіргі уақытта негізгі жұмыстары аяқталған, тек тамшылатып суару жүйесін жасау ғана қалған. Тамыз айында қияр отырғызу жұмыстарын бастайды. Жылыжай жылыту жүйесімен жабдықталған. Жоспар бойынша алғашқы өнім қараша айында алынады.

«Бұл жобаның негізгі мақсаттарының бірі — халықты жыл бойы өз өндірісіндегі азық-түлікпен қамтамасыз ету. Мұндай жылыжайлар көкөністерді сақтау мәселесін күн тәртібінен алып тастауға мүмкіндік береді, бұл маусымаралық кезеңдегі көкөністердің бағасына оң әсер етеді», — деді Ералы Тоғжанов.

Үшқұдық ауылдық округінің тұрғындары «Ауыл аманатымен» 20 жобаны жүзеге асыруға кіріскен, оның 4-еуі — жылыжайлар.

Сондай-ақ облыс әкімі ауылдық округ аумағында кәсібін дөңгелетіп отырған шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігімен танысты. «Энергия» ШҚ басшысы Ерлан Мұханов биыл егіннен жақсы өнім күтеді. «Егер ауа райы қолайлы болса, онда біз гектарына кемінде — 20-25 центнер, сәтсіздік болған жағдайда, гектарына 10-15 центнерастық жинаймыз, бұл да жақсы нәтиже болмақ», — деді Ерлан Мұханов.

Талғат Құртабаевтың «Ажар+» шаруа қожалығы биыл 1708 гектар алқапқа бидай, арпа, күнбағыс және басқа да майлы дақылдар еккен. «Ажар+» өнімді қайта өңдеуді де жолға қойыпты. Бүгінгі таңда қожалыққа қарасты наубайхана жұмыс істейді, онда Үшқұдық тұрғындары үшін күн сайын 150 нан пісіріліп, ыстық күйінде сатылады. Жақын арада 100 бас ірі қара малға арналған сүт-тауарлы фермасы жұмысын бастамақ, онда ешкі сүті де өндіріледі. Талғат Құртабаев ферма құрылысын «Ауыл аманаты» жобасының қаражатын тарта отырып, аяқтауды жоспарлап отыр. Алайда жобаның шарттары бойынша шаруа қожалықтарын қаржыландыру қарастырылмаған.
Облыс әкімі бұл мәселе қосымша қаралатынына, шаруа қожалығының әрі қарай даму үшін көмек алатынына сендірді.

Үшқұдық ауылында салынып жатқан ангар үлгісіндегі жаңа спорт кешені қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Ералы Тоғжанов «Шаңырақ XXI» ЖШС басшыларына құрылысты жоғары сапада жасап, мерзімінде аяқтауды тапсырды. Спорт кешенінде ауыл тұрғындары бокс, күрес, шығыс жекпе-жегімен,сондай-ақ жаттығу залында денешынықтырумен шұғылдана алады. Мұнда шағын футбол, теннис және волейбол бойынша оқу-жаттығу сабақтарына арналған көпмақсатты спорт залы да қарастырылған.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Алға ауданындағы қарқынды дамып келе жатқан ауыл — Маржанбұлақта жалғасты. Аймақ басшысы алдымен Маржанбұлақ және Үшқұдық ауылдарының арасында су құбырларын тарту жұмысымен танысты.«Қазполинвест» мердігерлік ұйымының өкілдері жұмысты бір ай ішінде аяқтауға уәде беріп отыр. Жаңа құбырлар су тасқыны кезеңінде еріген қар суының тиімді ағуына, жолдарды судың шайып кетпеуіне мүмкіндік береді.
Өңір басшысы Маржанбұлақ ауылында елді мекенді инфрақұрылымдық дамыту жобаларының іске асырылуын тексерді.
Биылғы жылы Маржанбұлақта жалпы ұзындығы 8,5 шақырымды құрайтын 7 көшеге асфальт төселді. Қазіргі уақытта «Ассана-ДорСтрой» ЖШС мердігерлік ұйымы жөнделген жолдардың жиектерін нығайту, қозғалысты реттейтін белгілерді орнату жұмыстарымен айналысып жатыр.
Ал 2023 жылы ауданның елді мекендерін сапалы ауызсумен қамтамасыз ету 100 пайызға жетеді.Аудан әкімі Нұрбол Ержановтың сөзінше, қазір 4 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жоқ. Алайда бүгінде оның үшеуінде орталықтандырылған су жүйесін өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Тағы бір ауылда тұрғын саны аз болғандықтан, суды тазарту модулінің кешенді блогы орнатылатын болды.
Маржанбұлақта Батыс тұрғын үй алабында инженерлік желілер салынып жатыр. «Әлихан Ойл З» ЖШС мердігерлік ұйымы биылғы қыркүйекте жобаны аяқтап, пайдалануға береді. Қазірдің өзінде ұзындығы 64 шақырым болатын су құбыры төселді. Орталықтандырылған судың игілігін, кем дегенде, 900 үй көрмек.Мемлекеттің жеке тұрғын үй құрылысына тегін жер учаскелерін беруі құрылыстың белсенді жүргізілуіне сеп болды.Жалпы, Маржанбұлақ екі тұрғын үй алабына —Батыс пен Шығыс — бөлінген. «Шығысында» қазір бір ауысымда 300 бала оқи алатын мектептің құрылысы жүріп жатыр. Халық санының артуына байланысты ауылда мектеп тарлық етіп, жетпейтін орын саны 500-ге жақындады.

Өңір басшысы нысанды қарап шығып, құрылыс қарқынын арттыруды, жұмысшылар санын екі есеге көбейтуді тапсырды.
Айта кетейік, негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Ғимарат бой көтерген. Қазіргі уақытта сумен жабдықтау жүйелерін, электр сымдарын өткізу және т.б. монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Мектеп жаңа оқу жылының бірінші күнінен бастап балаларды қабылдауға тиіс», —деді Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ өңір басшысы ауылдық Мәдениет үйіне барды. Әлеуметтік нысан соңғы 14 жылда алғаш рет күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі Ералы Тоғжанов аудан басшылығының алдына әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу, барлық әлеуметтік маңызды жобаларды уақтылы аяқтау және «Ауыл аманаты» жобасын жандандыру мақсатында бірқатар міндеттер қойды.

 А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button