Басты жаңалықтар

Құрбылар ашқан  кулинария

Тұсауы кесіліп, алға қарай қадам басқан әрбір кәсіптің өз тарихы болады. Мейлі ол шағын болсын, орта болсын өзіне тән қиындығы, кедергілері тағы бар. Біз бүгін ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да,өнімдері көпшіліктің сұранысына ие болып үлгерген «Адель» аспаздық студиясының тарихын оқырмандарымызбен бөліскенді жөн көрдік…

Әдетте кәсіпкерлердің көбі өз алдына жеке іс бастап, қазынаға түскен табысты да өздері жаратқысы келеді. Ал біздің кейіпкерлерімізЗарина мен Любовь аспаздық шеберліктерін біріктіріп, екеуіне ортақ бір кәсіп ашқан.

Бұған дейін бизнестен мүлде хабары болмаған бикештер көптен бері ойда жүрген идеяларын жүзеге асырғысы келіп, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына барады. Қос құрбының беталысын байқаған мұндағы сарапшылар екеуіне тәлімгер бекітеді. Іріктеуден сәтті өткен олар маусым айынан бастап ментор-тәлімгер, белгілі кәсіпкер Күлпаршын Айдархановамен бірге жұмыс жасап жатыр.

— Қыздардың екеуі де пысық, өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен адал орындап шығады. Любовь тәттілер пісірудің шебері болса, Зарина жартылай фабрикаттарды тамаша дайындайды. Жас кәсіпкерлердің алғашқы қадамдарынан-ақ олардың кәсібінің болашағын болжауымызға болады. Бізге келмей тұрып-ақ, өнімдерін сататын орын тауып қойған.Кулинарияның орналасқан жері де саудаға ыңғайлы, — дейді Күлпаршын Айдарханова.

Бүгінде аспаздық студиясының техникалық ашылуын жасаған кәсіпкер қыздар бизнестегі тәжірибелі тәлімгерінің жетекшілігімен өнімді өткізудің түрлі әдіс-тәсілдерін жасап жатыр. Жаңадан ашылған кулинарияның логотипі де дайын.  Олардың ендігі мақсаты — қазіргі сатып алушыларын жоғалтып алмай, керісінше, тұрақты тұтынушы қатарын көбейту.

Алғашында нан, тоқаш, тұшпара дайындап сатқан аспаздардың прейскурантында бүгінде сарымсақ қосылған, қатпарлы, италиялық сүттінан түрлері бар. Сөреге қойылған десерттерден де көзің сүрінеді. Салаттар мен жусай қосылған манты іздесеңіз,Зарина мен Любовьтің дүкеніне барыңыз!

Кәсіпкерлер жартылай фабрикат өнімдеріне пайдаланатын етті жергілікті шаруа қожалықтарының бірінен сатып алады.

Айтпақшы, бұл дүкенде Заринаның өзі теріп, қолдан дайындап кептірілген шайдың бірнеше түрін таба аласыз.

Құрбым екеуміздің жоспарымыз көп. Бастаған ісімізді әрі қарай дамытқымыз келеді. Біздің идеямыздың жүзеге асырылуына септігін тигізген «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына алғысымызды білдіреміз. Бизнес саласында екеуміздің де білмейтініміз көп. Ал Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы бекіткен тәлімгердің арқасында біз көп нәрсені үйреніп жатырмыз. Дайындаған өнімді көпшілікке ұсынудың да өз тәсілдері бар екен. Бізге алдағы үш айдың ішінде тағы бір сауда нүстесін ашу міндеті қойылды. Соған жету үшін аянбай еңбек етеміз. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз, — деді Зарина Қалменова.

Кәсіпкерлер барлық жабдықты өз қаражаттарына алған. Қазіргі отырған ғимаратын бөліп төлеу әдісі арқылы сатып алыпты. Сондықтан күнделікті өнімнен түскен ақша қарыздарын өтеуге және қажетті шикізат өнімдерін сатып алуға ғана жетіп жығылады. Бірақ құрбылар мұның уақытша қиындық екенін айтады.

Тәлімгерлерімен бірге есеп жасап, жоспар құрып қойған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында республика аумағында кәсіпкерлердің құзыреттілігін арттыруға бағытталған «Мен — кәсіпкер» жаңа тетігі іске қосылды.Кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдаудың бұл түрі үш бағыттан тұрады. Зарина мен Любовьтің барған Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы — «Мен — кәсіпкердің» екінші бағыты. Аты айтып тұрғандай, бұл орталық кәсіп бастаймын деген әйелдерді қолдайды.

Палата жанындағы орталық2022 жылдың наурыз айынан бастап жұмыс істейді. Бұл жерде кәсіп иелері консультациялар алып, білімін жетілдіреді, тәлімгермен жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болады. Өткен жылы тәлімгердің қолдауына 10 ақтөбелік кәсіпкер әйел ие болса, биыл кәсіпкерлік бастамалары мен бизнесі бар 12 әйелге қолдау көрсетіліпті.

Ашылған уақыттан бастап бұл жерге 800-ге жуық кәсіпкер әйел өтініш білдірген. 60 қыз-келіншек соның аясында түрлі мамандық бойынша білімін жетілдірген.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button