Басты жаңалықтарМәдениет

Мәдениеттің сұрар сүйіншісі көп

Шілдеден бастап көптеген мәдениет ошағы еңбек демалысына шықты. Облыстық Тахауи Ахтанов атындағы драма театры мен Ғ.Жұбанова атындағы филармония кезекті маусымын аяқтады. Бірақ өнер мен мәдениетті жоғары бағалайтын қауым үшін түрлі шаралар жаз бойы ұйымдастырыла бермек.

Алдағы алты айда Ақтөбе өңірінің мәдени өмірінде қандай жағымды жаңалықтар болатынын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисовадан сұрап білген едік.

Сонымен…

Тағы екі креативті орталық ашылады

Жылдың басындағы сұхбатымызда басқарма басшысы биыл атаулы даталар мен мерейтойлар аз еместігін, соның аясында облыс бойынша 20 мыңнан астам мәдени шара өткізу жоспары тұрғанын айтқан болатын. Көзіміз көріп отырғандай, жартыжылдықтың алғашқы нәтижелері көңіл қуантарлық. Олардың көпшілігін, оқырмандарымызбен бөлісіп те жүрміз.

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы базасында ашылған Қазақстандағы алғашқы креативті орталық — сол атқарылған жұмыстардың нәтижесінің бірі. Ашылғанына бір ай енді толған орталыққа осы уақыт аралығында 15 000-нан астам жас барыпты.

Прохоров көшесінде орналасқан кітапхананы қайта трансформациялаудың нәтижесінде оның сыртқы қасбетімен қатар, ішкі дизайны да өзгеше кейіпке енді. Мұнда жастар үшін барлық жағдай жасалған. Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлының тапсырмасымен дәл сондай форматтағы орталықтарды қаланың бірнеше жерінен ашуды көздеп отырмыз. Жыл соңына дейін Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармониясы мен «Өнер» музейінің ғимаратында тамаша креативті орталық ашылады, — деді Алтынай Юнисова.

Жаңа театр салынып жатыр

Театрсүйер қауым үшін жағымды жаңалық бар. Басқарма басшысы 25 жылдан бері шешілмей келе жатқан театр ғимаратын салу мәселесі шешімін тапқанын айтты. Сондай-ақ биыл 55 жылдық тарихы бар облыстық планетарий мен облыстық әмбебап-ғылымикітапханасына да жаңа ғимарат салынады.

— Бүгінде Бөкенбай батыр көшесінде театр ғимаратының құрылысы басталды. Планетарий мен кітапхананың ғимараттары да осы көшеде салынады. Үш қабатты үш бөліктен тұратын кітапхана аумағында зиялы қауым — ақын-жазушы, жыршы, күйшілерге арналған «Рух» аллеясы бой көтереді, — деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, он екі ауданның он бірінде Мәдениет үйі бар. Осы уақытқа дейін тек Хромтау ауданының орталығында Мәдениет үйі болмаған. Облыс әкімінің қолдауымен биыл өндірісті өлкеде Мәдениет үйінің құрылысы басталмақ. Сондай-ақ Темір ауданында аудандық архив пен музейге, аудандық кітапханаға жаңа ғимарат салынады деп жоспарланып отыр.

«Қарақамыс» жәрмеңкесі

Жаздай шаруасын бірыңғайланған ақтөбеліктер күзде жаңғырған жәрмеңкелерге баруды әдемі дәстүрге айналдырды. Олай деуімізге себеп бар. Өткен жылы

9-11 қыркүйек аралығында ұлан-асыр той жасаған ырғыздықтар көне тарихты қайта тірілтіп, «Жармола» жәрмеңкесін өткізсе, қыркүйектің соңына қарай ойылдықтар Ұлы Жібек жолының бойында «Көкжар» жәрмеңкесінің 155 жылдығын атап өтті.

— Мәдениет пен өнердің дамуы тарихпен тығыз байланысты. Тарихқа көз салсақ, қазақ жерінде өткен 9 жәрмеңкенің 4-еуі Ақтөбе өңірінде болыпты. Кезіндегі жәрмеңкелер тек сауда-саттықтың ғана  емес, өнердің де ордасы болған. Биыл кезінде өлкеміздегі сауда-экономикалық қатынастардың жандануына ерекше ықпал еткен «Қарақамыс» жәрмеңкесін қайта жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Ал «Ақтөбе» жәрмеңкесі келер жылдың еншісінде, — деді Алтынай Юнисова.

Айтпақшы, биыл Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен 2023 жыл — халықаралық Тары жылы деп жариялағаны белгілі. Осыған орай, Ұлы Жібек жолындағы жаңғырған «Көкжар» жәрмеңкесі аясында «Тары FEST» халықаралық этнофестивалін өткізу жоспарланып отыр.

Жырдан шөлдеп жүрсеңіз…

«Жырау шайға» келіңіз. Иә, Ақтөбеде «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі Әділбек Сариннің бастамасымен «Жырау шай» жобасы қолға алынған. Жырдан сусындағысы келген тыңдарман әр сенбі сағат 14.00 мен 18.00 аралығында «Сарқыт» этномәдени мейрамханасына «Жырау шай» отырысына барса болады.

— Мәдениетті айтқанда, ұлттық дәстүрлі өнерді айтпай кету мүмкін емес. Бүгінде өңірде бұл бағыттағы жұмыстар да бірізге қойылды. Облыс орталығында 4 жерде «Ер Едіге» жыр мектебі жұмыс жасап тұр. Онда білім алып жатқан шәкірттердің талабын ұштау мақсатында екі жыл қатарынан «Едіге деген ер екен», «Қобыланды деген ері бар..» атты республикалық жыр байқаулары ұйымдастырылып келеді. Одан бөлек жыр мектебінің шәкірттері  ай сайын есеп беру кештерін өткізеді. Ал сенбі сайын «Сарқыт» этномәдени мейрамханасында «Жырау шай» отырысында бас қосады, — деген басқарма басшысы жас жыршылардың бағзы дәстүрді ұлықтау жолындағы жырлаған қисса-дастандары мен әндері көпшілікті тез баурап алғанын айтты. «Жырау шайдың» тұрақты келушілері де бар екен.

Біздің бренд!

Ақтөбе облысының мәдени брендіне айналған ірі жобалары бар. Халықаралық деңгейде өтетін «Baqytty Bala» ашық балалар вокалдық фестивалі — сондай ірі жобалардың бірегейі.

«Baqytty Bala» байқауы 2018 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатыр. Өткен жылдардың жеңімпаздары мен қатысушылары Димаш Құдайбергеннің жеке концерттері аясында, оның ішінде Лондон мен Нью-Йоркте бір сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік алды. 2022 жылы фестивальге қатысуға Ресей, Өзбекстан, Түркия, Украина, Польша, Испания, Румыния, Әзірбайжан, Армения, Болгария, Африка елдері мен Қазақстанның барлық қаласынан 200-ден астам жас вокалист өтініш білдірді.Қазіргі таңда  «Baqytty Bala — 2023» бесінші ашық халықаралық балалар вокал фестивалі-байқауына өтініш қабылданып жатыр, — деді Алтынай Юнисова.

Айта кетейік, фестиваль-байқау тамыздың 10-14 аралығында өтеді.

Шырағы сөнбейтін заңғарлар

Биыл қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тахауи Ахтановтың туғанына — 100 жыл. Басқарма басшысы Ақтөбе облысы заңғар жазушының мерейтойын ауқымды түрде атап өтуді жоспарлап отырғанын айтты.

Атап айтар болсақ,  қыркүйекте «Шырағы сөнбеген заңғар жазушы» атты кешенді мәдени шаралар апталығы өтіп, соның аясында халықаралық театр саласы мамандарының басын қосатын «Ахтанов алаңы» форум-фестивалі өтеді. Апталық аясында Т.Ахтанов театрының тарихына арналған кітаптың тұсауы кесіліп,оның шығармашылығына  арналған музей ашылады. Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығына арналған ІІ республикалық үздік драматургия байқауының жеңімпаздары марапатталды. Апталық«Шырағы сөнбеген заңғар жазушы» аттыгала-концертпен аяқталады.

Сондай-ақ кескіндеме бағыты бойынша «Биік бояу» үлкен көлемде сурет салу акциясы, облыстық С.Бәйішев атындағы әмбебап-ғылымикітапханасының ұйымдастыруымен түрлі мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Биылғы ерекше есте ұстар даталардың бірі — 1718-1748 жылдары билік құрған Кіші жүз ханы, қолбасшы Әбілқайыр Мұхаммед Ғази Баһадүр ханның туғанына 330 жыл толуы. Соған орай қазан айында республикалық ғылыми-практикалық конференция (халықаралық қатысыммен) өтеді. Сондай-ақ республикалық деңгейде қазақ елінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай ғылыми-теориялық конференция өткіземіз, — деді Алтынай Юнисова.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button