Мәдениет

Елуінші асу

Бүгінде жан дүниеңді серпілтіп, рухыңды биікке самғататын әндер аз. Сондықтан болар, көбі көкейде жатталып қала бермейді. Қазіргідей әншісі көп «ән әлемінде» заман көшіне ілесе алмай, жұрттың жадынан өшіріліп қалатындары тағы бар. Бірақ оның әндері бұл қатарға жатпайды, себебі туындылары намысыңды жанып, жігеріңді қуаттандырады. Көкіректегі Отанға, туған жерге, ағайын-туысқа деген сүйіспеншілігіңді арттырады…

… Ән де, өлең де бекерден-бекер «дүниеге келмейді». Әрбір туындының өз тарихы, өз салмағы бар. Бұл ретте облысымыздан шыққан белгілі сазгер әрі актер Орал-Қосай Байсеңгірдің туындыларын ерекше деп айтуымызға болады. Себебі оның шығармаларында ұлттық рух, қазақы нақыш, нәзік үн мен лирика да бар. Ал оның нағыз классикалық марш жанрында жазған әндері бүгінде көптің көңілінен шығып, үлкен өнер адамдарының жоғары бағасын да алып үлгерген. Кейіпкеріміз туралы Ахмет Жұбановтың шәкірті, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор, дирижер Қайырғали Қожанбаев былай дейді:

— Менің көптеген шәкірт оқушыларымның арасында өнерлісі де, таланттылары да баршылық. Солардың бірегейі — Орал Байсеңгір. Орал өз замандастарының алдында сыйлы. Себебі ол — талантты! Оның өнерінің сан қилы екенінің дәлелі: біріншіден, ол — өзі таңдап алған мамандығы бойынша актер және режиссер, сценарист. Тахауи Ахтанов атындағы театр сахнасында, көптеген рөлдерінен бөлек атап айтарым, Әбілқайыр ханның бейнесін сомдауы оның үлкен актерлік қабілетінің көрінісі дер едім. Екіншіден, көптеген әннің мәтінінің авторы. Мысалы, «Темірім — әнім», «Мұғалжар вальсі», «Адай қыз», «Атырау — асыл мекенім», «Кең  Жылой» және Ақтөбе туралы жазылған біраз әннің сөзін жазған. Үшіншіден, ол — композитор, сазгер. «Біздің ауыл тамаша», «Бәкір аға», «Кең Жылой», «Қайран көңіл» сияқты әндерінің әуені халықтық сипаттағы мән-мағынаны береді. Ал «Байғанин маршы» атты әні нағыз классикалық марш жанрында жазылған. Төртіншіден, Орал — өзінің және басқа да авторлардың әндерін сахнада орындап жүрген әнші. Әдемі де құнарлы қоңыр (баритон) дауыстың иесі.

Орал-Қосай Ноғайбайұлы туралы бұл пікірді Қайырғали Қожанбаев оның «Мың алғыс» атты кітабы жарық көргенде жазыпты. Одан бері кейіпкеріміз ондаған туынды жазып, қазақтың ән өнеріне, оның ішінде фольклорлық жанрға елеулі үлес қосты. Бүгінде оның  жүрегінен шыққан 60-қа жуық әні көпшілікке танылып үлгерді.

Сондай-ақ бүгінге дейін 80-нен астам әнге сөз жаздым. Олардың қатарында Амангелді Сәндібаевпен бірге жазған «Арайлы Ақтөбем», Бейбіт Оралұлымен бірге жазған «Ай мен Күн», Аймұрат Мәжікбаевпен  жазған «Аққуым», Нұрталап Жүсіпов, Дулат Айтжановпен  тағы басқа белгілі әндер бар. Бұл туындылардың барлығы — жүрек толғанысынан, елге, жерге деген сүйіспеншілік пен сағыныштан туған дүниелер. «Әу демейтін қазақ жоқ» — дегендей, мен де осылай кей кездері әдемі әуендерге сөз жазамын, ән шырқаймын. Шаңырағымда қара домбырамды шертіп отырып, шабытым шалқыса, әп сәтте әуезді ән де шығарамын. Құдай берген талант шығар, кім білсін, ән-күйге, жалпы өнерге құштармын, өнерге шын ғашықпын, — дейді кейіпкеріміз.

Орал-Қосай Байсеңгірдің ән-күйге, театрға деген әуесі, қызығушылығы орта мектеп оқып жүргенде басталыпты. Мектеп қабырғасында жүріп ол актер болуды армандаған.

Менің театр өнерін сүйіп өсуімнің басты себебі — біздің Дияр аталатын шағын ауылымызға республика көлемінде танымал театр ұжымдары көп келетін. Олардың біз туып-өскен жерге жиі келуіне Ақтөбеден шыққан тұңғыш Қазақ КСР-інің халық артисі Алтын Ружева апамыздың еңбегі зор. Себебі ол кісі туған жеріне төркіндеп келіп, ауылдағы ағайынға әріптестерімен бірге керемет  спектакльдер қойып кететін. Кейін білгеніміздей, Алтын Ружева апамыз Жамбыл, Атырау, Талдықорған облыстық театрларында еңбек етіп, басшылық жасаған. Қайда жүрсе де туған жерін ұмытпай, өзі дүниеге келген Оймауыт, Дияр топырағына жиі қатынап, біздің өнермен сусындауымызға себеп болған апамызға алғысымыз зор. Осындай өнер адамдарының, сондай-ақ Оймауыт халық театрының арқасында біз бала кезден театр өнеріне қызығып өстік. Кейін мектепті аяқтаған соң арман қуып, Ақтөбеге келдім. Осындағы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің режиссерлік бөліміне, кейін Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты жанынан ашылған театр студиясына актерлік мамандығына оқуға түстім. Одан бөлек Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің музыка факультетін бітірдім. Кейін  Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің филология факультетін аяқтадым, — дейді Орал-Қосай Байсеңгір.

Ол алғашқы қызметін Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында актер болып бастаған. Театрда жүріп, күрделі образдарды сәтті сомдап, көрерменнің көңілінен шыға білген. Атап айтсақ, С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» туындысында музыкант Абдолланың, «Жымбала мен Микосында» — сержант Сарбазовтың, М.Әуезовтің              «Айман-Шолпанында» — Жарастың, Е.Әлімжановтың «Тақталасында» — Дауғабайдың,

Т.Ахтановтың «Антында» — Әбілқайыр ханның, Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпанында» — қарақшы Қожықтың, Ж.Тілепбергеновтің «Рамазан-Перизатында» — Жарылғаптың, У.Шекспирдің «Король Лир» пьесасында — Бургундия герцогінің, Б.Мырзабаевтың «Теңге тарихы» спектаклінде Әбу Насыр Әл-Фарабидің рөлдерін шебер сомдап шыққан. Сондай-ақ өзі режиссерлік еткен театрландырылған қойылымда Былшық би сияқты тарихи тұлғалардың  образын ойнаған.

Театрда актер бола жүріп, «Батыр қоян», «Жақсылық пен жамандық» атты балаларға арналған ертегі-пьесалар, сондай-ақ драматург Серікбай Мақұлбековтің «Қаңбақ шал» ертегісіне, Мольердің «Скапеннің айналасы» спектакліне өлеңдер жаздым. Сонымен қатар облыстық театрда «Қайран біздің аналар арды ойлаған» атты театрландырылған көрінісім де сахналанды. Ал 1999-2000 жылдары Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті жанынан ашылған студенттер театрында Мұқағали Мақатаевтың 70 жылдығына орай ақынның «Қош, махаббат» драмалық шығармасына режиссерлік еттім. Түптеп келгенде, бұлардың барлығы менің театр қабырғасында жүріп жасаған шығармашылықтағы жетістіктерім болатын. Осы тұста айта кету керек, 2007 жылы облыстық мәслихатқа өңірімізде актерлік, режиссерлік және би өнеріне дайындайтын мамандықтар ашу, өнерлі жастарға қолдау көрсету мәселесін қозғап, жолдаған хатымның негізінде бір жылдан кейін қазіргі «Тарлан» колледжінде актерлік өнер мамандығы және университеттегі хореография факультеті ашылды. Қазір осы оқу орнында жас актерлерді тәрбиелеп жүрмін. Тіпті олардың бірқатары бүгінде облыстық драма театрында жемісті еңбек етіп, республикалық театр байқауларында жүлдегер атанып жүр, — дейді кейіпкеріміз.

Орал-Қосай Байсеңгір саз әлеміне 1990 жылдардың аяғында келгенін айтады. Бұл кезеңде ол «Димаш-Әли» шығармашылық студиясында редактор болып қызмет атқарыпты. Сол орталықта жүздеген ән мен бейнебаянның жарыққа шығуына атсалысқан. Айта кету керек, сол жылдары Ақтөбеде гүрлеп тұрған студияның бірі осы орталық болатын.

Студияда жүргенде талай әндердің сөзін өңдедім, біраз өлеңге ән жазып бердім. Сөйтіп жүргенде алғаш рет «Байғанин маршы» әні жарыққа шықты. Белгілі ақын-жазушылар Бәкір Тәжібаев, Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәбит Баймолдин, Қажығали Мұхамбетқалиев, Мәди Айымбетов сынды қаламгерлер туып-өскен Байғанин ауданында дүниеге келгенімді мақтан тұтамын. Сондықтан болар, туған жеріме деген сүйіспеншіліктің арқасында осындай әдемі әндер туды. Бүгінде «Байғанин маршы» әнімді аудан тұрғындары «біздің әнұранымыз» деп қуантып қояды. Мұнан бөлек, туған жерге тарту ретінде жазылған «Жемнің бойында», «Жарқамыс вальсі», «Тобық аға», «Біздің ауыл тамаша», «Бәкір аға» сынды көптеген әндерім бар. Осылардың ішінде ауыл өмірін суреттейтін «Біздің ауыл тамаша» әні өткен жылдың аяғында Мәдениет және спорт министрлігі тұңғыш рет ұйымдастырған «Dala Dauysy» республикалық байқауында «Үздік фольклорлық музыка» номинациясы бойынша бас жүлдеге ие болды. Ал «Қазағым» атты әнім республикалық балалар ән байқауында Гран-приді жеңіп алса, Ақтөбе қаласының 150 жылдығында «Жұбанов маршы» әні бас жүлдеге ие болды. Ақын Сәтжан Дәрібайдың сөзіне жазған «Жаса сақшы, сарбаздар» әнім Ішкі істер министрлігінің 25 жылдығында «Ең үздік ән»  номинациясын жеңіп алды. Одан бөлек, қазақ елін төрткүл дүниеге танытқан жерлесіміз Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Ұмытылмас күн» атты әнім әлем сахнасында талай шырқалды, — дейді ол.

Биыл Байғанин ауданында алғаш рет Орал-Қосай Байсеңгірдің шығармашылығына арналған «Жем-Сағыздың ән самалы» атты аймақтық ән байқауы ұйымдастырылады. Оған Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан талапкерлер қатысып, сазгердің әндерін орындамақ. Ал 27 мамырда қала күніне орай Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында Орал-Қосай Байсеңгірдің шығармашылық ән кеші өтеді. Қазір кейіпкеріміз аталған ән кешіне қызу дайындалуда. Оған республикамызға белгілі өнер адамдары қатысады.

Ән кеші демекші, кейіпкеріміз әңгіме арасында жуырда өзі туып-өскен Дияр ауылындағы Матайқұм орта мектебіне арнап «Қазыналы шаңырақ» атты ән жазғанын жеткізді. Бұл — сазгердің су жаңа әні. Сондай-ақ сазгер мамыр айында Бақытбек Зейнелов жетекшілік ететін «Достық сазы» фольклорлық ансамблімен Байғанин ауданына гастрольдік сапарға шығады. «Сол кезде өзім оқыған мектебімнің алдында жаңа әнімнің тұсаукесерін жасаймын. Әнімді әлем шырқағанымен, ауылымда Мәдениет үйінің жоқтығы жаныма қатты батады», — дейді кейіпкеріміз.

Осы тұста айта кету керек, Орал-Қосай Байсеңгірдің туған жерге арналған қандай әні болмасын, көз алдыңа қазақтың қаймағы бұзылмаған шағын ауылының көрінісі елестейді. Оның ішінде дастарқан басына жиналған ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар, асық ойнаған кішкентай балалар, асыр салған қозы-лақ, ойнақтаған құлын-тай, т.б. бар.

Бүгінде елімізде фольклорлық жанрда ән жазатын сазгерлер аз. Ал Орал-Қосай Ноғайбайұлының әндері — өз жүрек түкпірінен қайнап шыққан нағыз кіршіксіз мөлдір әуендер мен жыр маржандарынан өрім тапқан шынайы туындылар. Оның әрбір әні жай ғана тыңдай салуға арналмаған, түсіне білген адамның рухани жан әлемін дұрыс жолға бастайтын қасиетімен ерекшеленеді. Бұл туралы фольклортанушы Берік Жүсіпов: «…Біздің Орал ХХI ғасырдың табалдырығында тұрып, ХIХ ғасырдың қазағы сияқты қасіретке шома алатын сиректің қатарында», — деп баға берген болатын.

Міне, кейіпкеріміздің осындай фольклорлық жанрда жазған әдемі әндерін «Астана сазы», «Ақжарма», «Достық сазы», «Арайлы Ақтөбе», т.б. республикамызға танымал түрлі дәрежедегі фольклорлық ансамбльдер өз репертуарларына енгізді.

— «Құлақтан кіріп, бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең, менше сүй» деп Абай атамыз жырлағандай, ән — көңілдің ажары, жан азығы. Сондықтан менің ғұмырым әнмен, өлеңмен тығыз байланысты. Егер менің көкірегіме қандай да бір әуен келсе, көңіл күйім көтеріліп, өз-өзімнен «ұшып» жүремін. Басқаларды естімеймін, тек күндіз-түні ыңылдап, сол әуенді айтып жүремін. Тіпті сөйтіп жүргенде бірнеше ән де дүниеге келуі мүмкін. Жалпы, сазгердің бір күні екіншісіне ұқсамайды ғой, — дейді кейіпкеріміз.

Қазір Орал-Қосай Байсеңгір облыстық халық шығармашылығы орталығында «Ақтөбе әуендері» композиторлар кеңесінің жетекшісі, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның бас редакторы қызметін атқарады. Оның театр, ән өнеріне қосқан үлесі мол. Бүгінде ол — ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Театр Қайраткерлері Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі, ҚР Құрмет грамотасы мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

Отбасында зайыбы Нұргүл Аманғалиқызымен бірге екі ұл, екі қыз өсіріп, тәрбиелеп отыр.

Бүгінде үлкен ұлы Сенім бизнес саласында еңбек етіп жүрсе, Кемеңгері Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітіріп, «Қазақфильм» киностудиясында актер болып қызмет істейді. Үлкен қызы Сезім — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің музыка факультетінің студенті, ал үйдің кенжесі Көзайым №32 мектеп-гимназияның 3-сыныбында оқиды.

Р.S. Әрбір әні тыңдаушы жүрегінен орын алып, қазақ мәдениетіне өзіндік үлес қосып жүрген Орал-Қосай Байсеңгір бүгін ердің жасы — елуге толып отыр. Қашанда елге болсын деп, игі істердің басы-қасында жүретін азамат ажары алдағы күнде де ашық болып жүре бергей!

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button