Басты жаңалықтарСпорт

Ақтөбеде Республикалық Паралимпиада ойындары басталды

Бүгін Ақтөбеде республикалық Паралимпиада ойындарының үшінші кезеңі басталды.

Біріншіліктің салтанатты ашылу рәсіміне Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басқарма басшысы Марат Қасқырбаев, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Мейрамбек Махамбетов қатысты.

Құттықтау сөзінде облыс әкімі пара спортшылар көпке үлгі бола алатындай шексіз ерік – жігер мен шыдамдылыққа ие жандар екенін атап өтті.

💬 «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық паралимпиадалық құрамасының мүшелерімен кездесуінде «Біз паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту үшін қажетті жағдайды жасай береміз. Спорт саласы барлық азаматымыз үшін бірдей қолжетімді болуға тиіс» – деген болатын. Бүгінде біздің облыста бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау үшін барлық жағдай жасалған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына және қоғамдық өмірге белсенді қатысуына ерекше назар аударылады. Біз өңірде Паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлерін одан әрі дамытуға және спортшыларға жаңа биіктерге жетуге барынша қолдау көрсетуге дайынбыз», деп Ералы Тоғжанов барлық қатысушыларға тартысты додада табыс тіледі.

Үстіміздегі жылы Паралимпиада ойындары 10-30 мамыр аралығында еліміздің үш қаласы – Алматы, Астана, Ақтөбеде өтеді. Додаға еліміздің барлық өңірінен он спорт түрі бойынша тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті бұзылған 1 000-нан астам пара спортшы қатысады.

Ақтөбеде төрт спорт түрі бойынша – үстел теннисі, жүзу, дзюдо және волейболдан жарыстың үшінші, яғни қорытынды кезеңі өтуде.

Айта кетейік, Паралимпиада ойындарының алғашқы екі кезеңінің қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының қоржынында 17 алтын және 8 күміс медаль бар, ал жеңіл атлетикадан қорытынды есепте Ақтөбе облысының құрамасы 20 команда арасында 1 орынға ие болды.

Паралимпиада ойындарының жабылуы 30 мамырда Жекпе-жек сарайында өтеді.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button