Мәдениет

Мәуліт алғаш рет тойланды

Өткен аптада, сәуірдің 17-жаңасында қасиетті жұма күні Алға аудандық Мәдениет үйінде  пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған күні Мәуліт мерекесі атап өтілді.

Жиналғандарға Ақтөбе «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб-имамы Б.Тәжімбет, аудан әкімі М.Тағымов, аудан имамы Ә.Әбдікәрімұлы, ауданымыздың ақсақалы, қажы Д.Құрманалиндер құттықтау сөздер айтып, «Нұр Ғасыр» мешітінен келген наиб-имам құран бағыштап, бата берді.

Кешті жүргізуші аудан әкімі аппаратының бас маманы А.Сейдалиев: «Бүгінгі мерекеміздің беташары Аллаға пайғамбарымызды жаратқаны үшін, барша ата-баба, ұрпақтарымызға Ислам дінін нәсіп еткені үшін зікір айталық», – деп, ортаға Ақтөбе қайырымдылық мекемесінің шәкірттерін шақырды. Облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб-имамы Б.Тәжімбетұлы мен Ақтөбе қайырымдылық мекемесінің ұстазы Р.Тауфиқұлы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) рухына тағзым етіп, туған күнінде оған салауат айту рәсімі ретінде «Мәуліт шариф» оқыды. Осы қайырымдылық мекемесінің шәкірті С.Сариев діни қара сөз оқыса, жерлесіміз, «Нұр Ғасыр» мешітінің қызметкері, медресе директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрмұхаммет Шәмшіұлы сахнаны ғибратты жырға бөледі.

Кеш соңында аудан мешітіне, ауданымызда Ислам дінінің өркендеуіне қолғабыстарын көрсетіп жүрген, осы кешті ұйымдастыруға ат салысқан азаматтарды Алға аудандық «Хазрет Мұхаммедқазы Меңдіқұлұлы» мешітінің имамы Ә.Әбдікәрімұлы  Алғыс хатпен марапаттады.

Жалпы, ислам тарихына  көз салсақ, имандылыққа шақырушылардың алғашқысы Мұхаммед пайғамбар болатын. Еліміз егемендік алғалы халық арасында, әсіресе, жастар ортасында дін-мұсылмандыққа бет бұрушылық арта түсті. Бұрындары мешітке қарттар көбірек барса, қазіргі кезде жастардың оған ден қоюы ұлтжанды адамды қуантады. Егемендік алғалы тұңғыш рет ауданымызда тойланған Мәуліт мерекесі жастарды инабаттылыққа, тазалыққа, ұлтжандылыққа шақыру үшін насихатталған  кеш болды.

Ләззат ОРАЗЫМБЕТОВА,

Алға қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button