Тарих

Тылдағы еңбек те ерліктің үлгісі еді

Архив

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме — бәрі де тарихтың жемі есебіндегі нәрселер» деген сөзі бар. Облыстық мемлекеттік архивте тарихтың жемі есебіндегі мыңдаған құнды құжат сақтаулы.
Сондай құжаттардың бірі Қарабұтақ ауданы тұрғындарының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы ерен ерлігінен сыр шертеді. Қарабұтақ өңірі кезінде өз алдына аудан болғаны белгілі. Сарғайған құжаттар арасында «У карабутакских просоводов» аталған мақала жүр. Мақалада Қарабұтақтың кең жерінің шөбі шүйгін, мал бағуға қолайлы екенін сипаттай келіп, ең құнарлы жерлері егіс үшін пайдаланылып отырғаны айтылған. Қарабұтақ алқаптарында колхозшылар бидай, қара бидай, арпа, сұлы, көкөніс те еккенмен, ең басты дақыл ретінде тары өсіріліпті. Мақала авторы тарыны «аса құнды қорғаныс дақылы» атапты, ал алқаптардағы тарышылар еңбегін нағыз жанқиярлыққа балайды. «Қаракөл» колхозында тарыдан сол кезге дейін болмаған мол өнім — гектарынан 600 пұт тары алынған. Қарт тарышы Мұсаның бұл жетістігі фашистерге деген өшпенділікпен түсіндіріліпті. Колхозшылар жеңісті жақындату үшін инемен құдық қазғандай ауыр жұмыстан қашпай, тынымсыз еңбектенген.
Қиын-қыстау жылдардағы тылдағы ерліктің тағы бір үлгісі — «Бөгеткөл» ауыл шаруашылығы артелінің төрағасы Көптілеуовтің ісі. Ол екі шақырым су құбырын орната жүріп, қуаңшылықта күйіп кеткелі тұрған егісті аман алып қалған. «Усайсы» артелінің колхозшылары да егістікті шығырдың көмегімен суарып, жоғары өнім алған екен. «Құдықтысай» колхозының звено жетекшісі 72 жастағы Ахмет Жиенғожин 15 гектардан жоғары өнім алған. «Тасөткел», «Шіліктісай» колхоздары шаруаларының жанкешті еңбегі де атап өтілген.
Қарабұтақ ауданы 1935 жылы құрылған еді. 1966 жылға дейін ол облысымыздың шығысындағы үлкен аудан болды. Аталған жылдың 31 қаңтарында Ақтөбе облысының құрамында жаңадан Комсомол, Ленин, Мұғалжар аудандарын құру туралы шешім қабылданған. Осы құжатқа сай Бөгеткөл селосы Комсомол ауданының орталығы болып бекітіліп, Жамбыл, Жаңадәуір, Қызылжар, Құмқұдық, Псков, Талдысай, Тереңсай және Ұшқатты селолық кеңестері Қарабұтақ ауданынан алынып, жаңа ашылған ауданға берілді.
1993 жылы аудан атауы Әйтеке би ауданы болып өзгерді. 1997 жылы аудан таратылып, Әйтеке бидің аты, сондай-ақ бірқатар ауылдық округтері бұрынғы Бөгеткөл ауданына берілді, тағы бір бөлігі Хромтау ауданының құрамына енді.
«Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Шын мәнінде, ең бастысы — адал еңбек» деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап айтқандай, жоғарыда аталған қарабұтақтық диқандар сынды асқан еңбекқор жандардың ұрпағы екенін бүгінгі жас буын мақтан тұтуы керек.

Әлібек РАМАЗАНОВ,
облыстық мемлекеттік архивтің қор сақтау бөлімінің маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button