Басты жаңалықтар

«Ауыл аманаты — бабалар аманаты»: Байғанин ауданындағы берекелі істер

«Ақтөбе Медиа» ЖШС бастамасымен құрылған экспедиция сала мамандарымен бірге Байғанин ауданына барып, «Ауыл аманаты» бағдарламасының жай-жапсарын түсіндірді.

79 жоба қолдау тапты

Облыста жұртшылықтың ауылда еңбек етіп, тиісінше тұрақтауына бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының қай тараптан да үлкен қолдау тапқаны белгілі. Бұның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жолдауында ерекше тоқталған ауыл шаруашылығын дамыту тапсырмасы аясында қолға алынғанын айта кету керек. Өткен жылдың соңында Ақтөбеде өз бастауын алған іске сол кезден-ақ жұртшылық тарапынан қызығушылар көп.Дейтұрғанменқұрамында«Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері, «Үш таған» журналы бар «Ақтөбе Медиа» ЖШС тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді көздеп, «Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясымен жолға шыққан-ды. Бір жағынан бұл редакцияның оқырмандармен арадағы байланысты нығайта түсу үшін де жасалып отыр.

12 ауданның барлығын қамтитын экспедицияның басында облыс әкімі Ералы Тоғжанов сәт-сапар тілеп, әуелі Хромтау ауданына жолға шыққан едік.

Аз уақыттың ішінде Хромтау, Мұғалжар, Алға аудандарын аралаған экспедиция мүшелері бұл жолы Байғанин өлкесіне барды.  Аудан орталығы — Қарауылкелді ауылында өткен кездесуде алдымен аталған экспедицияның мақсат-мұраты туралы айтылды.

—Бұған дейін елімізде «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» сынды жобалардың болғанын білесіздер. «Ауыл аманаты» бағдарламасының басқалардан ерекшелігі — ауылдағылардың әл-ауқатын нақтылы көтеруге бағытталған. Пайыздық үстемеақысы төмен. Сондықтан экспедиция мүшелері «Ауыл аманаты» жобасы туралы кеңінен түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін арнайы келіп отыр. Үкіметтің ұсынған мүмкіндіктерін пайдалансаңыздар, түбінде игілігін де өздеріңіз көресіздер. Құрамымызда сала мамандары — «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері бар, олар да кез келген сұрақтарыңызға жауап береді.

Экспедиция барысында әсіресе Мұғалжар ауданына қарасты ауыл әкімдерінің бағдарламаға белсенді қатысып жатқанына куә болдық. Бұл — айналып келгенде елдің тұрмысын жақсартатын қадам. Соны ұмытпайық, — деді экспедицияны бастап барған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин.

Артынша дала қазақтарын демейтін жобаның соңғы санайғақтары туралы мәлімет беріліп, қатысушылардың озық үлгілері мысалға келтірілді. Айталық, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Мұхтар Әкімовтің айтуынша, қаржылай несие алуғабарлығы 1337 өтініш келіп түскен. Соның 1006-сы мақұлданып, 485-і несиесін алып үлгерген.

— Ауданда 9 ауылдық округ, 24 елді мекен бар. Тұрғындардың саны — 23181. Соның 3400-і жеке кәсіпкерлікпен айналысады. 524 жұмыссыз тіркелген. 584 шаруа қожалығы бар.

«Ауыл аманатына» келсек, әу баста аудан бойынша Көлтабан және Қызылбұлақ ауылдық округтерін бағдарламаға қатысуға ұсынған едік. Себебі екеуі ауданның шетінде орналасқан, қай жағынан да әлеуеті зор. Бүгінгі таңда 79 жоба оң бағасын алды. Солардың ішінде 25 жоба несие рәсімдеді. Әрқайсысының бағыты әртүрлі, ет және өсімдік шаруашылықтары, құс өсіру, жылыжай, тағы басқа.

Өз тарапымыздан бір ұсынысымызжобаларды комиссия мүшелері тым ұзақ қарамаса екен. Әйтпесе тұрғындар жауапты көп күтіп қалдық деп жиі айтады, — дейді Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Раушанов.

Ал «Ақтөбе» ӘКК басқармасы төрағасының орынбасары Ашур Алмасов «Ауыл аманаты» жобасының мүмкіндіктері, оған кім қатысатыны туралы кеңінен айтып берді. Сондай-ақ қатысушыларға өнімді өткізу жағынан қолдау болатынын атап өтті. Мәселен, қаладағы «Табыс» базарында бұл мақсатта арнайы орындар қарастырылған.

Жиында тұрғындар да сөз алып, «Ауыл аманаты» жобасына ризашылығын білдірді. Солардың бірі — еңбек ардагері Нұрлан Өскінов ел азаматтарына арнайы сапары үшін алғысын айтып, ауылдың көркейе беруін тіледі.

Бағбан тәжірибесімен бөлісті

Байғанин ауданының жұртшылығына Құтым Қасенов есімі жақсы таныс. 30 жылдан астам уақыт бойы кәсіпкерлікпен айналысатын ақсақал жылыжай салып, түрлі көкөністерді қысы-жазы егіп отыр. Қияр, қызанақтан бастап, жеміс ағаштары, аскөкке дейін өсіретін бағбан жер-жерден сұраныстың барын айтады. Оның ойынша, еңбек етемін деген адамға «Ауыл аманаты» жобасы — тамаша мүмкіндік.

— Өткенде облыс әкімінен бастап көптеген сала мамандары осы бағдарламаның шарттары туралы түсіндіріп кетті. Бүгін, міне, сіздер — экспедиция мүшелері келіп отырсыздар. Өзім де бұның керемет бастама екеніне сенімдімін. Өйткені бұған дейін 2,5 пайызбен несие берілген жоқ. Соның өзі неге тұрады? Әрі ауылдағы үйді кепілге қою мүмкіндігі бар. Бұл — әртүрлі себеппен жұмыссыз отырған, болмаса жеке кәсібімді бастаймын деген адамға үлкен қолдау. Шыны керек, жасым 70-тен аспағанда өзім де осы жобаға қуана қатысар едім.

Әкем кезінде егін шаруашылығымен айналысқан. Мен соның ізін жалғадым. Түрлі көкөніс, жемістерді табысты егіп, шаруашылық жүргізгенім үшін мемлекеттік грантқа да ие болдым.  Жалпы, кәсібімді ілгерілетемін дегенге мемлекеттен қолдау бар. Соның көзін тауып, амалын жасаса болғаны. «Ауыл аманаты» — соның жарқын үлгісі. Осы ауылдан, көршілес елді мекендерден жылыжай ашуға ниетті, егін шаруашылығының қыр-сырын білуге талаптанғандарға бар білгенімді тегін үйретіп жүрмін. Былтыр осы жоба басталғалы тәжірибеңізбен бөлісіңізші деп келгендерге жөн сілтеп, қайткенде жемісті еңбек етудің жолдарын нұсқадым. Менің ойымша, бұл біздің, үлкендердің, жастардың алдындағы борышымыз. Ауыл халқының жағдайы жақсарса, қаладағылардың күйі де жаман болмайды. Өйткені бәрі бір-бірімен етене байланысты, — деген Құтым ағай экспедиция мүшелеріне жылыжайдағы көкөністерін көрсетіп, шағын экскурсия ұйымдастырды.

Айтпақшы, біз барған күні ақсақал 78 жасқа толып жатыр екен. Еңбек адамына «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин құрмет көрсетіп, «Шипагер» емдеу-сауықтыру орнына тегін жолдаманы тапсырды. Құтым Қасенов экспедиция мүшелеріне сәт-сапар тілеп, бұның идеологиялық мәні терең іс екенін айтты.

Бағдарламаның игілігін көргендер

Аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Көлтабан ауылдық округіне қарасты Жарлы ауылына жол жүрген экспедиция мүшелері мұндағы тұрғындармен де жүздесіп,  сұрақтарына жауап берді. Арасында кепілге қою үшін ауылдағы үйді арзан бағалайтынын, бұл тиісінше несие көлеміне де әсер ететінін мәселе етіп көтергендер болды. Сондай-ақ жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, құжатты жинауда қағазбастылыққа тап болатынын айтты.

Одан соң осы ауылдан жобаға қатысып, кәсібін бастап жатқан Темірбек Жексембай, Нұргүл Сариманова, Лаура Шариповаларды экспедицияны бастап барған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин Алғыс хатпен марапаттап, сыйлықтар тапсырды.

Түс ауа экспедиция мүшелері жоғарыда аталған жоба қатысушыларының үйіне барып, кәсібімен танысты. Солардың бірі — Лаура Шарипова. Жарлы ауылындағы балабақшада тәрбиеші боп жұмыс істейтін ол жақында ғана несие рәсімдеп, ісін енді бастағалы отыр.

— Жолдасым вахталық әдіспен жұмыс істейді, өзім де ауысыммен мектепке дейінгі ұйымда еңбек етемін. Екі баламыз бар. «Ауыл аманаты» жобасы туралы естігенде, «қосымша табыс үшін неге айналысып көрмеске?!» деген ой келді. Содан құжаттарымды тапсырып, енді ғана 3,7 миллион теңгені несиеге алдым. Бұйырса, 4 жылда төлеп құтыламын. Жылыжай салып, қияр егуді жоспарлап отырмын. Аумағы 70 шаршы метр болмақ.

Жалпы, тәжірибе бар. Бұған дейін өзіміз үшін қияр, қауын ектік. Бұл іспен отбасымызбен 3 жылдан бері айналысып келеміз. Менің ойымша, бұл — кәсіппен айналысамын, тұрмысымды жақсарта түсемін деген азаматтарға үлкен демеу. Сәтін салса, жобаның жемісін көре жатармын, — дейді Лаура.

Нұргүл Сариманованың да кәсіпкерлікке қатысы жоқ. Мамандығы бойынша медбике жарлылық тұрғын «Ауыл аманаты» бойынша 3 миллион теңге алған. Ол — құс шаруашылығын дамытпақ ниетте.

— Шыны керек, басында көпшіліктен қалмайын деген ой болған. Кейін, зерттей келе, бұның жақсы табыс әкелетінін түсіндім.

Қазір 150 тауығым бар. Күн сайын жұмыртқаларды сатып, пайда тауып отырмын. Есептеп қарасам, алғашқы айда 130 мың теңге тауыппын. Енді кәсібімді кеңейтіп, тауық өсіруге ден қоймақ жоспарым бар. Қорамды үлкейтіп, тауықтың санын да молайтамын. Егер кәсібім жақсы іске асса, болашақ ұрпақтарым жалғастырар. Ауыл шаруашылығы өнімдерініңқай кезде де сұраныста болатыны сөзсіз, — дейді Нұргүл Сариманова.

Экспедиция мүшелеріне тауықтарын көрсетіп, шағын шаруашылығы туралы әңгімелеген Нұргүл құстың еті, жұмыртқасы тіпті жүні де табыс екенін алға тартты. Тек жемін беріп, күтімін келістірсең болғаны.

Мал дәрігері Темірбек Жексембай Зеңгі баба тұқымын кәсіп көзіне айналдырып, бұған бүкіл отбасын жұмылдырған. 34 жастағы жігіт бұл туралы:

— Жарлы ауылындағы қарапайым отбасылардың біріміз. Бүгінгідей жиындардың бірінде «Ауыл аманаты» жобасы туралы біліп, қызығушылық таныттым. Көп ұзамай,2,8 миллион теңгеге несие рәсімдедім. Бұл ақшаға сүт өңдеуге қажетті аппараттарды сатып алдым. Бүгінгі таңда қымыз, сүттен бөлек, қаймақ, май, құрт, басқа да сүт өнімдерін сатамыз. Сатып алушылардың ықыласы жақсы, сұраныс бар.

5 жылқы мен 5 сиырым бар. Алдағы уақытта мал санын арттырмақ ойым бар, — дейді Темірбек.

Сүт өндірісін зайыбы екеуі жүргізіп отырған жоба қатысушысы мал шаруашылығынан тәжірибесі барын, өзі тұратын өлкеніңклиматы бұған қолайлы екенін баян етті.

— «Ауыл аманаты» бірінші кезекте ауылды сақтауға және дамытуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Соңғы үш жылда ауылдардан 17 мың адам қалаға көшіп кеткен. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, біздің ауылдарда кім қалады? Жоба ауылдың өндірісін ғана дамытып қоймай, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау салаларының сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдау үшін қолға алынған. Бірақ бұл да жеткіліксіз, біз ауылдағы инфрақұрылымды  дамыту бойынша жұмыс істеуіміз керек.

Осы жылы облыс бойынша 800 шақырымнан астам автожол жөнделеді. Соның ішінде, аудандарда ауқымды жұмыстар атқарылады», — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясы алғаш жолға шыққанда.

Ақсақалдардың алғысын алды

Байғанин ауданына барған «Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясы Ащы ауылдық округіне қарасты Ноғайты ауылына да аялдады.Мұнда да ауылды дамытуға бағытталған аталған бағдарламаның мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі мағлұмат берілді. Жиналғандар өздерін толғандырған сұрақтарына жауабын алды.

Бұдан бөлек, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, ақын, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Айгүл Нұркеева, кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Естай Сисенбаев, Байғанин аудандық мәслихатының депутаты Балнұр Ермекбай, сөз сөйлеп, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.

Сондай-ақ экспедиция жетекшісі Раукен Отыншин бір топ ауыл ардагерлеріне атап айтсақ, Ноғайты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Жұмабаев пенеңбек ардагері Игорь Төремұратовқа «Еңбек даңқы» төсбелгісін, еңбек ардагері Тілек Төлешовке «Елеулі еңбегі үшін» медалін тапсырды.

Кездесу барысында «Ақтөбе Медиа» ЖШС қызметкерлері Талғат Тілеулесов Байғанинге арнаған өлеңін оқыса, Азамат Жалмағамбетов әннен шашу шашты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе-Байғанин-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button