Басты жаңалықтарЭкономика

Жеңіл өнеркәсіптің жағдайы қалай?

Елімізде тоқырау жылдары отандық өндіріс орындарының көбі жабылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Олардың қатарында жеңіл өнеркәсіп саласы да бар. Жалпы бұл саланы дамытуға соңғы кезде мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуде. Дегенмен әлі де шешілмеген мәселе көп. Біз осы орайда сала өкілдерімен тілдескен едік…

Кадр жетіспейді, отандық шикізат тапшы

Жеңіл өнеркәсіп — тұрғындарды жұмыспен көбірек қамтуға мүмкіндік беретін әлеуметтік маңызы зор сала. Бүгінде тек осы саланың өзінен экономикасына әжептәуір пайда келтіріп отырған елдер бар. Мәселен, Үндістан, Қытай, Түркия елдерінде еңбекке жарамды халықтың 20 пайызға жуығы осы салада еңбек етеді. Ал Португалияда жеңіл өнеркәсіп саласы жалпы ішкі өнімнің 22 пайызын құрап отыр.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде әлем бойынша матаның 30 пайызын — Қытай, 14 пайызын — Малайзия, 10 пайызын Үндістан шығарады. Ал Түркиядағы 40 мыңға жуық ірі фабрикада 2 миллионнан астам адам жұмыс істейді. Ал біздің елімізде бұл сала әлі күнге дейін дамымай келеді. Біздің облысты былай қойғанда, кезінде зауыт-фабрикаларының саны жағынан алдыңғы қатарда болған Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда қазір де жеңіл өнеркәсіп саласы кенжелеп тұр.

Облыстық дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығының төрағасы Күләш Бакишеваның айтуынша, бүгінде өңірімізде Ақтөбе тігін фабрикасынан басқа ірі өндіріс орны жоқ.

— Облысымызда «Азая», «Шарм» сияқты бірнеше тігін цехы, сондай-ақ тігін шеберханалары мен дизайнерлердің сән үйлері бар. Алайда бұлардың барлығы сұранысты толығымен қамтамасыз етпейді. Өкінішке қарай, қазір өңірімізде жеңіл өнеркәсіп саласында өзекті мәселелер көп. Атап айтсақ, бірінші мәселе — білікті кадрлардың жетіспеушілігі. Біздің қауымдастық осы кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін қазір облыстағы мамандар даярлайтын оқу орындарымен меморандумға қол қойып, жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, бүгінде біз Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті, Ақтөбе сервис колледжімен бірлесіп, жастарды «Жас маман» бағдарламасы аясында үш және алты айлық тігін курстарымен қамтып жатырмыз. Ең қуаныштысы, осы бағдарлама аясында еңбекпен қамтылған жас мамандар мемлекеттен жалақы алады. Ал екінші мәселе — отандық шикізаттың тапшылығы. Себебі бүгінде осы салаға қажетті шикізаттың дені шетелдерден әкелінеді. Мысалы, түймеден бастап матаның түр-түрі Түркия, Қытай, Өзбекстан елдерінен тасымалданады. Ал оларды әкелу үшін қаншама қаржы және уақыт керек. Ал өз елімізде қарапайым түйме мен ысырма да шығарылмайды, — дейді қауымдастық төрағасы.

Үшінші мәселе — коммуналдық қызмет бағасының жоғары болуы. Қазір облыста жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер коммуналдық қызмет құнын заңды тұлға ретінде зауыт-фабрикалармен бірдей тарифпен төлеп отыр. Ал бұл кәсібін жаңа бастаған немесе әлі дамыта алмай отырған кәсіпкерлерге өте тиімсіз, себебі олар көп шығынға ұшырайды.

Біз осы мәселені көтеріп, облыс әкімдігіне де, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасына да кәсіпкерлерге жеңілдік жасау, коммуналдық қызметтердің бағасын түсіру жөнінде ұсыныс білдірдік. Егер кәсіпкерлерге осы бағытта жеңілдіктер жасалса, онда жеңіл өнеркәсіп саласы едәуір дамыған болар еді. Жалпы, бүгінде Ақтөбе өңірінде бұл саланы дамытуға мүмкіндік мол. Қазір біздің қауымдастық құрамында 70-ке жуық адам бар. Олардың барлығы — осы салада еңбек етіп жатқандар. Олардың қатарында облыстың атын шығарып жүрген белгілі дизайнерлеріміз де бар. Айта кету керек, соңғы жылдары облыста брендтік киімдер тігетін тігін цехтары көбеюде. Дизайнерлеріміз әртүрлі түркиялық, италиялық маркамен киім үлгілерін тігіп жатыр. Халықтың да сұранысы жоғары. Тек бір мәселе бар: ол —  отандық шикізаттың тапшы болуы, — дейді К.Бакишева.

Сонымен, облыста отандық жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін жоғарыда аталған тежеуші факторларды жоюымыз керек. Бұл орайда елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы бекітілгенін айта кеткен жөн. Алдағы уақытта осы жол картасы аясында өңірімізде шикізат базасын дамытып, өңдеу саласын жолға қойсақ, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау шаралары қолға алынса, онда жеңіл өнеркәсіптің аясы кеңейеді. Бір мысал, биыл Ақтөбе қаласында өңдеу саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл орайда келер жылы облысымызда қой жүнін өңдейтін зауыт ашылмақ. Бұл да осы саланы дамытудағы алғышарттардың бірі деуге болады.

Ақтөбедегі бірегей фабрика

Бүгінде Ақтөбе қаласында «A-Textile» ЖШС-на қарасты Ақтөбе тігін фабрикасы жұмыс істейді. Бұл кәсіпорынның ашылғанына биыл үш жыл толады. Қазір мұнда ер және әйелдерге арналған футболка, спорттық және іш киімдер, балаларға арналған спорттық киімдер мен пижамалар тігіледі. Биыл өндіріс орны жыл аяғына дейін 240 мың дана өнім шығаруды көздеп отыр.

«A-Textile» ЖШС директорының орынбасары Үмітбек Ермағамбетовтің айтуынша, қазір тігін фабрикасында 80-ге жуық адам жұмыс істейді. Кәсіпорын бұған дейін қажетті құрылғыларды Германия мен Оңтүстік Кореядан әкелген. Ал шикізатті ашылған сәттен бастап Түркия мен Өзбекстаннан тасымалдап отыр. Фабрикада тігілген өнімдердің барлығы сапалы. Себебі Өзбекстаннан әкелінетін шикізат құрамында (трикотаж) синтетика жоқ. Ал бағасы өзге елдерден әкелінетін өнімдерден екі есеге арзан. Сондықтан да бүгінде жергілікті кәсіпкерлер тігін фабрикасының өнімдеріне аса қызығушылық танытуда.

  • Қазір біз үшін басты мәселе — отандық шикізат пен оқытылған, тәжірибелі мамандардың тапшылығы. Себебі шетелдерден әкелінетін шикізат жыл артқан сайын қымбат бағаға келеді. Бұл — бізге тиімсіз. Ал кадр жетіспеушілігі — бұл өз алдына бөлек әңгіме. Қазір кәсіпорында оқыған, тәжірибелі мамандар аз. Алдағы уақытта біз тәжірибелі мамандарды тауып, оларды жұмыспен қамтуға тырысып жатырмыз. Жалпы фабриканың жұмысы жақсы дамып келеді, — дейді ол.

 «Ақтөбенің» анықтамасы

 Ресми статистикаға сүйенсек, бүгінде елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында 1071 кәсіпорын бар. Оның ішінде 40-ы ірі және орта кәсіпорын болса, қалғандары — кішігірім тігін цехтары. Кеңес заманында, нақтырақ айтсақ, осыдан 35 жыл бұрын 200 мыңнан астам адам еңбек еткен жеңіл өнеркәсіпте қазір 12 мың адам ғана қалған.

Бүгінде Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің үлесі — 1,2 пайыз, ішкі сұраныс 10 пайыздан аспайды. Жалпы елімізде нарықтың 90 пайызын импорт тауарлары құрайды. Атап айтсақ, қазір қазақстандықтар Түркия, Қытай, Бангладеш, Өзбекстан, Қырғызстан, Италия елдерінен әкелінген киім-кешекті тұтынады.

Бүгінде Ақтөбедегі бірегей өндіріс орны ересектерге де, балаларға да сапалы, бағасы қолжетімді өнімдер шығарып, оны өздері ашқан облыс орталығындағы бірнеше сауда нүктесінде сатып отыр. Сондай-ақ тапсырыс арқылы фабриканың өнімдерін сатып алатын кәсіпкерлер де көп. Ең бастысы, отандық өнімге сұраныс жоғары.

Айта кету керек, 2020 жылы «A-Textile» ЖШС цех ғимаратын жалға алып, өз жұмысын бастаған болатын. Өкінішке қарай, кәсіпорын әлі де сол жалға алған ғимаратта жұмыс жасауға мәжбүр. Себебі үш жылдан бері серіктестік басшылығы қала аумағынан қолайлы жер ала алмай отыр.

— Негізі бізге жалға ғимарат алғаннан гөрі өзімізде болған әлдеқайда тиімді. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан жер берілсе, фабрика өзінің қуатына, жағдайына қарай ғимарат салып алады.

Біздің мақсат —  өндірісімізді жылдан-жылға дамытып, ішкі нарықты толықтырып барып, ақтөбелік бренд үлгісіндегі дайын өнімдерді алыс-жақын шетелдерге сату, жарнамалау. Мәселен, Қырғызстан сияқты біз де отандық өнімдерімізді өзге елдерге неге экспорттамасқа? Ол үшін алдымен шикізат мәселесін шешуіміз керек, — дейді серіктестік өкілі.

Арнайы киімдер тігетін кәсіпорын

Ақтөбеде трикотаж киімдерін тігетін тағы бір фабрика бар. Ол — «Глобал – Спецодежда» серіктестігі. Алайда бұл кәсіпорын облыстық дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығының құрамына кірмеген.

Мұнда өндіріс салаларына арналған мамандандырылған жұмыс киімдері жаңа технологиялармен әзірленіп, өндіріледі. Электр доғасынан қорғайтын костюмдер тігіп, қауіпсіздікте қосымша қорғанысты арттыратын логотиптер жасайды.
Компания директоры Надежда Шабаеваның айтуынша, кәсіпорынның жұмыс істеп келе жатқанына 20 жылдай уақыт болған. Кәсіпорын 2020 жылы қуаттылығы жылына 1,2 млн бұйым болатын жаңа тігін фабрикасын іске қосқан. Қазір мұнда жоғары технологиялық жабдықтардың көмегімен арнайы киімдер, үй тоқымалары, трикотаждар — барлығы 150-ден астам өнім түрі шығарылады. Қазір бұл өнімдерге өнеркәсіптік компаниялар тарапынан сұраныс артып отыр.

Фабрикада қазір 200-ден астам адам жұмыс істейді. Ал кәсіпорын жанынан ашылған «Үміт» оқу-өндірістік кешенінде әлеуметтік осал топтағы жастарға стипендия төленіп, олардың одан әрі жұмыспен қамтылуына жағдай жасалған. Қазір мұнда аз қамтылған, көпбалалы әйелдерге тұрақты негізде әлеуметтік және материалдық көмек көрсетіледі.

Бұдан бөлек, бүгінде Ақтөбе қаласында «Азая», «Шарм», «Класс», т.б тігін цехтары жұмыс жасайды. Бұл цехтар алдын ала тапсырыспен мектеп формаларын, ұлттық және арнайы киімдер тігеді.

Қазір Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында қауымдастықтың құрамындағы тігіншілер, дизайнерлер, сондай-ақ аталған цехтардың өкілдері қиын жағдайға тап болған қыз-келіншектерге көмектесіп, олардың тігін тігіп үйренуіне атсалысуда. Бүгінде аталған орталықта тегін түрде тігін курсы жүргізіледі. Бүгінге дейін облыс бойынша жүзден астам адам тігін курсынан өтті. Сондай-ақ олар қауымдастықтың көмегімен жұмыспен қамтылатын болады, — дейді облыстық дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығының төрағасы Күләш Бакишева.

Р.S. Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі индустриялық даму комитеті төрағасының міндетін атқарушы Олжас Сапарбеков жыл басынан бері елімізде 55,5 млрд теңгеге жеңіл өнеркәсіп өнімі өндірілгенін, бұл көрсеткіш былтырғы кезеңмен салыстырғанда 37,8 пайызға артқанын жеткізген болатын. Сондай-ақ ол 2022 жылмен салыстырғанда биыл өндіріс орындарының саны 9 пайызға көбейгенін атап өтті. Демек, жыл өткен сайын елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы дамып келеді. Ендігі жерде біздің облысымызда да осы саланы дамытуға күш салынса, игілікті іс болары сөзсіз…

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button