Экономика

Кеденшілер 8,7 млрд. теңге түсірді

Облыстық кедендік бақылау департаменті осы жылдың үш айындағы жұмысын қорытындылады. Департаменттің баспасөз хатшысы Галина Трофимованың айтуынша, кедендік қызметтегі бірден-бір мақсат – республикалық бюджетке түсетін салықтар мен алымдарды бақылауға алу.

Мәселен, осы жылдың бірінші тоқсанында департамент арқылы бюджетке 8,7 миллиард теңге түскен. Бұл болжамды жоспардың 79,1 пайызын құрайды. Түскен салықтың жоспардан төмен болуының өзіндік себептері бар. Әлемдік қаржы дағдарысына байланысты шетелдік тауарлардың, автокөліктердің келуі жылдағыдан азайып кетті. Мысалы, өткен жылдың үш айында облыстың сыртқы экономикалық тауар айналымы 1637,1 миллион доллар құраған болса, биыл бұл көрсеткіш 859,0 миллион доллар болып отыр. Импорттық тауарлар айналымы 426,0 миллион доллар құрады. Бұл да өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аздау.

Кедендік органдар кедендік төлемдер мен салықтардың болжамдық жоспарының орындалуы, кедендік бақылау түрлерін жетілдіру, кедендік әкімшіліктік жұмыстар, кедендік істердегі құқық бұзушылыққа қарсы күрес, сыбайластыққа жол бермеу мәселелеріне басты назар аударуда.

Жыл басынан бері 4546 жүктің кедендік декларациясы бойынша рәсімдеу істері жүргізілген. Оның ішінде 3903 жүктің кедендік декларациясы импорттық тауарларға рәсімделсе, 643-і экспортқа толтырылған. Бір айта кетерлігі, жүктің кедендік декларациясының саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22,9 пайызға өскен. Сондай-ақ, «бір күн ішінде» принципі бойынша әзірленген құжаттар 94 пайыз құрап, 1,9 пайызға артқан. Бұл бизнес өкілдері тауарларының бір күнде рәсімделуі жолға қойылғандығын көрсетеді.

Кедендік рәсімдеу кезінде тәртіп бұзбай, үнемі жақсы жақтарынан көрініп жүрген бизнес өкілдері болады. Аталмыш кезеңде сыртқы экономикалық сауда қызметіне қатысушы осындай 61 тұлға тіркелді. Бұларды қарапайым тілмен «сенімді адамдар» деп атайды.

Сонымен қатар кедендік заң бұзушылыққа жол беріп, қылмысқа барғандар да жоқ емес. Жыл басынан бері 19 қылмыстық іс қозғалғанын да айта кету керек. Кедендік бақылаушылар қылмыс жасау арқылы мемлекетке келтірілген шығындарды өндіруге де аса көңіл бөліп келеді. Мұндай оқиғаларға байланысты жалпы көлемі 7,0 миллион теңгенің тауарлары мен көлік құралдары қайтарылды.

Әкімшіліктік құқық бұзушылыққа қарсы күрес бойынша 97 іс қозғалды. Әкімшіліктік істерді қарау нәтижесінде салынған айып 1,1 миллион теңге құрады. 1,2 миллион теңгенің тауарлары мен көлік құралдары тәркіленді.

Сыртқы экономикалық қызметтегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі де жолға қойылып отыр. Алдымен кедендік органдар қызметкерлерінің арасында жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, департаменттің ішкі қауіпсіздік бөлімі арқылы 7 қызметтік тексеру мен зерттеу жүргізіліп, 10-нан астам қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты 4 карточка ашылды.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button