Жаңалықтар

2023 жылы Қарулы Күштер қатарын 1050 ақтөбелік жас толықтырады

Бүгін Ақтөбеде 45 әскерге шақырылушыны салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Шараға ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері, Ақтөбе гарнизонының әскери қызметшілері (30238 ә/б, 6655 ә/б), әскери-техникалық мектептің және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері, сондай-ақ болашақ сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты.

Облыс әкімі әскерге шақырылушыларды өмірлеріндегі маңызды кезеңнің басталуымен құттықтады.

💬«Қазақстан әскері – мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен тыныштығының кепілі. Отанға қызмет ету – әр азаматтың қасиетті борышы. Биыл еліміздің Қарулы Күштерінің қатары 1050 ақтөбелікпен толығады. Бүгін Маңғыстау облысының Ақтау қаласына 45 жігітті шығарып саламыз. Мерзімді әскери қызметтен өту қаруды қолдану, күрделі әскери техниканы меңгеру дағдыларын игеріп қана қоймай, жастардың физикалық және рухани нығаюына ықпал етеді. Бір жыл ішінде сіздер нағыз Отан қорғаушылар ретінде үйге ораласыздар. Әрқайсыларыңыздың қызметтен кейін ҰБТ тапсырмай, Қазақстанның 33 жоғары оқу орнының біріне түсетін мүмкіндіктеріңіз бар. Менің ойымша, бұл армияда жауапты қызмет ету үшін керемет жігер береді. Сіздер Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқаратындарыңызға сенімдімін»,деп атап өтті өңір басшысы.

Шақырылушылар қатарында Мұғалжар ауданынан келген Мерлан Дошанов бар. Ол қатарластарымен бірге Ақтау қаласының №51809 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтейді.

💬«Отанды қорғау – кеудесінде намысы, жүрегінде оты бар Қазақстанның әрбір азаматы үшін басты борыш. Ақтөбелік жігіттерді өз міндеттерін жауапкершілікпен орындауға, өздерін еліміздің нағыз патриоттары ретінде көрсетуге шақырамын»,деді ол.

Өңір басшысының атынан әр әскерге шақырылушыға туыстарымен байланысып отыру мақсатында сыйлық ретінде ұялы телефон берілді.

Ералы Тоғжанов ҚР Ұлттық ұланның №6655 әскери бөліміне барды.

Мұнда өңір басшысы әскери техникаларды қарап шығып, офицерлер мен сарбаздардың кәсіби шеберліктері мен іс-қимылдарының үйлесімділігі үндестік тапқан көрсетілімдерді тамашалады.

Облыс әкімі жеке құрамды Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері полиция қызметкерлерімен бірлесіп тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша аса маңызды міндеттерді орындап жатқанын алға тартты.

Өз кезегінде әскери бөлім басшылығы жеке құрам қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзетуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға дайын екендігіне сендіріп, өңір басшысын әскери бөлімге келгені үшін алғысын білдірді.

Әскери бөлімнің үздік офицерлеріне облыс әкімінің атынан алғыс хаттар табысталды.

Н.АРМАНҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button