Сайрамды сақтаған ерлік
Қанатбай ЕЛЕУСІЗҰЛЫ,
«Тілеу батыр» мейірімділік қорының төрағасы.
Халдан деген жоңғар қонтайшысы 1681-1685 жылдары Қазақстанның оңтүстік өңіріне бiрнеше рет шабуыл жасады. Сайрам қаласын басып алды. Төрт жылға созылған, қазақ тағдыры талқыға түскен Сайрам соғысы туралы мәлiмет негізінде сараңдау.
Шын мәнiсiнде бұл соғыста бiздiң батыр бабаларымыз Қазақ Ордасын құлдық кiрiптарлықтан тiптi жер бетiнен жоқ болып кету қаупiнен өздерiнiң жанын пида етiп, қанын төгiп, ерлiкпен қорғап қалған едi. Жазушы-ғалым Мұхтар Мағауиннiң «Қазақ тарихының әлiппесi» атты еңбегiнен Сайрам соғысы туралы мол мағлұмат алуға болады.
Сайрам соғысында қазақ жасақтарының жан аямай көрсеткен қарсылықтарына қарамай, жау әскері ілгерілеп, Сайрамсу мен Ақсу өзендері аралығындағы қорғаны биік, ірі де әсем шаһарды —ислам дінін таратушылардың ордасына айналған және ірі сауда орталығы Сайрам қаласын басып алады. Бұдан әрi Қазақ Ордасының астанасы iргедегi Түркiстанды алуды жоспарлайды. Сөйтiп, бүкiл қазақ халқының тағдырына зор қауiп төнедi.
Осы қанды қырғыннан елді азат ету үшін Тәуке хан күллі қазақ еліне сауын айтып, қол бастаған батырларды жасақтарымен бір Тудың астына жиналуға шақырады.
Осы Сайрам соғысына Батыс аймақтан,яғни сол кездің тілімен сөйлесек, Алшынның Әлім – Шөмен аталығы мен он екі ата Байұлынан және Жетірудан жасақталған қалың қолды әрі батыр, әрі сұңғыла саясаткер, әрі қолбасшы Тiлеу,немере інісі Қалдыбай, бел баласы Жолдыаяқ және Тайлақ батырлар бастап, Түркiстанға аттанады.
Онда Тәуке ханның алдынан өтiп, тарихта қанды қырғын аталған Сайрам соғысына кiредi. Тыңнан қосылған мол қол қазақ сарбаздарының рухын көтередi. Сайрам түбiндегi төрт жылға созылған текетiрес соғыста шебер қолбасы Тiлеу батырдың абыройы артып, атақ-даңқы жауына үрей тудырады. Дүрбiт-Ойрат Тiлеу батырдан көп зәбiр шегiп, талай рет маңдайлары тасқа тiреледi. Атағы жер жарған талай қалмақ батырларының бастары осы жерде алынады.
Алайда қалмақтар көп едi, қарулары сай едi, ақыры бiр жойқын ұрыста адамның сұңқары атанған Тiлеу батыр қазақ елiнiң тәуелсiздiгi үшiн қан майданда ат үстiнде шейiт болады. Ертеректегі көнекөз қария шежiрешiлердiң айтуынша, батыр бабамыз бiр дамылдағанында iнiсi Қалдыбай мен баласы Жолдыаяқты оңашалап «Мен осы соғыстан қайтпаспын, олай-былай болып кетсем Әзiрет Сұлтан-Ахмет Ясауидiң қабiрстанына жерлерсіңдер» деп өзiн аманаттаған екен дейдi. Сөйтiп, Тiлеу батыр 1684 жылдың жазында қазақ елiнiң бірлігі мен жерінің тұтастығы жолында бел баласы Жолдыаяқ және мыңдаған сарбаздарымен бірге Сайрам қаласында қаза болады. Ат үстiнде шейіт болу — ол заманда ер мұраты. Ал ердiң мұраты елдiң азаттығы болатын.
Әкелi-балалы Тiлеу мен Жолдыаяқ батырлардың туған елi үшiн қаһармандық iстерi ел арасында ауызекi әңгiмеде жырмен баяндалады.
Айттың бір баласы Тілеу батыр,
Қол бастап Сайран барып, тіккен шатыр.
Шейіт кетіп Түркістан-Ясауиде
Баласы Жолдыаяқпен сонда жатыр,—
деген белгісіз автор жыры сол кездің бір ақиқатын алдымызға әкеледі.
Бiз әңгiме етiп отырған Тiлеу Айтұлы 1684 жылы Сайрам соғысында Қазақ елі үшiн опат болды десек, ол 1630 жылдар шамасында дүниеге келген деп болжауға болады. Елдiң шежiре қариялары Тiлеу баба 50 жастан аса соғыста қаза болған деп отыратын.
1680 жылы Түркiстанда Жәңгiрұлы Тәукенi ақ киiзге салып хан көтергенде Кiшi жүздiң би-батырларының бiрi болып хан сайлауына қатысуы, алқалы топта сөз сөйлеуi, сөз жоқ, Тiлеудiң атақты адам болғанын дәлелдейдi.
2000 жылы Түркiстан қаласының 1500 жылдық торқалы тойына орай Сайрам соғысының қаһармандары Тiлеу мен Жолдыаяқ батырлардың күндерi тамыз айының 18-19 жұлдызында Түркiстанда аталып өттi. Батырлардың есiмдерi Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң iргесiнде жерленгендер тiзiмiне енгiзiлдi. Рухани астана Түркiстан қаласында Тiлеу-Жолдыаяқ батырлар атына көше берiлдi.
«Бiрлiк бар жерде — тiрлiк бар» демекшi, рухы биiк азаматтардың қолдауымен, дүйiм елдiң тiлегiмен Тiлеу мен Жолдыаяқ батырларға Түркiстан қаласында ас берiлдi, шежiре жазылды. Осы жолдардың авторы «Адамның сұңқары» деген кiтапты «Жазушы» баспасынаншығарды.
Академик Мұрат Жұрынов: «ертеде Сайрам жағында Қалаш деген қала болған. Сол Қалаштың iргесiнен қашық емес жерде Тiлеу деген ауыл бар. Мүмкiн, сол Тiлеу бабамыздың ұрпақтарының ауылы шығар» деген ықтималдық жорамал айтады.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Ақтөбе қаласында жоңғар басқыншыларына қарсы алапат соғыстың қаһарманы Тілеу Айтұлының ескерткішінің 2015 жылдың қазан айында ашылуы тарихи оқиға болды. Ескерткіш тұғыры қызыл гранит тастан қашалып, батырдың ат үстінде найза ұстап отырған тұлғасы мыстан өрнектелді.
Шымкенттегі ең көрікті жерлердің бірі, Қажымұқан атындағы орталық стадионның жанында Тілеу батыр мен баласы Жолдыаяқтың ескерткіші ашылуы төрт жыл бойы жоңғар жаушыларымен алысқан Сайрам халқына, жерінің тұтастығы мен халқының бірлігі жолында шейіт болған он бір мың сарбазға да жасалған құрмет деп білеміз.
Сайрамдағы «Ұлы дала ерлері — ел есінде»атты ескерткіштің 2019 жылғы ашылу салтанатына алыс-жақыннан ел ағалары, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ жалпы жұртшылық көп қатысты.Ерлікпен шейіт болған бабалар рухына арнап үлкен ас беріліп, дұға бағышталды.
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бас ғимаратынанТілеу батырға арналған кабинет ашылып, студент-жастар арасында мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылуда.
Сондай-ақ жас режиссер Алмат Шәріповтің жетекшілігімен Т.Ахтанов атындағы драма театрында Мырзан Кенжебайдың авторлығымен дүниеге келген «Тілеу батыр» тарихи драмасының премьерасы өтті. Спектакльде Тілеу батырды актер Дәурен Парман, Жолдыаяқты Бексұлтан Ізтаев, інісі Қалдыбайды Нұрсұлтан Айтқалиевтар сомдады.
Сансыз баптың отаны болған Сайрамды қорғаудағы қос батырдың ескерткіші Шымкент қаласының төрінен орын алуы, олардың ат үстіндегі айбарлы кескіндері Тәуелсіз Қазақ Елінің өткеніне деген тағылымды тарихтың белгісіндей Ұлы құрмет.
Ерлік пен елдік — егіз ұғым.Біздің алдағы жүргізетін жұмыстарымыз да осы арнада өрбімек.