Басты жаңалықтар

Алға ауданының халқы сапалы ауыз сумен 2023 жылы толық қамтамасыз етіледі

Алға ауданына жұмыс сапары барысында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Маржанбұлақ және Үшқұдық ауылдарының арасындағы учаскеде су өткізу құбырларын тарту жұмыстарымен танысты.

«Қазполинвест» мердігерлік ұйымының өкілдері жұмысты бір ай ішінде аяқтауға уәде беріп отыр. Жаңа құбырлар су тасқыны кезеңінде еріген қар суының тиімді ағуына, жолдарды судың шайып кетпеуіне мүмкіндік береді.

Маржанбұлақ ауылында өңір басшысы елді мекенді инфрақұрылымдық дамыту жобаларының іске асырылуын тексерді.

Биылғы жылы Маржанбұлақта жалпы ұзындығы 8,5 шақырымды құрайтын 7 көшеге асфальт төселді. Қазіргі уақытта «АссанаДорСтрой» ЖШС мердігерлік ұйымы жөнделген жолдардың жиектерін нығайту, қозғалысты реттейтін белгілерді орнату бойынша шаралар жүргізуде.

2023 жылы ауданның елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету 100 пайызға жетеді.

Аудан әкімі Нұрбол Ержановтың сөзінше, 4 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жоқ болғанымен, бүгінгі күні оның үшеуінде орталықтандырылған су құбырларының құрылысы жүріп жатыр. Ал халық саны аз бір ауылда суды тазарту модулінің кешенді блогі орнатылады.

Маржанбұлақта инженерлік желілер «Батыс» тұрғын үй алабында салынуда. Мемлекеттің жеке тұрғын үй құрылысына тегін жер учаскелерін беруі құрылыстың белсенді жүргізілуіне сеп болды. «Әлихан Ойл З» ЖШС мердігерлік ұйымының жобаны 2022 жылы жүзеге асыра бастады, ағымдағы жылдың қыркүйегінде пайдалануға беру жоспарланған. Қазірдің өзінде 64 шақырым су құбыры төселді. Орталықтандырылған судың игілігін кем дегенде 900 үй көрмек.

Жалпы, Маржанбұлақ екі тұрғын үй алабына – «Батыс» пен «Шығыс» деп бөлінген. «Шығысында» бүгінгі күні бір ауысымда 300 оқушыға арналған мектеп құрылысы жүріп жатыр. Халық санының артуына байланысты ауылда оқушы орындарының тапшылығы 500-ге жуық бірлікті құрайды.

Өңір басшысы нысанды қарап шығып, құрылыс қарқынын арттыруды, жұмысқа тартылған жұмысшылар санын екі есеге арттыруды тапсырды.

Айта кетейік, негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Ғимарат бой көтерген. Қазіргі уақытта электр сымдары, сумен жабдықтау жүйелерін, су бұру, желдету және т. б. монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

💬 «Мектеп жаңа оқу жылының бірінші күнінен бастап балаларды қабылдауы тиіс», – деді Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, өңір басшысы ауылдық мәдениет үйіне барды. Әлеуметтік нысанға соңғы 14 жылда алғаш рет күрделі жөндеу жүргізілуде.

Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі Ералы Тоғжанов аудан басшылығының алдына бірқатар міндеттер қойды, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу, барлық әлеуметтік маңызды жобаларды уақытылы аяқтау және «Ауыл аманаты» жобасын жандандыру.

Д.АЙДАР. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button