Әлеумет

Бұқара

Мерей

Мерғали аға мерейі

Бірде Қобда ауданының тарихына қатысты материалдармен танысу үстінде таяуда ғана дүниеден озған ағамыз Алпысбай Шуньконың жазбасына кезіктім. Ол кісі жазбасында өткен ғасырдың елуінші жылдарында «Көксай», «Бұлақ», «Аққұдық», «Кіндіксай» ұжымшарлары біріктіріліп, «Аққұдық» атауын алғанын айтыпты. Кейін облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы Сағидолла Құбашев қатысқан жалпы жиналыста шаруашылықты Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова есімімен өзгерту жөнінде ұсынысты алғаш ортаға салған ұжымшар басшысы Мерғали Үдербаев болғанын баяндайды.

Ардагер естелігіндегі 1909 жылы туып, сексен екі жасында дүниеден озған Мерғали ақсақал жайлы деректерге қызығушылығымды туғызды. Әрине, бүгінде Мәкеңмен дәмдес, қызметтес болғандар қатары сиреді. Дегенмен, әлі де ол кісінің іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін, адамдармен тіл табысу шеберлігін жыр етіп айтушылар табылады. Солардың бірі облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы, республикаға айрықша еңбегі сіңген дербес зейнеткер Федор Чемоданов былай дейді:

— Мерғалиды 1951 жылдан бері білемін. Әсіресе, Ә.Молдағұлова атындағы ұжымшарға төрағалық еткен он алты жылында тереңірек білуіме, жақын араласуыма мүмкіндік туды. Ол шын мәнінде іскер ұйымдастырушы еді, үлкеннің де, кішінің де тілін тауып, ортақ міндеттерге жұмылдыра білді. Егіншілік пен мал шаруашылығын қатар ұйымдастырып, жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізді. Нәтижесінде батыр апамыз атындағы шаруашылық облыстық, республикалық жарыстарда жеңімпаз атанды, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысу құрметіне ие болды. «Құрмет белгісі», екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, бірнеше медальдармен, Бүкілодақтық көрменің алтын, күміс және қола медальдарымен, грамоталармен марапатталды. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де қол қусырып отырмай қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты. Ауылды көгалдандыру, жастарды тәрбиелеу сияқты шаралардан өзін бейтарап ұстамады. Әлия ауылының байырғы тұрғындары оның жеміс ағаштарын, шырша, көктерек отырғызудағы еңбекқорлығын жыр қылып айтады.

Зайыбы Марфуға екеуі жарасты тірлік кешіп, отбасында сегіз бала тәрбиелеп өсірген. Қазір олардың әрқайсысы үбірлі-шүбірлі шаңырақ иелері. Үлкені Нұрлан – облысқа белгілі азаматтардың бірі, халықаралық «Қызыл Ай» қоғамы филиалының төрағасы. Зайыбы, дәрігер Ақторқа екеуінен өрбіген балалары ғылым биігіне құлаш сермеп жүр.

Батырлар мекені – Қобда өңірінде туып-өсіп, елге танылған аға буын өкілдерінің ұлағатты ісін бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастыруда. Не бары төрт кластық білімімен кесімді ой-пікірлері, мәрт қимылы арқасында уақыт сынынан сүрінбей өткен Нұрғали Үдербаев есімін есте қалдыру шаралары – сұранып тұрған шаруа. Бұл ретте аудан әкімдігіндегі зиялы азаматтар нақты шешім қабылдайды деген ойдамыз.

 

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

журналист.

Қуғын-сүргін

 

Жазықсыз жапа шеккен жан

 

Қазақ қанша заманды басынан кешірген халық. Елі үшін, жері үшін майдандарда қан төкті, қиын-қыстау сәттерде жоқшылық пен зұлмат күндерді де басынан өткерді. Ал қуғын-сүргін құрбандарының көрген бейнеті өз алдына ауыр қасірет.

Адам тағдырын ойыншық еткен зұлмат идеология Ақтөбе облысы азаматтарын да айналып өтпеді. 1937-1938 жылдары біздің өңірде де мыңдаған адам «жапон тыңшысы», «халық жауы» атанып жазықсыз ату жазасына кесілді. Бір ғана Байғанин ауданынан ату жазасына ұшыраған Т.Аймышев, А.Айтқұлов, Е.Алтаев, Е.Аманшин, Қ.Байбатыров, Т.Байнысанов, І.Балмағанбетов, Б.Бекбауов, Е.Бекниязов, А.Дауылбаев, А.Елеуов, О.Ердәулетов, Т.Есенов, Е.Жайылханов сол замандағы ұлт болашағы үшін тер төккен асыл текті азаматтар болатын. Заманның осындай дүрбелең тұсында жазықсыз жапа шеккен жанның бірі менің қайын атам — Мұңайтбас Дощанов. Ол кісі Байғанин ауданы Жем өзені бойындағы Ақжар-1 ауылында 1891 жылы дүниеге келген. Көнекөз қариялардың айтуынша, атам жасынан шебер, ұста адам болыпты. Оның мейірімділігі мен бауырмалдығы өз алдына. Заманның қиын тұсында үлкенге қамқор, кішіге демеу, жетімге тірек бола білген. Тіпті, Жарқамыс ауылында қаратастан қиюлап-қалап жасалған 30-40 метрлік көлемді алатын мектептің кірпішін қаласып, балалар үйін ашуға көп еңбек еткен. Сонымен қатар жетімдер үйінен ата-аналары аштан қырылған балаларды өз қамқорлығына алып тәрбиелепті. Сол атамыз 1937 жылы 19 қазанда Ішкі істер халық комиссариаты басқармасының үштік шешімімен 46 жасында «контрреволюцияшыл», «ұлтшыл» атанып, жазықсыз жаламен ату жазасына кесілген. Асқар таудай әкенің артында 14 балапаны шырылдап жылап қалады.

Асыл азамат атылып кеткеннен кейін де үкімет барлық дүние-мүлкін тәркілеп, балаларының шешек, қызылша аурулары мен аштықтан қырылуына себепші болыпты. Он төрт баланың ішінен үш жасар Құрамыс қана тірі қалады. Қуғын-сүргін жылдарында Құрамыс аты-жөнін Орынбасар Мұңайтбасов деп өзгерткен. Егер ол өз есімімен қалса, «халық жауының баласы» болып көп түрткі көрген болар еді. Мұңайтбас атам 1989 жылы 23 мамырда облыстық прокуратурада жазықсыз деп ақталды. Атамыздың есімі біздің жадымызда мәңгі сақталады.

Назира МҰҢАЙТБАСОВА,

Новый орта мектебінің тарих пәні мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

Масқара

 

«Мен Иса пайғамбардың үмбетімін! Сіз ше?..»

Осы күні ұялы телефоныма белгісіз номер қоңырау шалса қорқатын болдым. Себебі бейтаныс адамдар беймезгіл шақта дін туралы уағыздар айтатынды шығарыпты.

Бірде таң алдында үстел үстінде тұрған ұялы телефоным безілдеп, тәтті ұйқымды бұзды. Беймезгіл шақта шырылдаған телефон үнінен жүрегім ауырды. Есімді жия алмай ұзақ отырдым. Белгісіз номер. Тұтқаны көтергенімде қоңыр үнді қазақ баласы номерден жаңылысқанын айтып, кешірім сұрады. Кешірдім. Ертесіне де, одан кейін де әлгі бейтаныс адам мазалауын қоймады. Тұтқаны көтерсем, намаз оқу әр қазақтың парызы екенін айтады. Рас, алғашында оның пікірін құптаған едім. Кейін ол: «Мен Иса пайғамбардың үмбетімін. Өзімнің ұстазым бар. Бәлкім сізді де таныстырармын» деп жүрегімді ұшырды. Әлгі адамға жалынып-жалбарынып енді маған хабарласпауын өтіндім. Тәуба, ол мені түсінген сыңайлы мұнан соң мазаламады…

Мені телефоннан уағыз айтқан қазақ баласының қоңыр үні қинады. Дінімізде беймезгіл шақта елдің мазасын алып, ұйқысынан оятып, шариғат айт деп жазылмаған ғой. Ал әлгі қазақ баласының бұл қай қылығы? Әзілі ме әлде зілі ме?

Бегімсұлу ТАҢЖАРЫҚ,

студент.

Айтарым бар

Бізге пошта керек!

«Ақтөбе» газетінің редакциясына хат жолдауымызға ауылымызда пошта ғимаратының жоқтығы себеп болды.

Пошта қатынасы мемлекетаралық және адамдар арасындағы байланыс құралдарының негізі. Сонымен қатар тұрғындарға газет-журналды, хат-хабарды үзбей уақтылы алып тұру үшін қажетті мекеме. Алайда қазір біздің ауылда аталмыш мекеменің жағдайы мәз емес.

Біз, ауыл тұрғындары, газет-журналдарға тегіс жазылдық. Соның ішінде облысымыздың айнасы «Ақтөбе» газетін асыға күтіп, жеткен жетістіктерімізді оқып, қуанып қаламыз. Газет — халықтың көзі, тілі һәм құлағы ғой. Алайда басылымдарды дер кезінде ала алмай, жаңалықтардан кешігіп қаламыз. Неге дейсіз бе? Газет оқырманы көп ауылдың поштасы «көшпелі», арнайы тұрағы жоқ. Бірде клубта, бірде монша бөлмесінде қызмет етеді. Аулымызға пошта ғимаратының қажет екендігі туралы «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев мырзаға да өтініш жасадық. Енді алдағы уақытта ауылымызда талапқа сай жаңа пошта ғимараты бой түзейді деп үміттенеміз.

 

М.ОРАЗМБЕТОВ,

Т.СЕРҒАЗИН,

Қ.ТӘҢІРБЕРГЕНОВ.

Шұбарши елді мекенінің зейнеткерлері.

Темір ауданы.

Тарих

Қарабас әулие. Ол кім?

Әйтеке би ауданына қарасты Басқұдық, Сарыбұлақ елді мекендерінің батысында 4-5 шақырым жерде орналасқан төбені ел Қарабас әулиенің төбесі дейді. Кейбір деректерде осы жерде әулиенің сүйегі бар деседі. Алайда Қарабас әулиенің шыққан тегі мен жерленген жері туралы деректер сан қилы.

Аталмыш төбе басында үлкен-үлкен қой тастар көп. Дерекке жүгінсек, 1950-60 жылдарға дейін бұл маңда жерленген адамдардың қорымы осындай ірі тастармен қоршалған. 1960 жылдардан кейін ғана шейіт болған кісілерге тастан, цементтен, кірпіштен тамдар салған екен. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарына дейін қорымды күзететін шырақшы болған деседі.

Бүгінде бұл қорымға шамамен 200-250 жыл болған. Біздің бала кезімізде ақсақалдар әулие басына аталары, әжелерінің де түнегендерін айтып отыратын еді. Ал Қарабас әулиенің қайдан шыққаны әлі күнге белгісіз.

Біреулер әулиені Қожа аталығынан екен дейді. Енді біреулер Арғын, Әлім не Шөмекей аталығы болуы керек деп топшылайды. Өйткені Қарабас аталығы Шөмекейде де, Арғында да, Әлім аталығында да бар.

Осы кезге дейін Қарабас әулиенің жерленген жері деп қорымның батыс жағындағы биік жерде айнала таспен қоршалған көлемді бейітті айтып жүрміз. Бірақ бейіт басында ешбір белгі жоқ. Сонда да ежелден аталарымыз осы мазарды «әулие жерленген жер» деп дұға оқиды. 2006 жылы 23 шілдеде әулие басына құлпытас қоюға Серік Сасаев, қарбұтақтық кәсіпкер Аманқос Бердалин келіп,  ауылдың үлкендерін жинады. Бәріміз әулие басына барып, дұға оқып, құлпытасты қойдық. Белгінің төменгі жағына «Ұзақ Жәмиев. 23 шілде 2006 жыл» деп жазды. Сол жылы күзде келген делегация құлпытасты көріп таңырқады. Осы жылы жарыққа шыққан «Әйтеке би аймағының этномәдени мұрасы» атты кітапта бұл туралы былай делінген: «Үлкен бейіттің құбыла жағына қара мәрмәр таста «Қарабас әулие Ата» деген жазулы жаңа тас орнатылыпты, кім қойғаны белгісіз. 23 шілде 2006 жыл. (51-бет)»

Былтыр жаз айында келген тағы бір делегация Қарабас әулиенің бейіті бұрынғыдан 500 метрдей әрірек жерде орналасқан деген шешім шығарды. Ендігі айтарым, Қарабас әулиеге қатысты осындай жан-жақты пайымдауларды жинақтап, бір қорытындыға келуіміз керек.

Оразалы ТОЛЫБЕКОВ,

зейнеткер, еңбек ардагері.

Сарыбұлақ ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Жаңғырық

Намыс қайда, бауырлар?!

Біз қаншалықты саналымыз? Ойландыратын сауал. Егер айналамызға көз салсақ, түрлі келеңсіздіктердің куәсі боламыз.

Қазақта небір ғажап әндер бар. Александр Затаевич жинаған «Қазақтың 1000 әнін» айтпағанда, Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуовтердің шығармалары қаншама?! Ән — білгенге тек көңіл сергіту ғана емес, ұлттық болмысымызды айқындайтын өнер. Ал қазіргі әндердің көбісі талғамға татымайды. Әнді өздері шығарып, сөзін өздері жазып, компьютермен дауыстарын күшейтіп, қарадай жер тарпып, қол сермеп, ышқынып тұратын әншілер көбейіп кетті. Осындай түкке тұрғысыз әндерді мамандар белді әншілердің әндерімен бірге үнтаспаға араластырып жазады. Әрине, сатушыға тауардың өткені дұрыс, әннің тыңдаушысын қайтсін?! Ал осы базардағы үнтаспа сататындардың «өнімін» тексеріп, сараптан өткізіп жатқан кім бар? Үнтаспа демекші, қазір батыстың мағынасыз әндерін қазақшаға аударатын болыпты. Түсініксіз, қотыр аудармадағы әнді жастар жағы тыңдап әлек. Мұны да таразылап жатқан маман тағы жоқ.

Әзіл-сықақ театрларымыз да әлсіз. Қалжыңдары отбасы, ошақ қасынан аспайды немесе ауылдың шал-кемпірі, келін-кепшігі. Соған залдағылар көздерінен жас аққанша күледі. Өздеріне өздері күліп отырғанын сезбейді де. Негізі тамаша-шоу әртістері ауылдағы ақкөңіл ағайынды келемеждеп емес, қоғамның келеңсіздіктерін шымшып айтып, көрерменді қасірет күлкісімен қытықтауы керек қой…

«Шөп те өлең, шөңге де өлең» демекші, қазір ақын да, жазушы да көп. Мәртебелі поэзия, тұшымды прозасы жоқ қаламгерлердің кітаптары көп те, оқырманы жоқ. Аты беймәлім ақындардың мұқабасы әп-әдемі кітаптарын алып қарасаң, өңі қашқан сүреңсіз ұйқастарға тап боласың. Осындай кітапсымақтардың авторлары мерейтойларында ауыл, аудандарда ақын, жазушы атымен шапан киіп, ат мініп, атой салып жатады. «Аңқау елге — арамза молда» дегеніміз осы болар, бәлкім?!

Әдебиет пен өнерде «халтура» атты жиіркенішті сөз бар. Қазақшасы шала дейік. Сонда біз шала өнер иелерінің бәлду-бәлдуімен қай жерге дейін ұзап барар екенбіз? Ұятсыздық пен намыссыздық етек алған жерде сананың уланары хақ. Сонда біз мұндай әрекеттерден қалай құтыламыз? Осы бізде намыс бар ма өзі?!

 

Ажар СЫПАБЕК,

Шалқар қаласының тұрғыны.

Құлаққағыс

МАИ-дағы мәдениет қандай?

 

Облыстық ішкі істер департаментінің жол полициясы басқармасы жол қауіпсіздігін сақтауда үлкен іс-шаралар атқарып жатырғанына дауым жоқ. Десек те, олқылықтың орнын толтырып отырса, нұр үстіне нұр болары хақ. Жолың түсіп, осы мекемеге бара қалсаң, ұятқа қалмауың үшін үйден ас-су ішпей барғаның дұрыс. Бұл мекемеде әжетхана атымен жоқ. Бар болғанның өзінде қара халық үшін емес, мекемедегі қызметкерлерге ғана арналған. Ыңғайсыз жағдай туа қалса, амалсыз айналасындағы күл-қоқыстан көрінбейтін талдардың арасына баруға тура келеді.

Ішкі жағдай айтпаса да түсінікті. Кезекте тұрып құжатыңды толтыру қиынның қиыны, ешқандай үлгі тақтасы көрсетілмеген. Бір-екі жерде бар, оның өзі орысша мәтінде жазылған. Құжат тапсыратын жер, алдымен ішкі есіктен кірген тамыр-танысының жұмысын бітіреді. Мынауың не деп ешкім айта алмайды. Ертеңгі күнін ойлайды, жол жүру құжатымнан айрылып қалмайын деп. Адамды менсінбеушілік көзге көрініп-ақ тұр. Құжынаған адам, ұзын-сонар кезектен іштің ауасы тарылады. Ауа тазартқыш құралдармен жабдықталмаған. Қолаңса иіс қолқаңа кіргенде дем ала алмай шығасың.

Мен көзіммен көргенімді жаздым. Біреуді орнынан алайын деп емес, кеткен кемшіліктерді түзету үшін. Әрине, айтуға батылы жетпей, «осыны кім жазады екен?» деп жүрген халықтың сауабына қалайын деп.

Айтпақшы, менің де машинам бар, кешіріңіздер!

 

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ,

айтыс ақыны.

Иба

Сен қазақтың қызысың…

Қазақтың қызы бір шаңырақтың емес, күллі елдің көркі, гүлі. Бүгінгі қыз ертең бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербететін ана.

Көрші пәтерге көшіп келген қыздарды көріп қарным ашады. Кәдімгі ауылдан келген қарапайым қара қыздар. Алғашында көршілеріміз бұл қыздардың тәртібіне, бұрымының ұзынына, киімінің жинақылығына риза болатын еді. Қазір күн сайын осы қыздармен қырқысатын болдық.

Біз мақтаған қыздар уақыт өте келе «бұзылды». Алдымен шаш кесіліп, көйлегінің етегі қысқарды. Қиылған шаш сары түспен боялып, кіндіктеріне, мұрындарына сырға тағылып, төсін ашып киініп жүретінді шығарды. Жастықтың әсерінен ғой, кейін бәрі басылар деп үміттенгенбіз. Бірақ қыздар шектен асып кетті. Кейде езулеріне шылым қыстырып, қолдарына сыра ұстауды әдетке айналдырды. Қазір біз көрші қыздарымыздан әбден жерідік. Қатты айтсақ міз қақпайды. «Заман сондай ғой, апатай. Біздің достарымыз ауылдың қыздарына ұқсамай, дұрыстап киініңдер деп айтты», — дейді.

Қыздар «бұзылды» деуге аузым бармайды. Менің де тәрбиелеп отырған қыздарым бар. Көбіне «Қызым үйде, қылығы түзде болмасын!» деп қорқам. Сондықтан ауылдағы ата-аналар «қызым қалада оқиды» деп мәз болып отыра бермей, бір мезгіл балаларын бақыласа болар еді.

 

Лайық ДАНАБЕКҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

Құрмет

Бар өмірі — өнеге

 

…Жүзінен иман нұры төгіліп тұратын осы бір ақсақалды біраздан бері білеміз. Алғаның мешітіне қай уақытта барсаң да, алдыңнан қалбалақтап шығып, бар шаруаңды түсіндіріп, тындырып жібереді. Қазақ айтатын «әдемі қартайған» ұғымы осы кісіге арналғандай. Және бір ерекшелігі — ана тіліне өзгеше құрметі. «Бір кездері орыс тілін білмегенім үшін басымнан талай қиындық өткен», — дейді қарт. Ол туралы сәл кейінірек…

…Мұратбек ақсақал Байғанин ауданы Қосаралының тумасы. Алпысыншы жылдардың басынан бастап еңбекке араласты. Ауылда өскен, ауылдан ұзап шықпаған жасқа қой бағу аса таңсық та емес еді. Күн ұзын қой соңында жүрсе де аузынан Алласын тастамады, көкірегіндегі иман сәулесін жоғалтпады.

Еңбек жолын аталмыш ауданның Қарауылкелдісінің №2 бөлімшесінде бастаған ол жиырма жылға жуық жеке отар бағып, шопан болды.  Күні бойы уақыттың қай шамасы болғанын да білуге мұрша жоқ осы қиын шаруаға көнбісті еді. Содан да болар, еңбегінің жемісін де көрді, сол кездері алған мақтау-марапаттары — бір төбе. Солардың ішінде КСРО-ның Бүкілодақтық көрмесінен алған күміс медалінің орны тіпті бөлек. Ал  Қазақстандағы сол кездегі ең мәртебелі ұйым Жоғарғы Кеңестен алған Құрмет грамоталары — бір бума.

Өмірінің жетпіс асуын алқынбай бағындырған қазына қарттың бүгінгі жастарға айтар тағылымы  көп. Сонау 80-ші жылдары елімізде жастарды жаппай комсомол- жастар бригадаларына тарту науқаны қызу жүргені белгілі. Нешелеген әдеби шығармалар жазылды, кино түсірілді.

1981 жылы Байғанин ауданында осындай бригадалар алғаш құрыла бастағанда  «Жас жігер» жастар ұжымына Мұратбек Бикенов басшылық жасады. «Басшылық жасады» деу, бәлкім, артықтау болар, өрімдей жастарды қой бағу дейтін қиын кәсіптің қыр-сырына үйретті.  Кеше ғана мектеп қабырғасынан шыққан, «біреудің жалғызы, біреудің тентегі» дегендей, өрімталдың әрқайсысының тілін тауып, жағдайын жасау, қажет жерінде әкесіндей  зекіп алу да кездесті. Алайда  Мұратбек тәлімгерлік жасаған  алты жылдың ішінде оның тәрбиесін көрген сол жастар кейін барлығы дерлік өмірден өз орнын тапты.  Тағдырларын  мал шаруашылығымен байланыстырғандары да бар.

— 1987 жылы Алға ауданының сол кездегі «Красный  колос»  ұжымшарына қоныс аудардым. Бұл ұжымшар Еңбек Қызыл Ту орденді  атақты  ұжым болатын. Осы  ұжымшардың №3 бөлімшесіне, қазіргі «Көктоғай», сол кездегі Голубиновка ауылында тұрдым. Ауылдан келгем, орысша білмеймін, сол кезде Голубиновкада зоотехник болып қызмет жасаған Аманбай (Барлық) Тілембаевтың көп көмегін көрдім. Өзге ұлт өкілдерінің арасында орысша білмегендіктен қиындық көріп жүргенімді байқаған ол қанатының астына алды. Сол кездегі  тіл білмегендіктен көрген қиындықтарым әлі есімде. Ал қазір, шүкір, еліміз егемендік алып, ана тілінің мәртебесі өсті. Тіпті, басқа ұлт өкілдері де біздің тілімізді жан-жақты үйреніп, қажетіне жаратып отыр. Отбасымда да ана тіліміздің, хақ дініміздің бірінші орында тұруын қадағалап отыратыным содан.

Иә, бұл күндері жетпістің жемісін жеп отырған ақсақал зайыбы Күләш екеуі  өмірге жеті бала әкеліп, тәрбиелеп өсірді.  Бес қыздан кейін өмірге келген Асылбек, Арман есімді ұлдары  да ат жалын тартып мініп, өмірден өз орындарын тапты. Қазір Мұратбек ата мен Күләш әже балалары мен немерелерінің арасында ақар- шақар күй кешіп отырған жайы бар.

…Жақында Мұратбек Бикенов  ақсақал жетпіске толады. Жан-жақтан қаумалаған ұрпақтарының арасында отырып, елдің кешегісі мен бүгінгісі, ертеңі, туған тіл, дін туралы салиқалы кеңес болады.

 

Шара ЕЛЕУСІЗҚЫЗЫ,

Алға ауданы.

Абайлаңыз!

Тәртіп сақтаушы, тәртіпті бұзбаңыз!

Орталық базарға қай уақытта барсаңыз да ығы-жығы. Тауарды сатушы да, сатып алушы да көп. Оған құмалақшылар мен бал ашқыш сыған қыздарын қосыңыз. Ал анабір топ, сақтанбасаңыз, қалтаңыздағы ақшаны қағады. Сондықтан абай болыңыз!

Көшеде түрлі ойын түрін жарнамалайтын жандар соңғы уақытта көбейіп кетті. Жаз басталса болды, балға жиналған арадай базар маңында бас қосады. Ақтөбеде «Алик, Малик, Шарик…» ойынының ойналғанына біраз уақыт болды. Бірақ бұл ойыннан жетістікке жеткен пендені өз басым көрген емеспін. Ақшаны оңай жолмен табуды көздейтіндер талай адамның қалтасын қағып, жанын ауыртып жүр. Егер осындай алаяқтар қалтаңыздағы қаржыны ойын арқылы екі есеге көбейтіңіз десе, әлекке түспегеніңіз абзал. Сіз ақшаға тіккеніңізбен, ұтыс өзгенікі.

Мені мына жағдай алаңдатады. Тәртіп сақшылары базар маңында сауда жасап тұрған қыз-келіншектерді заңға қайшы деп қуып, тауарын сатқызбайды. Тіпті, талай рет тауарларын шашып жатқанын да көзімізбен көріп жүрміз. Ал базар алдында елдің қалтасын қаққыш ойыншыларға келгенде олар ләм-лим деп жақ ашпайды. Сонда бұл не? Неге нан табу үшін жанұшырып жүрген ананы емес, қарапайым халықты алдап түсіретін осындай «ойыншыларды» базар маңынан алыстатпасқа? Казинолардан құтылып, көзіміз ашылғанымызбен, осындай ұсақ құмар ойындарын тыюға күшіміз жетер емес. Бұл үшін заң қызметкерлері жұмыс жасауы керек. Бірақ бұл тұрғыда тәртіп сақтаушыларына да тәртіп керек сияқты!

 

А.ЖАҚСЫЛЫҚБАЙҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл ЖҰБАНЫШ.

bukara07@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button