БілімБасты жаңалықтар

Түлектерінің бәрі жұмыс табатын оқу орны

Еліміздің ағарту саласына өзінің қомақты үлесін қосып келе жатқан оқу орындарының бірі  — Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжі.  Өндірісті Ақтөбе өңіріндегі кәсіптік білім берудің күретамырына айналған, айтулы белестерді бағындырған, кәсіби жұмысшы мамандарын даярлайтын оқу ордасының бүгінгі жай-күйі туралы әңгімелеуді жөн көрдік.

Облысымыздың құрылыс саласының дамуы колледж тарихымен тығыз байланысты. Білім ордасының құрылысшылар даярлауда өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан. Білікті де білімді мамандарды даярлап келе жатқан алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі.

Оқу орнының шежірелі тарихына шолу жасасақ, білім ордасының іргетасы 1947 жылы қаланған. Ең алғаш №33 фабрика-зауыт мектебі болып ашылған. Кәсіптік білім беруді  оңтайландыруға байланысты оқу орны қайта құрылып, колледж мәртебесін иеленіп, 2012 жылдан бері Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжі  болып атауы өзгертілді. Оқу орны алғашқы бастау жолында «Актюбстрой» тресіне мамандар даярлаған. Биылдан бастап колледж атауы Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжі болып өзгертілді.

Колледж тарихының қай кезеңін алсақ та, оның дамуы мен қалыптасуына үлкен үлес қосып, оқу орнына сара жол, дәстүр, жаңа үрдістер қалыптастырған басшылар, ұстаздар мен өндірістік оқыту шеберлері, тәрбиешілер баршылық. Әр жылдарда бұл оқу орнын білікті мамандар, кәсіптік білім беру ісінің үздіктері басқарды. Іргелі оқу ордасын 35 жылдан астам уақыт Мұқаш Кенбаев басқарып, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіруге, ұлттық кадрларды даярлауға өзінің қомақты үлесін қосқан.

Оқу орнында 59 педагогикалық кадр, 38 оқытушы, 21 өндірістік оқу шебері жұмыс жасайды. Биыл 217 білім алушы колледжді аяқтап, олардың 88 пайызы жұмысқа орналастырылды. Кадр даярлау 6 мамандық және 11 біліктілік бойынша жүргізіледі.  «Кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері», «Электргазбен дәнекерлеуші», «Техник-механик», «Техник құрылысшы» және басқа да жұмысшы мамандықтары оқытылады, — дейді колледж директоры Гүлден Есенғалиева.

Оқу ордасында 2 оқу корпусы, 20 оқу кабинеті, 10 шеберхана, 10 интерактивті құрылығы, 3 компьютер бар. Сонымен қатар «Жас Маман» жобасы аясында 3 мамандық бойынша 4 шеберханаға қазіргі заман талабына сай құрал-жабдықтар сатып алынған. Ол жабдықтардың қатарына ең жаңа үлгідегі тас кескіш машиналар, дәнекерлеу посттарына арналған дәнекерлеу инверторлары мен сору жүйелері, еуропалық брендтердің плитка кескіштері, дәнекерлеу машиналары және нақты модельдерді жасауға арналған 3D принтерлер бар. Сондай-ақ колледждің компьютерлік кабинеті 16 жаңа монитормен, 15 ноутбукпен және интерактивті панельдермен толықтырылды. Бұл жабдықтардың барлығы білім алушылардың жаңа құзыреттіліктерін дамытуға, болашақ мамандарды даярлау сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Колледжіміздің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жаңарып келеді. Жаңа оқу жылына 300-ге жуық студент қабылданады деп жоспарланып отыр. Алайда жатақхана мәселесі шешімін таппай келеді. Студенттеріміз үй жалдап тұруға мәжбүр. Оқу ақысы тегін болғанымен шалғай ауылдардан келген студенттеріміз үшін жатақхананың тұрғызылғанын қалаймыз.

Колледж студенттері 2014 жылдан бері «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатына қатысып, ел мерейін асқақтатып келеді. «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионаты жастар арасынан үздік жас маман иелерін анықтау мақсатында жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл «Worldskills Aktobe – 2023»  аймақтық кәсіптік шеберлік конкурсына Наурызғали Талапов, Бекет Сәрсенбай, Мерей Қатабатыр және басқа да дарынды студенттеріміз қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінді, — дейді колледж директоры Гүлден Өтежанқызы.

«Ақтөбе хром қосылыстар зауыты» АҚ, «АкПром» ЖШС,  «ЖБИ-25» ЖШС, «Стройдеталь» ЖШС, «Нектар» ӨК, «Ақтөбе металл конструкциялары зауыты» АҚ, «Интерстиль» ЖШС, «Энергосистема» ЖШС, «Кварц-Спецсервис» ЖШС,  ЖК «Губайдуллина Айслу Адильбековна», ЖК «Пуховой Вячеслав Вячеславович», «Хаус  Мастер  Актобе» ЖШС, ЖК «Есенов Даулет», «Qaz-Bel Лифт» ЖШС және басқа да шағын және орта бизнес кәсіпорындары білім ордасының әлеуметтік серіктестері. Аталған облыстың ең ірі кәсіпорындары жас мамандарды тәжірибеден өткізіп, жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасап отыр.

Студенттер не дейді?

Жантөре ЖӘЛІМБЕТОВ, колледж түлегі:

— Мен Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжінің түлегімін. Колледж қабырғасында жүріп, «Интерстиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысқа орналастым. Оқу-тәжірибесі кезінде білікті мамандардан тәжірибе жинақтап, көлік бөлшектерін қиып өлшеудің тәсілдерін үйрендім. Қазір электргазбен дәнекерлеуші болып жұмыс жасаймын. Дәнекерлеуші болу үшін асқан табандылық пен шыдамдылық керек. Себебі ыстық оттың арасында жүріп, 9 сағат бойы жұмыс жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өзіме таңдаған мамандығым ұнайды. Алдағы уақытта білімімді жетілдіріп, үлкен кәсіпорындарда қызмет еткім келеді. Кәсіпорында ұйымдастырылатын турнирлерге қатысып, жүлдегер атанып жүрмін. Бос уақытымда волейбол, футбол, шахмат спортымен шұғылданамын. Білікті мамандар даярлайтын Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжінің мамандарына айтар алғысым шексіз.

Наргиз БЕКЕЖАН, гір тасын көтеру спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, колледж студенті:

Мен техник-бағдарламашы мамандығының соңғы курсында оқып жатырмын.

Оқу тәжірибесі барысында «Казгрантстрой kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен тәжірибеден өттім. Өзім спортқа жақынмын. Гір тасын көтеруден екі дүркін Азия чемпионы, төрт дүркін Қазақстан чемпионымын. Жуырда Қырғызстанда өткен гір көтеруден сайыста бас жүлдегер атандым. Спортқа қызығушылығым бала кезден басталды. Қазірдің өзінде колледж атынан халықаралық додаларға қатысып, жүлдегер атанып жүрмін. Колледж қабырғасында мені спортқа баулыған жаттықтырушым Мұрат Қазиевке ерекше алғыс білдіремін. Ендігі мақсатым — оқу орнын үздік дипломмен аяқтап, білікті маман атану.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button