Басты жаңалықтар

Алғаның жылыжайлары

«Ауыл аманаты» жобасына қатысуда Алға ауданының белсенділігін газетіміздің өткен сандарында жазған болатынбыз. Одан бері бірнеше ай өтті. Жуырда аталған бағдарламаның ауданда қалай іске асырылып жатқанын, жоба нәтижелерін көріп қайттық.

Ауладағы табыс көзі

Бастапқыда бұл жобаға тек ауыл тұрғындары қатысса, ақпан айынан бастап қала тұрғындарына да мүмкіндік берілді.

Алға қаласының өзінде 24 жоба тапсырылып, оның 9-ы мақұлданған. Тағы 15-і арнайы комиссияның шешімін күтуде. «Ауыл аманаты» бойынша қаражат алғандардың бірі Алға қаласының тұрғыны БайрамбайҚадырханов8 миллион теңгеге ауласына 200 шаршы метр жылыжай салып алған. Бір айта кетерлігі, облыста заманауи үлгідегі шағын жылыжай салу үрдісі кең етек ала бастапты. Қызығы сол — жылыжай салу үшін  бағбан болудың қажеті жоқ. Әдетте оның құрылысын, бақша егу жұмыстарын кез келген адам біле бермейді. Ал жоба арқылы бұл кәсіпті бастағандарға тиімді тұстары көп екен.

Сіздің жобаңыз мақұлданып, атыңызға қаражат түскеннен кейін оны жылыжай салумен айналысатындарға аударасыз. Айталық, Байрамбай Қадырханов әуесқойлықпен жыл сайын ауласына бақша салып жүргенімен, жылыжайда бақша өсіріп көрмепті. Сондықтан арнайы мамандардың қызметіне жүгінген. Облыс орталығынан келген жылыжай салушылар барлық қажетті жабдықтарын өздері әкеліп, аулаңызға орнатып береді. Оның шығыны мен шығымын да есептеп, қолыңа ұстатады.  Жылыжай құрылысы аяқталғаннан кейін алғашқы өнім піскеншебарлық жұмысты агрономдар келіп үйретеді.

Жылыжайдың құрылысын, ішіндегі жылыту пештерін, атыздарын өздері келіп жасап берді. Тамшылатып суару жүйесін іске қосты. Маған ыңғайлысы — мамандардың үйретуі болды. Жылыжайға 500 түп голландиялық қияр тұқымы егілді. Оның шығыны да сол ақшаның ішінде. Арнайы тыңайтқыштары да бар. Олардың айтуынша, бір маусымда кем дегенде 5 тонна қияр түсуге тиіс. Бір жылда 2-3 маусым егіп, өнімін жинауға болады. Бір артық зат сатып алмадым. Құрылыс материалдарын іздеп, әрі-бері шапқыламадым. Құжат жасағанда да солай. Жергілікті әкімдік айналысты. Мен тек құжаттарға қол қойдым, — дейді жылыжай иесі.

Бұған дейін мұнай компанияларының бірінде вахталық әдіспен  жұмыс істеген ол қысқартуға іліккен. Жұмыссыз жүргенде «Ауыл аманаты» жобасы туралы естіп, жергілікті әкімдік қызметкерлерінен кеңес алған.

«Бұл жоба маған қанат бітірді. Бұрындары аула ішінде бақша салудан аса алмайтын бізге жақсы мүмкіндік болды. Жылыжайдың жанынан сарай салып жатырмын. Болашақта жылыжай өнімін өңдейтін цех ашсам деген жоспарым бар», — дейді ол.

Дәл осындай жылыжай  алғалық жас отбасы Ахметовтердің  ауласынан да бой көтерген. Жас отбасы бұған өте қуанышты екендіктерін жеткізді.

Бұрын ауламыз бизнес көзі болады деп мүлде ойламап ек. Қаражат ауыспағандықтан  жылыжай салу туралы арманым жыл сайын сөз жүзінде қала беретін. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы арманыма қол жеткіздім. Мен де қияр екпекпін, — дейді жас кәсіпкер.

Алға қаласының әкімі Нұрбол Сұрбаевтың айтуынша, қаланың 3 тұрғынына тауарлық несие берілген. Жоба аясында жылыжаймен қатар, құс шаруашылығы қанат жаймақ.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәулен Ыдырысов құс шаруашылығын дамыту бағытында  108 жоба жүзеге асырылатынын айтты. Өсімдік шаруашылығын дамыту бағытында 86 жоба жоспарланған,оның 65-і жылыжай болмақ.

Ал тауарлық несие бойынша 12 шаруа қожалығы 30 адамға 220 ірі қара берген.

Үшқұдық — үздік ауыл

Алға ауданының барлық ауылы да «Ауыл аманатының» игілігін көре бастады. Облыс орталығына жақын болғандықтан елді мекендердің де демографиясы тұрақты, кәсіп көзі де көп. Жері шұрайлы, малға да, жанға да жайлы өлкенің бірі — Үшқұдық ауылдық округі. Былтыр бұл округ республикадағы үздік ауылдардың қатарына енген.

Ақтөбе қаласынан 35 шақырым жердегі  Үшқұдық — Алға ауданының ірі округтерінің бірі. Құрамына Жерұйық, Ақсазды елдімекендері кіретін Үшқұдық ауылдық округінде 1600 адам тұрады. Округ жыл сайын егін салады. Ауыл шаруашылығымен айналысатын 23 шаруа қожалығы, 49 жеке кәсіпкер және 2 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі бар.

Облыс орталығынан жарты сағаттық жер болғасын жол қатынасы жағынан мәселе жоқ. Ауыл тұрғындарының біразы, әсіресе жастар жағы қалада жұмыс істейді.

Жол, жарық, газ, интернет, ауызсу келіп тұр. Өткен жылы «Абаттандырылған ауыл» бағдарламасы бойынша 5 көшеге асфальт төселген. Үшқұдықта бос тұрған бірде-бір үй жоқ. Округте 400-ге жуық аула бар. Бірақ 100-ден астам ауладан мал өрмейді. Жем-шөбі арзан округте мал ұстау тиімді десекте, тұрғындардың көбі шағын және орта бизнеске бет бұрғанын байқадық. Себебі «Ауыл аманаты» жобасына құжат тапсырғандардың жоспарымен танысқанда бірнеше жылыжай, құс шаруашылығы, сүт өнімдерін дайындайтын цехтар және шағын наубайханалардың тізімін көрдік. Округ бойынша  30-дан астам адам құжат тапсырған. Оның 9-ы мақұлданып, қаражатын алды. Соның бірі көпбалалы ана Нұрзада Жаппарованың жылыжайының құрылысы аяқталып, қияр тұқымы егілген.

Бір қызығы, осы жобамен салынған жылыжайлардың дені тек қиярдан басқа бақша өнімін егетін түрі байқалмайды. Оның себебін жылыжай иесі былай түсіндірді:

Жылыжайдың температурасы тек қиярдың өсуіне ғана арналған. Басқа бақша өнімдерімен ауа температурасы сәйкес келмейді. Оны да ойластырып отырмыз. Бірақ қиярға сұраныс жоғары. Қазіргі таңда 1 келі қияр — 300 теңге.  Жазға қарай бұдан да арзандайды. Есесіне қыста 1 келісін 1200 теңгеден сатып алуға мәжбүр болдық. Жылыжайлар өнім бағасына қатысты осы маусымдық айырмашылықты тежеуге сәл де болса үлес қосады. Қиярды өткізуге қиындық тумайды, мысалы, өзім Ембі қаласында туып-өстім. Ол жақта су тапшылығы болғандықтан көлемді бақша салу қиын. Мен өнімдерімді сол жаққа тапсырамын деп келісім жасап жатырмын. Ембі қаласында ірі супермаркет, кәсіпорындар, мейрамханалар бар. Сондықтан өнімді өткізу жағынан қиындық тумайды деп ойлаймын, — дейді Н.Жаппарова.

Үшқұдық ауылдық округінің әкімі Берік Ақдәулетов Ақтөбедегі «Табыс» коммуналдық базарының басшылығымен келісіп, арнайы орын алатынын, онда округтің ауылшарушылығы өнімдері тұрақты сатылатынын айтты. Көтерме бағамен де сататын жерлерді қазірден бастап дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Демек, өнім болса, өтпей қалмайды. Нұрзаданың тағы бір кәсібі — күн сайын ешкі сауып, сүтін сатады. Ешкінің сүтінен шұбат дайындайды. Сүт пен шұбатқа сұраныс жоғары болып отырғанын айтқан ол сүтті ешкілерін көбейткісі келетін жоспарын да жасырмады.

Әкімнің арманы

Ауыл әкімі Берік Ақдәулетов — осы жылдың үздік әкімі. Округті 7 жылдан бері басқарып келе жатқан ол алдымен ауылды көркейтуді қолға алыпты. Ауылдың өзегі мәдениет десек, Үшқұдықтағы клуб күрделі жөндеуден өтіп, көшенің сәнін ашып тұр. Екі қабатты ғимарат округтің «ақ үйіне» айналған. Онда әкімшілік, жергілікті учаскелік инспектор, пошта, кітапхана орналасқан. Таяу күндері шаштараз бөлмесі де қызмет көрсете бастайды.

Мен әкім боп келген алғашқы жылдары екі қабатты ғимараттың мал тұратын қораға айналғанын көрдім. Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, 20 жылдай қараусыз қалған. Алдымен мәдениет ошағын қалыпқа келтіруге күш салдым. Аудан әкіміне ұсыныс хат жазып, қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жасадық. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы шаштараз ашқалы жүрген кәсіпкерге бір бөлмені дайындап жатырмын. Жалға емес, тегін беремін. Себебі жас кәсіпкерге жұмысы жанданып кеткенше осылай қолдау көрсетуіміз керек. Қызмет көрсету көзін ашамын дейтін жастар болса,көмектесуге әзірмін. Орталықтан саябақ салдық. Бұл да ауылдың көркін келтірді. Жыл сайын көшелеріміз жаңарып келеді. Барлық көше 100 пайыз жарықтанды. Басты мәселелердің бәрі шешілді. Округтегі ендігі арманым — Жерұйық елді мекеніне газ апару. Бұл — сол жақтағы 60 үйлі тұрғындардың талабы мен ұсынысы. Қазір жобалық-сметалық құжатын дайындап жатырмыз, — дейді округ әкімі Берік Ақдәулетов.

Әкімнің сөзіне қарағанда, ауылдың болашағы зор. Алдағы 2-3 жылдықта жаңа мектеп салу қажеттілігі бар. Жалғыз мектеп тарлық етіп отыр. Бұлауыл тұрғындарының тұрақтылығын көрсетеді. Ұзын жолдың бойында орналасқандықтан көлік қозғалысы көп. Сол себепті газ құю бекеті салынды.

Сонымен қатар кемпинг салуға да сұраныс бар.  Үшқұдық ауылынан 3 шақырым жерде демалыс базасы бар. Жаз шыға демалушылардың қарасы көбейеді.Көп ұзамай Үшқұдық ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасының арқасында 5 жылыжай, 5 құс фабрикасы, 2 шаштараз, темірбетон бұйымдарын шығаратын шағын кәсіпорын, биогумус өндірісі іске қосылмақ.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button