Мәдениет

Биік тұлға — Бибі ана

Мерейтой

Халқымыз өзі қастерлеген тұлғаны көп сөз, әсіре теңеулермен әспеттемей-ақ, бір ғана сөзбен биікке көтерген. Жауқазындай жайқалып, жастық белесіне, өмір қуанышына енді іліне берген шағында, қиянаттың құрбаны болып, арбаға таңылған тағдырына мойымай, отбасын құрып, екі перзент сүйіп, оларды жетілдіріп қана қоймай, жанашырлыққа зәру мыңдаған адамға аялы алақанын тосып, мейірімін төккен, қиын сәтте араша бола білген Бибігүл Иманғазинаны халқы қадірлеп, Бибі Ана атап кетті.

Бибігүл Иманғазина— бізге өзінің қайтпас қайсарлық пен сарқылмас жанашыр пейілді қатар ұштастырған болмысымен талай жанға жігер берген, үміт сәулесін сыйлаған қоғам қайраткері, «Бибі Ана» қайырымдылық қорының басшысы ретінде ғана емес, жазушы ретінде де жақсы таныс. Оның «Тауқымет» романы — қазақ әдебиетіндегі ең танымал, оқырманы көп шығармалардың бірі.

Өткен жылдың желтоқсан айында Бибігүл Иманғазина 80 жасқа толды. Соған орай, биылғы жаздың жайдарлы шағында ұл-қызымен бірге Ақтөбеге арнайылап келіп, жерлестерінің ортасында болып, өзінің мерейтойына арналған шараларға қатысты.

16 маусым, жұма күні Ақтөбеде Өнер орталығында жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бибігүл Иманғазинаның шығармашылығына арналған «Биік тұлға — Бибі Ана» атты кеш өтті.

Жиналғандарға алдымен «Бибі Ана» деректі фильмі, одан соң «Тауқымет» романының желісімен әзірленген «Асқақ арман» қойылымы (сахналық нұсқаның авторы — Орал Бәйсеңгір, режиссері — Мейрам Хабибуллин, рөлдерде — Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының артистері) ұсынылды. Фильмде Бибі Ананың қамқорлығын көрген Тайбек Өтегенов, Бағила Бекішова, т.б. бірқатар азаматтардың тағдыры баяндалады.

Алғашқы құттықтау сөз облыс әкімі Ералы Тоғжановқа берілді.

Бүгін біздің ортамызға қазақтың батыр қызы, дана қызы келіп отыр. Өмірден қандай қиындық көрсе де, еш мойымай, ешкімнің мүсіркегенін қаламай, өз тағдырын өз қолына алып, керісінше, өзі мыңдаған жанға демеу бола білу, меніңше, бұл — тектілік деген қасиеттің көрінісі. Бибігүл Иманғазина өзінің «Тауқымет» романында оқырманына өмірді қалай жақсы көру керектігін, өмір үшін қалай күресу керектігін жеткізеді. Өзіне, өз күшіне сену арқылы барлық қиындықты жеңуге болатынын үйретеді. Сіздің өмір жолыңыз — ерлікке толы жол, сондықтан жерлестеріңіздің атынан сізге шын жүректен рақмет айтамын, — дей келіп, Ералы Лұқпанұлы кеш иесіне ақ тілектерін жеткізіп, сый-сияпат көрсетті.

Ата-анасының ерке қызы болып өскен Бибігүл қолына ерте қалам алған. Ол алғашқы шығармасын 11 жасында жазған екен.

«Әңгіме жаздым» деп қуанып, әкеме көрсеттім. Әрине, 11 жастағы баланың «әңгімесі» ғой. Алайда әкем қатты қуанып, «менің қызым жазушы болады» деп сүйіншілеп, бір малын сойып, ағайынға той жасап берді. «Мен актриса боламын, жазушы болмаймын», — деп, әкемді босқа үміттендірмейін деген оймен, содан кейін қолыма қалам алмай кеттім. Бірақ тағдыр кейін осы жазушылық жолға әкелді. Қазір: «Әкем әулие екен», — деп те ойлаймын. Ең бастысы, «Тауқымет» романым тағдыры қиын көп адамға жігер берді, солардың басын біріктірді, солардың пайдасына асты. Арбада отырған бір әйел маған: «Апай, сіздің романыңыз мені бір қыс бойы «бағып шықты», — деді. Сырқатты адам түгіл, сау адамның өзі қайтерге білмей қалған қиын кез ғой. «Кітап қалай «бағып шығады?» — деп таңғалдым. Сөйтсем, одан кітапты алып оқыған әр адам қайтарып бергенде, қолында барымен бөлісіп отырған екен, — деп еске алды жазушы.

Ал әдебиетіміздің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов «Тауқымет» романы жөнінде: «Романда күрделі тағдыр қарапайым тілмен баяндалады. Қарапайым, түсінікті тілде болғандықтан, оқырман жүрегін тез баурап алады» деп пікір айтыпты. Бибігүл Иманғазина сонау 90-жылдардың басында жарық көрген романды толықтырып, 2011 жылы қайта жарыққа шығарған болатын. Кеште әлі де романның жалғасын жазып жатқанын айтты.

Шарада Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, белгілі ақын Ғалым Жайлыбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Марат Әйтімов, т.б. құттықтау сөз сөйледі.

— Ақтөбе жері — халқымыздың даңқты батырлары мен ақындарының отаны. Мұнда Әбілқайыр ханның, ел қорғаған ұлы батырлардың сүйегі жатыр, осы топырақтан Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Сағи Жиенбаев сынды қаламгерлер шықты. БибіАна дасол даңқты тұлғалардың жалғасы, — деді Мереке Құлкенов.

Ал белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының басшысы Ертай Ашықбаев кеш иесіне арнаған жырын оқыды.

Сондай-ақ ән мен күйге де кезек берілді. Жазушы зал толы оқырманның көптеген сұрақтарына жауап берді.

Ал сенбі күні Бибігүл Иманғазинаоблыстың әр қиырынан келгенмүмкіндігі шектеулі азаматтармен, сондай-ақ аудандық әкімдіктердің әлеуметтік салаға жауапты қызметкерлерімен кездесті.

Кездесуге Бибігүл Иманғазинаның көмегін көрген, оның қолдауымен баласын жоғары оқу орнында оқытқан, басқалай жетістікке жеткен жандар да келіп, қаумаласып, рақметін айтысып жатты.

Бибігүл Қабиқызы да оларға деген өзінің лебізін жеткізе келіп:

Мен қаржы мәселесіне байланысты оқуға түсе алмай немесе оқуын жалғастыра алмай қиналған жастарға бірінші кезекте көмектесу керек деп ойлаймын. Өйткені жастар — біздің болашағымыз. Біздің қор 580 жастың диплом алып шығуына ұйытқы болыпты. Әрине, демеушілердің көмегі тиді, жоғары оқу орнының ректорларымен, басшылармен сөйлестік, тіпті өзімнің қымбат бұйымдарымды кепілге қойсам да, оқимын деген балаға қалайда қолдау көрсетуге тырысқан сәттерім болды. Біз баланың болашағын, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті бірінші орынға қоюымыз керек, қолымызда не бар, соны, ең алдымен, баланың тәрбиесіне, білім алуына, ертеңгі күні мықты азамат болып өсуіне жұмсауымыз керек. Бұл — менің басты ұстанымым, — деді.

Ауылдардағы түрлі жазылмайтын сырқатқа ұшырап туған балалар көбіне тиісті ем ала алмайды. Өйткені жақын жерде арнайы орталық, мамандар жоқ. Ал үлкен қалаларға, шетелге апаруға ата-аналардың шамасы жете бермейді.

Маған баласын емдетуге апарғысы келетінін айтып, көмек сұраған хаттар жиі келеді. Неге ата-аналар көмекті алыстан іздеуі керек? Аудандардан неге оңалту орталықтары ашылмайды? Мен осы мәселені көтеріп жүрмін. Қазіргі күні Шалқар ауданы орталығынан жер телімі бөлініп, бұл істі де қолға алдық, — деді Бибігүл Қабиқызы.

Жиында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, ерекше бала бағып отырған ата-аналардың басындағы басқа да мәселелер талқыланды. Бибігүл Иманғазина адам үшін, ең бастысы, еш қиындықтан тайсалмау екенін тағы да атап айтты:

Бір-бірімізден күш-қуат алып, бір-бірімізді жігерлендіре білейік. Заң аясында, әділеттілік аясында барлық мәселені шешуге болады. Тек соған қажымай-талмай ұмтылу керек, — деді ол.

Бибігүл Иманғазинамен Ақтөбе жеріндегі кездесулер одан кейінгі күні «Мейірім», «Анаға тағзым» орталықтарында жалғасты.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button