Сәби аңсаған аналардың үміті
Президент тапсырмасынан соң…
«Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет».
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан.
323 квота бөлінді
Биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асыру аясында біздің облыс тұрғындарына 323 квота бөлініп отыр.
Бұл туралы облыстың бас репродуктологі, медицина ғылымдарының кандидаты Светлана Есенаманова айтты. Оның айтуынша, жасанды ұрықтандыру жолымен сәби сүю үшін квота алғысы келген жұп тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханасына өтініш білдіріп, бедеулік бойынша диспансерлік бақылауға тұруы керек. Толық медициналық зерттеу жүргізілген соң жергілікті емхана үміткер жұпты облыстық перинаталды орталықтағы гинеколог-репродуктологтерге жібереді. Орталықтыңбілікті мамандары квота бөлу жөніндегі облыстық комиссияға баратын отбасына ақыл-кеңестерін айтып, дайындайды.
323 квотаның біріне қол жеткізген ақтөбелік жұп еліміздегі 18 ЭКҰ орталықтың кез келгенін таңдай алады. Олардың бірі біздің Ақтөбе қаласындағы облыстық перинаталды орталықта орналасқан.
— Биыл осы экстракорпоралды ұрықтандыру орталығының өзіне124 квота бөлініп отыр. Бізге тек облыс тұрғындары ғана емес, көрші облыстардан да пациенттер келеді. Биыл — бес жылға арналған «Аңсаған сәби» бағдарламасының үшінші жылы. Осы бағдарламаның арқасында біздің облыста биыл 147 келіншек ана атанып, өмірге 159 сәби келді. Оның оны — егіздер, ал біреуі — үшем. Қазір 70 әйел сәби күтіп жүр, — дейдіоблыстың бас репродуктологі, медицина ғылымдарының кандидаты Светлана Есенаманова.
Биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асыру аясында еліміз бойынша барлығы 7 мың квота бөлініп отыр.
— 2005 жылы облысқа небәрі 5 квота ғана берілді. Оның үстіне экстракорпоралды ұрықтандыру әдісі Астана, Алматы қалаларында ғана жасалып келді. Ал қазір алысқа бармай-ақ өзіміздің өңірімізде де экстракорпоралды ұрықтандыруға жүгіну мүмкіндігі туып отыр.
Тегін квота бәріне бірдей беріле бермейді. Оның өзіндік көрсеткіштері бар. Бедеуліктің өзі ерлер мен әйелдердің денсаулығына қарай бөлінеді. Оған ең алдымен әйелдердің жатыр түтіктерінің өтімсіздігі және эндокриндік факторлар жатады. Мұны анықтау үшін экстракорпоралды ұрықтандыру мамандарына жүгініп, кеңес алуға болады, — дейді Светлана Есенаманова.
Оның айтуынша, квота алғысы келген жұп тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханасына өтініш білдіріп, бедеулік бойынша диспансерлік бақылауға тұруы керек. Алдымен толық зерттеу жүргізіледі. ЭКҰ-ға жүгінетін әйелдің жасы — 42-ге дейін, авариалды резерві жақсы болуға тиіс. Содан кейін ғана қорытынды жасалып, комиссия қарайды.
— Квотаға іліккен адам қалаған орталықтарының бірін таңдай алады. Егер онда орын болса, біз арнайы портал тағайындаймыз. Бұл квоталар тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландырылады. Ал қорға тіркелмеген немесе жарна төлемейтіндер үшін экстракорпоралды ұрықтандыру рәсімі ақылы болмақ. Қазір ақылы экстракорпоралды ұрықтандыруға жүгінушілер де көп. Ол үшін миллион теңгеге жуық қаражат кетеді. Әрине, жасанды ұрықтандырудан кейін адам ағзасында эндрокриндік өзгерістер болады. Түсік тастау немесе ерте босану қаупі бар.
Бұл әдіс бір рет сәтсіз болса, бір жылдан кейін қайта жүгінуге болады.
Бізден үміттеніп келетіндердің көбі «экстракорпоралды ұрықтандырудан кейін балалы болуға кепілдік бар ма» деп сұрайды. Дүниежүзінде ешкім де экстракорпоралды ұрықтандыру арқылы бірден бала болады деген кепілдік бермейді. Мәселен, бір айда жас әйелдің бала көтеру мүмкіндігі — 15-20 пайыз ғана. Сонда жасанды ұрықтандыру әдісінен 100 пайыз кепілдік сұрағанымыз орынсыз, — дейді ол.
Дегенмен де дәрігер экстракорпоралды ұрықтандыру технологиясының қарқынды дамуына байланысты оның нәтижелілігі бұрынғыдан бірнеше есе артқанын айтады.
Бағдарламаның нәтижесінде өмірге үшем келді
Өткен жылы халықаралық балалар күні қарсаңында облыстық перинаталды орталықта үшем дүниеге келді. Қасым, Жомарт, Кемел есімді үш нәрестенің анасы Қарлығаш Жармағанбетова — Ақтөбе қаласының тұрғыны.
Үшемнің анасы — елімізде 2021 басталған «Аңсаған сәби» бағдарламасының қатысушысы. Облыстың бас репродуктологі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Светлана Есенаманованың айтуынша, 2021 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша біздің облыстағы сәби сүйе алмай жүрген әйелдерге — 324, 2022 жылы 322 квота бөлінген. Оның 128-і бойынша Ақтөбедегі экстракорпоралды ұрықтандыру орталығы тиісті жұмыстар атқарды. Ақтөбеліктер үшін сүйінші жаңалық болған бұл қуаныш та — «Аңсаған сәби» бағдарламасының жемісі. Қалған квота иелері өз қалауы бойынша Алматы, Астана қалаларындағы экстракорпоралды ұрықтандыру орталықтарының қызметін пайдаланған.
— Үшемнің анасы квотамен облыстық перинаталды орталық жанындағы экстракорпоралды ұрықтандыру орталығына келді. Тиісті процедуралар жүргізілді. 36 аптадан асқанда жоспарлы ота жасалды. Бұрын осындай жолмен туғандардың 3 пайызы ғана үшемдер болатын, қазіргі таңда бұл жиіледі. Себебі ұрықтың бөліну мүмкіндігіне байланысты кейде монохориалды егіздер, яғни бір плацентада екі бала пайда болады. Бұл жағдайда да солай, — дейді Светлана Есенаманова.
Үшемнің ата-анасы Мират Болатов пен Қарлығаш Жармағанбетованың тұңғышы қыз екен. Жаңа туған ана қыздары жалғыз болмасын деп, біраз емделгендерін, көп жыл бойы нәтиже болмай, сосын «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы квотаға ие болып, гинеколог, репродуктолог мамандардың кеңесіне жүгінгендерін айтты.
— Осы үш балапан бізді бір сәтте көпбалалы отбасына айналдырды. Аллаға шүкір, балалар аман болсын! Енем бойыма бала біткен кезде-ақ: «Баланың атын Кемел деп қоямыз», — деген. Үшем өмірге келген соң, отбасымызбен ақылдасып, біреуіне енем айтқан Кемел есімін беріп, тағы екеуін Қасым, Жомарт болсын деп шештік, — деді Қарлығаш Талғатқызы.
БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ
ЭКҰ кімдерге арналған?
Экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасы терапевтік жолмен емдеуге келмейтін бедеулік диагнозы қойылған әйелдерге арналған. ЭКҰ көмегін отбасылық жұптар да, жеке адамдар да ала алады. Бірақ міндетті түрде қызмет алушы жазбаша келісімін беруі керек. Сондай-ақ ЭКҰ көмегін алатын адам Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге сәйкес келуі қажет, яғни 18-42 жас аралығында болуға тиіс. Ал жатырдың туа біткен ақаулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген онкологиялық аурулар кезінде ЭКҰ жасалмайды.
Жолдаманы кім береді?
Пациент ЭКҰ-ға жолдама алу үшін өзі тіркелген емханаға баруы керек. Ондағы мамандар пациентті бедеулік бойынша диспансерлік есепте тұрғандардың электронды тізіміне қосады. Осыдан кейін бірнеше медициналық тексерулерге жібереді. Бұдан кейін міндетті медициналық сақтандыру қоры бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Бұл жұмыс 12 айдың ішінде жүзеге асады. Егер комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда әйел «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеліп, ЭКҰ-ға дайындалады. Пациент ЭКҰ-ны қай клиникада жасатқысы келетінін өзі таңдай алады.
Жылына бір рет МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасын тегін алуға болады.
Ұрықтандырудан кейін 12-14 күн өткен соң диагностика жүргізіледі. Жиырма бір күннен кейін ультрадыбыстық зерттеу жасалады. Егер пациентте жағымсыз асқынулардың бірі пайда болса, жүктілікке қауіп төндіруі мүмкін. Ал дамып келе жатқан ұрықты азайту операциясы пациенттің жазбаша келісімі бойынша жасалады.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.