Басты жаңалықтарМәселе

Көліктердің кепілдегісі де, шектеуі бары да тіркеледі

Елімізде шетелден әкелінген көліктерді заңдастыру науқаны қызу жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік тіркеуге қойып, отандық нөмір алу үшін кезекке тұрғандардың саны күннен-күнге артуда. Өйткені Үкіметтің жыл басында шыққан қаулысына сәйкес 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін заңдастырып алуға берілген 6 ай мерзімі бітті. Осы уақыт ішінде көлігін заңдастырып алғандар да болды. Алайда әртүрлі себептермен көлігін тіркеуге қоя алмай жүргендер жетерлік.  Сақтандыру шартының мерзімі аяқталған автокөлік иелері енді не істемек? Неге жарты жыл ішінде заңдастырып ала алмады? Сырттан әкелінген көліктерді мемлекеттік тіркеуге қою облыста қалай жүргізіліп жатыр?

Біз осыған шолу жасап, көзбен көрген жағдайларды бөлісуді жөн санадық…

Бір күнде 400 автокөлік тіркеледі

Ресми дерек бойынша облыста 6 ай ішінде 18 мыңнан астам көлік мемлекеттік тіркеуден өткен. Ал өтпегендері қаншама?! Бастапқыда мұндай көліктерді тіркеудің талаптары көп болды. Кедендік одаққа мүше елдерден әкелінген көліктер кедендік баж салығын төлеуден босатылды. Ал көршілес Грузия, Армения, Қырғызстан және тағы басқа алыс-жақын шетелдерден әкелінген көліктерге кедендік салық айырмасын төлеу міндеттелді. Сол екі ортада алыпсатарлардың саудасы жақсы жүрді. Шетелден әкелінген арзан көліктерді халық жаппай сатып ала бастады. Бар мәселе осы сатып алудан басталды. Әрине, «арзаннның сорпасы татымайтынын», әйтеуір, бір шикілік барын сезсе де, басқа амал жоқ еді. Отандық автозауыттар көлік алғысы келгендерді толық қамти алмады. Оның үстіне бағасы қымбат. Ел күткен 4 пайызбен несиелеу бағдарламасы даұзаққа созылмады. Сондықтан жұрт сапалы деп санайтын шетелдік көліктерге ішкі нарықта сұраныс артты.

Соның ішінде Ресей асып келген көліктер көп. Құны нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен тіпті бірнеше жүз мыңға дейін саудаласуға болатын көліктерді тізгіндеу оңай әрі жеңіл тиді. Әркім қалаған күні темір тұлпарды тақымына қысып кете берді. Сөйтсек, «бүлінгеннен бүлдіргі алғанымызды» кейін ұқтық. Көлеңкелі сауда әлі де жалғаса берер ме  еді?!

Үкімет 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кірген шетелдік көліктерді заңдастыруды қолға алды. Сол кезде мініп жүрген көліктеріміздің «судан ақ, сүттен таза» емес екенін білдік. Сан соққанмен шегінер жер жоқ. Тіпті ұрланған, шетелдік іздеуде жүрген көліктерді ақ адал ақшасына сатып алғандар кейін бармағын тістеп қала берді. Себебі мұндай көліктер заңдастыруға жатпақ түгіл, кері қайтарылған.

Басқа көліктердің де құжаты келісіп тұрған жоқ. Банкте кепілде тұрған немесе айыппұлы көп, өзге елдерге шекарадан  шығуға шектеу қойылса да, Қазақстан аумағында еркін сауда айналымына түсіп кеткен көліктердің де барар жері — «авторазбор». Өйткені олар шетелден автоқосалқы бөлшек  тауары ретінде әкелінген. Сол себепті арзанға сатылған. Тіпті кейбірі көлігінен үміт үзіп қойған еді…

Осындай мәселелері бар  автокөлік иелері маусым айына дейін күтуге мәжбүр болды. «eGov.kz» және екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы  берілген өтінімдері расталғанның өзінде кейбірі қаражат таппай қиналды. Ал қанша рет өтінім берілсе де, мақұлданбағандардың мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына (автоцон – авт.) барып, құжаттарын тапсыруға тура келді. Соның өзінде құжат рәсімдеу жұмысы кешеуілдеп, көптің тағатын тауысқан еді. Бірақ жақында шыққан жағымды жаңалық шетелдік көлік жүргізушілерін қуантты. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев екі апта бұрын бұл туралы арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында шетелден автоқосалқы бөлшек ретінде әкелінген көліктермен қоса, өзге елде тіркеуде тұрған, кепілге қойылған, шектеуі бар көліктерді де мемлекеттік тіркеуге рұқсат берілгенін айтты. Күдік сейіліп, алакөңіл боп жүрген кеудеге үміт орнықты. Бірақ түпкілікті тіркелмейді. Шектеуде тұрған көліктерді 5 жылға уақытша тіркейді. Сол уақыт ішінде құжатын реттеуге, шетелден тіркеуден шығаруға мүмкіндік беріледі. Уақытша қойылған көліктер үшін жүргізушілер 200 мың теңге төлемейді. Көліктің техникалық құжаты мен нөмірін алу үшін 15 мың теңге ғана шығындалады.

Әйтеуір, көлігінің уақытша болса да заңдастыруға болатынын әрі рұқсат етілген мерзімге санаулы күндер қалғандықтан жанталасқан жұрт қызмет көрсету орындарында ұзын-сонар кезекке тұрды.

Құжат жөнінде қиындықтар көп. Қолдан-қолға сатылған көліктерде сату-сатып алу келісімшарттары жоқ. Басқа да құжаттары түгел емес адамдар көп кездеседі. Соның ең маңыздысы —көліктің елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кіргенін дәлелдейтін құжат. Ол үшін Кедендік кірістер басқармасынан автоқосалқы бөлшек ретінде кіргенін растайтын анықтама беріп жатыр. Құжат тапсырғанның өзінде бір апта немесе 10 күн шешімін күтесің. Көптің көкейіндегі сұрақ: Заңдастыруға үлгермеген  шетелдік нөмірлі көліктерге 1 шілдеден кейін жүруге рұқсат бар ма?

Бұл жөнінде бір топ белсенді көлік жүргізушілері құзырлы орган басшыларымен кездесіп, талап-ұсыныстарын айтты:

Шетелден әкелінген көліктерді заңдастыру және уақытша тіркеуге қоюғақатысты 20 рет кездесу болды. Заңдастыруға байланысты жаңадан енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында арнайы баспасөз мәслихаттарын өткіздік.  Азаматтардың өтініштерін қабылдап, жоғарыға ұсыныс хаттар жібердік. Барлық мәселе оң шешімін табатын мүмкіндік бар. Қазіргі таңда шетелдік көліктерді түпкілікті тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал 1 шілдеден бастап өзге елде тіркеуде, кепілде немесе шектеу қойылған көліктерді уақытша тіркеуге кірісеміз. Нөмірі шетелдік көліктер 1 шілдеден кейін де жүре алады. Бірақ оған дейін көлік иелері мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып құжат тапсыруға тиіс,  — дейді облыстық полиция департаменті  әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркін Өтегенов. Оның айтуынша, күніне 400 көлік тіркеуден өткізіліп, мемлекеттік нөмір алып жатыр. Облыста көлік құжатын қабылдауда, тіркеуден өткізіп, есепке қоюда ешқандай мәселе жоқ. Тек соңғы екі апта қалғанда жаппай құжат тапсырған адамдардың көптігінен үлгере алмай жатыр. Сол себепті қызмет көрсету орындарын көбейтіп, қосымша мамандар бөлінген. Олар екі жерде құжат қабылдайды.

Еріктілердің еңбегін ескерсек…

Жалпы, автокөліктерді мемлекеттік тіркеуден өткізіп, есепке қою туралы әңгіме бұдан 4-5 жыл бұрын басталған-ды.  Одан кейін де заңдастыру шарттары мен талаптары сан мәрте өзгерді.  Жыл басында Президент Қ.Тоқаевтың сырттан әкелінген көліктерді  жаппай заңдастыру туралы Жарлығы шыққаннан кейін күшіне енді. Бірақ 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін де көлік тасымалы тоқтамады. Қазіргі таңда ондай көліктердің саны 10 мыңға жетеғабыл.

Грузия, Армения, Қырғызстан, яғни кедендік одаққа мүше емес елдерден әкелінген көліктерді заңдастыру талаптары жеңілдеді. Рөлі оң жақтағы көліктерді де тіркеуге рұқсат берілді. Сонымен қатар көліктің экологиялық санатына да қарамайды.

Көлікті заңдастыру науқаны басталғалы ұсыныстар мен пікірлерін ашық айтып, автокөлікжүргізушілеріне жеңілдікті талап етіп жүрген белсенділер тобы пайда болды. Олар жеке бастың мәселесін емес, жалпыға ортақ мәселелерді ортаға салып, биліктің назарын аудартты. Шыны керек, қазіргі жасалып жатқан жеңілдіктер сол белсенді азаматтардың еңбегі екенін айта кету керек. Солардың бірі — ақтөбелік Еркебұлан Құлбасов шетелдік автокөліктердің тіркеу талаптарын жеңілдету мәселесімен 4 жылдан бері жүгіріп жүр. Тіпті осы мәселе үшін Астана қаласына барып, бірнеше минстрліктің есігін тоздырған.

Басында Үкіметтің талаптары жергілікті тұрғындардың жағдайына сай келмеді. Біз осыны айтып 17 мың қол жинап, петиция жасадық. Құзырлы органдардың басшыларымен кездесіп, ұсыныстарымызды жеткіздік. Утильалым, алғашқы тіркеу жарнасы, кедендік баж салығы, оң жақ рөлді көліктердіде есепке қоюға күш салдық. Қазір қарасақ, сол еңбегіміз босқа кетпепті. Соның ішінде Ақтөбе облысы көлік құралдарын тіркеуде белсенді. Облыстағы барлық басқарма мен департамент басшылары бізбен санасып, ұсынысымызды қабылдады.Көліктерді мемлекеттік тіркеуге байланысты құзырлы орган басшылары кез келген уақытта ашық диалог орната білді. Жергілікті билікпен барынша  жақындық бар. Бір жақсысы —жергілікті басшылар кездесу уақытын кешіктірмейді. Өзге облыстарға қарағанда Ақтөбеде төлем жарналары арзандау. Біз өзгерістер мен жаңалықтарды, құжат жинау туралы бар білгенімізді түсіндіріп жүрміз. WhatsАpp желісінде бірнеше тобымыз бар. Сол арқылы барлық оң шешімді таратып отырамыз, — дейді көлік жүргізушісі Е.Құлбасов.

P.S.Дегенмен бұл науқан көлік сатып алушыларға үлкен сабақ болды. Шетелдік көліктерді сатып аларда әбден тексеріп, құжатын толық талап етпегендер алдағы уақытта мұндай қателіктерге ұрынбайды деп ойлаймыз. Өзге елде тіркеуде тұрған көлік иелері үшін 6 айдан бері күдік сейілгендей. Бұған дейін бәрі де іштей тынып, жақсы жаңалықты күтіп келген болатын. Үкіметтің бұл жеңілдігі уақытша болса да, көлігіңді тіркеуге қойып, бұдан былай көлік саудасына сақ болуды үйретті.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button